АХМАДИДЫҢ АРМАНЫ
14 жасар Ахмади Ержановқа әлемнің назары ауды. Сингапурде өткен италияндық «Ювентус» пен ағылшындық «Тоттенхэм» арасындағы жолдастық кездесуде туриндік команданың қосалқы құрамының футболшылары отыратын жерде қазақ баласы Криштиану Роналдумен бірге матчты тамашалады.
Ахмади күзетшілерден айналып өтіп, алаңға жүгіріп шығып, өзінің сүйікті футболшысы Роналдумен әңгімелескен көрінісі әлеуметтік желіде тарап, әлем назарын өзіне аударды. Португалиялық футболшы қазақ баласына матчты аяғына дейін бізбен бірге көр деп ұсыныс жасаған да көрінеді. Дегенмен Ахмадидың әкесі бірнеше рет алаяқтарға алданып, ұлын кумирімен жолықтырғысы келсе де, ешқандай ретін таппағанынын айтады.
– Өмірде адамның ойлағаны бола бермейді. Бірақ үмітті үзбей сәтсіздіктің өзін Алланың қалауымен кері айналдыруға болады. Баламның туған күніне «Ювентустың» жазғы лагеріне сыйлаған жолдамам алаяқтардың өтірігі болып шықты. Баламның көңіл-күйін аулау үшін «Ювентус» – «Тоттенхэм» ойынына Сингапурға аттандық. Ахмадиды Криштиану Роналдумен жолықтыру үшін Мәскеудегі агенттіктер арқылы қанша тырыссам да, жолықтыру мүмкін болмады. Бірақ ойын барысында балам алаңға секіріп шығып, алаңның қақ ортасымен кесіп өтіп, өзінің армандаған футболшысына барып сөйлесудің, суретке түсудің сәті түсті. Армандар орындалады, - деді Ахмадидың әкесі.
Бұл оқиға жайлы «Ювентус» футбол клубының бас бапкері Маурицио Сарри де өз пікірін білдірді.
– Алаңның ортасына жүгіріп шыққан жас баланы көрдім. Роналдумен суретке түскісі келгенін бірден түсіндім. Қазір күзетшілер алып кететін шығар деп алаңдадым, сол үшін өзіме шақырып, Криштиануға қарай жібердім. Алаңға жас баланың жүгіріп шығуында тұрған ештеңе жоқ, керісінше, мен үшін қуаныш, - деді Сарри.