«Қызыл кітапты» қайдан оқимыз?
Қызыл кітапқа сирек кездесетін, жылдан жылға азайып немесе жойылып бара жатқан және қорғауды қажет ететін жануарлар мен өсімдіктердің түрі тіркелетіні баршаға аян. Дегенмен осы кітапты қолға ұстап, парақтап көрдіңіз бе? Жоқ. Өйткені бұл кітаптың тиражы өте аз. Есесіне жыл санап көлемі қалыңдауда.
Қызыл кітап алғаш рет 1966 жылы ІІ том болып шыққан. Оның І томында сүтқоректілердің 211 түрі, ІІ томына құстардың 312 түрі туралы дерек жазылды. Екінші басылымы 1972 жылы жарияланып, 1978-80 жылдары V том болып шықты. «Қызыл кітапты» ағылшын эколог-орнитолог Питер Скотт ойлап тапқан. Содан бері халықаралық «Қызыл кітап» толықтырылып, бірнеше рет қайта басылған. Кейіннен әр ел өзінің «Қызыл кітабын» шығара бастады. Мәселен, Ресей сияқты жер көлемі үлкен мемлекеттер құрамындағы әр аумақтық бөлініске қатысты дербес «Қызыл кітап» шығаруды дағдыға айналдырған. Ерекше айта кететін мәселе, қай жылы, қай мемлекетте, қай тілде, қандай көлеммен шықса да, «Қызыл кітап» атаулының бір-ақ басты мақсаты – жойылып кету қаупі төнген өсімдіr пен жан-жануардың тұқымын сақтау. Мұндай қауіп-қатер негізінен табиғи апаттан немесе адамның ашкөздігі мен адам қолымен жасалатын техногендік үрдіс әсерінен туындауда. Ал бұл кітаптың таралымының аз екенін қалай түсінуге болады? Осыдан «Қызыл кітаптың» өзі «Қызыл кітапқа» енетіндей қорқыныш сезіледі. Негізі бұл кітап әр мекеме, әр үйде тұрса өскелең ұрпақ табиғатқа жанашырлық етер еді немесе рухани жаңғыру бағдарламасы аясында «100 оқулық» жобасына енгізсе де артық етпейді.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА