Қазақстандағы көлік өндірісі жайлы не білеміз?
Көлік жайлы сөз қозғала қалса, есімізге әлемге танымал брендтер еске түседі. «Ford» «Mersedes-Benz» «Tоyota» «BWB» тағысын тағы. Бұлардың барлығы дамыған елдерде шығарылады. Олардың шығарған өнімдері де сұранысқа ие. Себебі технологиясы дамыған елден сапалы дүние шығары анық. Қалған мемлекеттер осы көліктердің бөлшектерін алып, құрастырып шығады. Көшіріп басады. Біздің елде де дәл осы әдіс. Көпшілік көлікті көршілес Ресей мен өзбек ағайыннан әкелетіндіктен бізде көлік құрастырылатынынан хабарсыз. Алайда Қазақстанда да көлік құрастыратын "АЗИЯ АВТО" атты акционерлік қоғам жұмыс істейді. Ол 2002 жылдың 20 желтоқсанында құрылған. Бас кәсіпорын – автоқұрастыру зауыты Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында орналасқан. Еліміздің барлық ірі қалаларында кәсіпорын филиалдары бар. Кәсіпорынның мақсаты республикада бәсекелестікке төзімді және Қазақстан халқы мен таяу елдердің бір бөлігінің мұқтаждығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін автомобиль өндірісін құрастыру еді. Олар жылдар бойғы тәжірибеден кейін ойлағандарын іске асыра алды. Мұнымен қоса олардың стратегиясы кезең-кезеңмен автомобиль кластерін қалыптастыру болатын. Автоқұрастыру зауытын құрып, онда бояу және дәнекерлеу өндірісін ашу, сату желілерін және сервистік қызмет көрсетуді дамыту идеясын табысты жүзеге асырған. 17 жылдық тарихында мыңдаған көліктерді құрастырып шыққан кәсіпорын бүгінде өнімдерін Қырғызстан, Өзбекстан секілді елдерге экспортқа да шығарып үлгерген. Оның ішінде «Niva», «Ravon Nexia» «Lada Priora» «KIA Quoris» «Chevrolet» сында әлемдік брендтердің көшірмелері бар. Зауыттың қалыптасуы республикадағы өзара байланысты автобөлік өндірісін, аккумлятор, шина, әйнек, электротехника, метиз және т.б. сияқты дүниелер мен қосалқы бөлшектер өндірісін дамытуға үлкен үлес қосты. Бүгінде темір тұлпар тізгіндегендер шетелдің емес, өзімізден шыққан осынау өнімдерді жиі қолданады. Сапалы әрі шыдамды етіп жасағандықтан жүргізушінің қалтасынан шығарған шығыны еселеп қайтады-мыс. Кәсіпорын алғаш құрылған сәтте зауыт тек қана автомобиль құрастыру қызметімен айналысқан. Өзінің жылдам дамуының арқасында кәсіпорын үш жылға да жетпей сәндік әрлеу түрлерін, есілген электр сымдарын шығаруды игеріп, еліміздің барлық аймақтарында сату бойынша филиалдарын ашты. Зауыт қазіргі таңда сигнализация, электрлі әйнек көтергіштер, парктроник (тар жерде автомобильді тұраққа қоюға көмектесетін электрондық құрылғы), аудиокомпоненттер сияқты автомобиль жиынтықтарын құрастыруда. Бұл жоғарыда айтқандай адамдардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ғана емес, Кедендік Одақ елдерінің сыртқы нарығында сатуға қолайлы болу үшін жасалған. Кәсіпорын мұнымен қоса автомобильдерге тюнинг дайындаумен де айналысады. Тұтынушылардың айтуына қарағанда олар қазақстандықтар жиі мінетін «Ниваның» сырт бейнесін де жақсы өзгертіп, бұрынғыдан анағұрлым шыдамды әрі жылдам жүретін көлікке айналдырған. Айта кетейік, соңғы 5 жылда кәсіпорында сериялық өндіріс жолға қойылған. |
А.БЕРДІБАЙҰЛЫ