Табиғатқа қамқорлық
Жер бетіндегі бүкіл дүние бір-бірімен астасып, өзара байланысып жатыр. Адам, жануар тіпті заттар да. Бірақ соңғы 15 жылдықта жануарлардың шектен тыс жойылуы қоршаған ортадағы тепе-теңдіктің бұзылуына әкеп соғуда. Әлемдік сараптамаларға сүйенсек, соңғы жылдары қызыл кітапқа енген жануарлардың саны үлкен жылдамдықпен өсе түскен. Басқаны былай қойғанда, біздің елде де мергеннің мылтығынан мерт болған жануарлар саны жиілеуде. Осындай жайсыздықтардың алдын алу үшін елімізде арнайы заң қарастырылған. Яғни Қазақстанда сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарларды пайдалануға тыйым салынады.
Қоршаған ортаға қатігездік танытқандар қылмысына қарай түрлі жазаға тартылатыны туралы заңда толықтай жазылған. Онда аңдардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз алу, иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, салып жіберу, тасымалдау немесе жою, сол сияқты олардың мекендейтін жерлерін жою – үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, сол мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін барып, заңды түрде жазаланады. Жалпы аңдардың төлдейтін уақытына орай мемлекет белгілі бір уақыт аралығында аң аулауға тыйым салады. Әйткенмен оған бойұсынып жатқандардың қарасы аз. Тығылып, қашып жүріп болса да қанжығасын майлап кетуге жанын салып бағады мылтық асынғандар. Айласын асырып, аң аулағанмен артында тұрған заңды да қаперден шығармау керек. 337 бабында заңсыз аңшылық туралы тайға таңба басқандай анық жазылған.
Аң аулау кезінде жарылғыш құрылғыларды немесе жануарларды жаппай қырып-жоятын өзге де құралдарды қолдануға болмайды. Сол сияқты авиа, авто, мотокөлік құралдарын, оның ішінде қарда жүретін техниканы не шағын көлемді кемелерді қолданып заңсыз аң аулауда жауапқа тартылады. Жазаның да түрі жеңіл еммес лауазымды қызметті атқару мүмкіндігінен айыру, айыппұл салу, екі жүз қырық сағатқа дейінгі мерзімге қамаққа алу. Заң бұзушылық себеп салдарына қарай берілетін жаза да ауырлай түседі. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерін екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы жазылған.
Қоршаған ортаға зиян тигізетін де, айналаны қорғайтын да, керісінше оны көріктендіретін де – адамдар. Шындығында, «нашар экология» деген сөз тіркесі қазір қалыпты сөз қолданысына айналып келеді және бұл тіркеске ешкім таң қалмайтын да, селт етпейтін де болған. Бүкіл дүниеде болғанындай, өлкемізде де, әсіресе үлкен қалаларда, қоршаған ортадағы ең үлкен проблема – қоқыс, ағаштардың кесілуі, ауаның, өзендердің ластануы десек артық айтқандық емес. Міне, осы жағдайдың алдын алу үшін барлығымыз білек сыбана атсалысуымыз керек.
А.БЕРДІБАЙҰЛЫ