» » СЕНІҢ ҚОЛЫҢНАН БӘРІ КЕЛЕДІ

СЕНІҢ ҚОЛЫҢНАН БӘРІ КЕЛЕДІ

  Тоқтар ӘЛІМБЕКОВ, «Chaplin,s» компаниялар желісінің негізін салушы кәсіпкер,  U:projects әлеуметтік жобасының авторы:

‒ Тоқтар, бала кезде ұйықтар алдында нені армандаушы едіңіз?
‒ Шымкент қаласында өскендіктен кішкене қазақы ырымға жақын,  патриот болып ер жеттім. Бала арманымның арасында Америкаға барсам деген мақсат болған емес, керісінше туған жерімде бақытты отбасын құрып, дамыған елде нағыз тұлға болып қалыптасуды ойлайтын едім. Оның ішінде қаржылық тұрғыдан еркін өмір сүріп, ата-анама қуаныш сыйлау арманымның ең үлкені  болатын.


 ‒ KIMEP-тен көңілі қалған Тоқтарды АҚШ-қа аяқ басқанда қандай өзгерістер қарсы алды?
‒  Мен Шымкенттегі қазақ-түрік лицейінде білім алдым. 10 сынып оқып жүргенімде KIMEP университеті грант ұсынып, оқуға шақырды. Алайда оқу орнындағы білімім небәрі үш айға жалғасты, себебі олар маған толық грант бере алмайтынын, оқу ақысын 50 пайыз жеңілдікпен ғана төлейтінін айтты. Мен мектепті «Алтын белгімен» бітіре тұра, ата-анамның қаржысымен оқығым келмеді. Сол үшін ата-анамды оқудан шығып, Америкаға кетуге көндірдім. АҚШ-қа келген соң жарты жыл бойы ЖОО-ға түсуге дайындалдым. Құжат тапсыра келе 10 университеттен шақырту алдым. Солай өзге елге алғаш рет 18 жасымда аяқ бастым. Бастапқыда жасы кіші Тоқтарға көп нәрсе қиын болып көрінді. Бір елге ұзақ уақытқа барған кезде оған жаңаша көзқараспен қарайсың ғой, оның ішінде сол ұлттың мәдениеті маңызды рөл атқарады. Әрине бастапқыда ортаға үйрену қиын еді, университетте 30 мың студенттің ішінде жалғыз қазақ болдым. Елдегі соңғы бес жылда достарыммен түрлі ұйымда бірге  жүріп үйренген  мен  Америкада жалғыздықты сезіндім. Мүмкін ол жақсы мүмкіндік шығар, себебі сол уақытта тек сабаққа көңіл бөлдім. Үйімді,  туған жерімді сағынғаным соншалық, қазіргі кезде қоғам үшін түрлі пайдалы жобаларды қолға алуымның бір себебі осы шығар деп ойлаймын.
 ‒ 100 күн ішінде ашылған «Chaplin,s Barbershop» үшін жасалған алғашқы қадам жайлы айтып беріңізші? Сіз бұл жүйені қалай таңдадыңыз?
Америкадағы оқуымды 2016 жылы бітіріп елге келген соң, шілде айында жұмысымызды бастадық.Алғашында «Barbershop» емес, басқа жоба құру ойымда болды. Өзіңіз білетіндей, мен кәсіпкерлік саласы бойынша білім алдым, сол үшін алдымен қаланың бизнес потенциялына талдау жүргіздім. Сол кезде «100 күн ішінде 3 млн теңгемен кәсібімді ашамын» деп мақсат қойдым. Одан бөлек небәрі 3 айда ашылған жоба нәтижесін екі жылдан кейін жастармен бөлісіп, тәжірибемен көрсетсем деген ниет болды. Кәсіп ашудағы бірінші қадамым модель таңдаудан басталды.
Қоғамға пайдалы әлеуметтік жобаны қолға алу үшін бірінші бизнестен бастау керек, өйткені қаржылай қолдау бәрінен маңызды. Қолдау әкімдік тарапынан болуы мүмкін, бірақ бізде ол жүйе жұмыс істемейді немесе сырттан келетін инвестор, мысалы америкалықтар. Бірақ бізде олардың да көмегі қабылданбайды. Сондықтан оңтүстік өңірге ең керегі жай ғана кәсіп ашу деп ойладым. Ал оған қолдау көрсететін кәсіпкерлер әлі де жоқтың қасы. Өзім бастамасам, ешкім жасамайтынын түсініп, осындай жүйе құрдық. 
‒ Сіздің кәсібіңіз Чарлин Чаплиннің есімімен тығыз байланысты. Тарихи тұлғаның философиясы жайында жақсы білесіз бе?
