» » 2020 жылы медициналық көмек екі түрлі пакет бойынша жүзеге аспақ

2020 жылы медициналық көмек екі түрлі пакет бойынша жүзеге аспақ

   Өңірлік коммуникациялар қызметінде “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Руслан Бектібаевтың қатысуымен брифинг болып өтті. Онда 2020 жылдан бастап медициналық көмекті алу мәселелер сөз болды.
Филиал директорының айтуынша, облыс бойынша бүгінде қормен келісімшарт бекіткен жеткізуші компа­нияларға 23,9 млрд теңге төленген. Биыл МСҚ кепілдендірілген көмек түрлерін көрсетуге ниет білдірген медицина ұйымдарымен 42,4 млрд теңгенің келісімшарты бекітілген екен. Бұл өткен жылы бөлінген қаржыдан 8,5 процентке артық.
– Қазіргі күні кестеге сай жұмыс жүргізілуде. Бөлінген қаражат медицина мекемелерінің операциялық шығындарын өтеуге толық жеткілікті. Осы жылы мемлекеттік тапсырысты орындауға 74 медицина ұйымы атсалысып жатыр. Оның  44-і жеке меншік клиника. Бір айта кетерлігі, мемлекеттік тапсырыс аясында мемлекеттік көмек көрсетуге дайын жеке медициналық ұйымдардың саны бойынша біздің аймақ көшбасшылар қатарында, – деді Р.Бектібаев.
2020-2022 жылдарға арналған бюджет жобасында 2020 жылы медициналық көмекке жұмсалатын қаржы 1 трлн 620 млрд теңгені құрауда. Оның 967,7 млрд теңгесі тегін медициналық көмекке жұмсалатын болса, 652,8 млрд теңгесі сақтандыру  пакеті бойынша көрсетілетін қызметтерге арналған.
Жиын барысында Руслан Фаризун­ұлы қаражаттың қандай салаға пайдала­ны­латындығын да тілге тиек етті. Мәсе­лен, ең алдымен қосымша қаражат бас­тапқы медициналық-санитарлық кө­мек, емханалық-амбулаторлық көмек сала­сын­дағы жан басына шаққандағы норматив пен жедел жәрдем секілді профи­лактикалық шараларды кү­шей­туге бағыт­талмақ. Осы ретте консультативтік-диагностикалық қыз­меттерге бөлінетін қаржы 5 есеге артатын болады. Екіншіден, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын күшейтуге жұмсалады. Оның ішінде стационарлық және стационарды алмастыратын көмекті, соның негізінде жоғары технологиялы қызметтерді қаржы­ландыру деңгейі 25 процентке өседі. Ал, сақтандырылған азаматтарды оңалту мен қалпына келтіруге бағытталған емдік шараларға бөлінетін қаражат 2,5 процентке артады. Сондай-ақ, медицина қыз­меткерлерінің жал­ақысын өсіру мақ­сатында тарифтерді көтеру де осы қаражат есебінен қаралады.
Ең маңыздысы 2020 жылдан бастап медициналық көмек екі түрлі пакет бойынша көрсетіле бастайды. Біріншісі – ке­пілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті. Бұл ең минималды стандарттан тұрады. Оған дәрігерлік көмекті қажет ететін шұғыл жағдайларда көмек көрсету, жедел жәрдем, санитарлық авиа­ция, бір­қатар созылмалы ауруларды дина­микалық бақылау, шұғыл жағдайда стационарда емдеу қызметтері кіреді. Мұны барлық азаматтар пайдалана алады. Жұқпалы емес аурулар мен қоршаған ортаға қауіп төндіретін жұқпалы аурулар да осы тәртіп бойынша емделеді. Көмектің екінші деңгейі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті. Бағасы қымбат болып келетін операциялар, сирек медициналық қызмет түрлері, салалық мамандардың қабылдауы сынды қызметтер кіретін МӘМС пакетін тек сақтандырылғандар пайдалана алады. Бұл пакетке табысы орташа азаматтардың қалтасы көтере бермейтін МРТ, компьютерлік томография, ПЦР-анализ секілді нағыз қажетті қызметтер де енгізілген. Сондай-ақ, кепілдендірілген тегін көмек пакетіне енбеген сырқаттарға шалдыққан жағ­дайда стационарды алмастыратын көмек пен жоспарлы стационарлық көмек те МӘМС пакеті шеңберінде көрсетіледі.
Ал, жедел жәрдем, шұғыл көмек, әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, емханадағы бастапқы санитарлық-медициналық көмек, дәрі-дәрмекпен қамту, паллиативтік көмек қызметтері бұрынғыша тегін көрсетіле бермек.
– Жалпы, бір қызмет тегін пакет аясында да, МӘМС пакеті бойынша да көр­сетіле беруі мүмкін. Ол пациенттің жағ­дайына байланысты реттеледі. Мысалы, егер пациент шұғыл көмекті қажет ететін болса, көмек мемлекеттік тапсырыс есебінен, ал, жос­парлы болса, МӘМС арқылы көрсетіледі. Осының ара жігін ажырата білген жөн, – деді  “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Руслан Бектібаев.
Айта кету керек, тегін медициналық көмек ең алдымен Қазақстан азаматтарына, оралмандар мен елімізде тұрақты тұратын шетел азаматтарына көрсетіледі. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар аурулар мен динамикалық бақылауға жататын сырқаттар да тегін емделеді. Ал, елімізде уақытша тұрақтаған шетелдіктер бұл көмекті пайдалана алмайды.
15 шілде 2019 ж. 501 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031