Бұл кісінің өмір тарихын Америкада жүріп терең зерттедім, мен оны  тек актер ретінде қабылдаудан аулақпын. Ол ‒ философ және елге жанашыр тұлға. Чарли өз дәуірінде болған мәселені еңбегі арқылы елге көрсете білді. Чарли әлеміне ену мені үлкен ойға жетеледі: «біздің қоғамда да мәселе жеткілікті ғой, соларды қалай шешеміз? Ол тек әкімнің қолында емес, халыққа да қатысты емес пе?!». Ойлана келе мәселені кәсіп арқылы шешудің жолын іздей бастадым. Чарли қоғамды киномен түзесе, мен кәсіппен қалпына келтірмекші болдым. Чарлидің ең алғашқы «Великий диктатор» киносында Гитлерді әжуалап көрсетеді, байқасаңыз сол туындыда Чарли ең алғашқы қызметін шаштараз болып бастайды. Міне, сол шаштараздың көшірмесін мен Шымкенттен аштым. Бірақ жуырда біздің компанияның атауы өзгереді, алайда логотип сол күйінде қалады. Біз Чарли атымен бүкіл жастың назарын өзімізге аудардық, енді компания атауын халқымыздың дара тұлғасы Мұстафа Шоқайдың есімімен атамақшымыз. Екі тұлға да бір жылы дүниеге келген, екеуінің тарихи жолы да ұқсас. Біз осылай елімізде жаңа тренд қалыптастырмақшымыз.
  Менің көзқарасым бойынша бізге тарихи тұлғалар еңбегін әлі күнге дейін дұрыс түсіндірмейді. Өзіңіз де білесіз, тарихи кітапта тұлғалардың үнемі ескі суреті тұрады. Оны жастар оқыған кезде «елге қызмет етуге әлі ерте, бүгінгі күнмен өмір сүру керек» деген ой қалыптасады. Бірақ ол кісілер ел үшін атқарған қызметінің 80 пайызын 30 жасына дейін жасаған. Мысалы, Шәмші Қалдаяқов 26 жасында Әнұранды жазды, Мұстафа Шоқай 27 жасында  мемлекет құрды, сол сияқты бізде мыңдаған үлгілер бар. Міне, осы идея маған ерекше ұнады және оны замандастарымызға түсіндірейік деп шештік. Оның қаншалықты нәтижелі болатыны өзімізге де қызық. Жалпы жастардың санасын өзгертуге 10 жыл емес, небәрі 3 жыл уақыт жеткілікті.
‒ Білуімізше «U:projects» 17 әлеуметтік жобадан тұрады. Мұнда қоғам мәселесін шешуді көздейтін барлық бағыт қамтылған ғой. Солай емес пе?
‒ Иә, екі жылдың ішінде біз жеті бағыттан  тұратын (U:create, U:talk, U:travel, U:help, U:connect, U:patrol, U:prosper)  17 жобаны жазып шықтық. Бұл ‒ әлеуметтік ақысыз жоба. Қазір оның 7-8-і ғана жұмыс істеуде, бәрін бірдей қолға алуға қаржы жетпейді. Алайда біз оларды асықпай, кезекпен жүзеге асырамыз және ол барлық облысқа тарайтын болады.
Айта кетейін, біздің логотипте үш нүкте бейнеленген. Бұл үш нүкте посткеңістік елдерде «сенімсіздік үшбұрышы» деп аталады. Онда мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы байланыс суреттелген. Алайда үш институт осы кезге дейін бірге жұмыс істеген емес, біз олардың алдағы уақытта бірігуін қалаймыз. Сонда ғана мемлекет жаңа бағытта дамитын болады.   
 ‒ Команда құрамы қалай жасақталды? Бизнес саласында бәсекелестеріңіз көп пе?
‒ Қазір командада 27-ге жуық қызметкер бар, мен оларды серіктестер деп атаймын. Бізде жарты жыл сайын жаңа тағайындау болады. Қызметкерді сұқбаттасу арқылы іріктеп аламыз. Жалпы командаға қосылғысы келетін қызығушылар өте көп. Қазір бәрі қарқынды дамып жатыр, соған орай бәсекелестік те жоғары. Бірақ біз бәсекелестікке басқаша көзқараспен қараймыз. Командаға қосылған әрбір қызметкерге бәсекелеске қуана қараумен қатар, оның дамудағы жаңа мүмкіндік екенін үйретеміз.
‒ Қазір жастарға жан жақты қолдау бар. Отбасында ата-ана қалағанын әпереді, престижді мамандыққа оқуға түсіреді. Оны бітірген соң мемлекет жұмыс, баспана тауып беру керек. Осы қолдауды біржақты қарап отырған  жоқпыз ба? Көп бақылаудан, оларды жетектегеннен өзі шешім қабылдай алмайтын, «мен мемлекетке емес, мемлекет маған беру керек» дейтін жастар көбеймей ме?
‒ Бұл сауалға екі түрлі пікірмен жауап беруге болады. Бір тараптан қарағанда жастар жалқау, олар жұмыс істегенге қарағанда сұрағанды жөн көреді. Осы кезге дейін мен көп елдерде болдым. Ол жақта жастар арасында бәсекелестік деңгейі жоғары. Соған қарап «біз өзімізді аямау керекпіз» дейміз. U:projects- тің де мағынасы осы ойды білдіреді, аудармасы «you сен» яғни «сенің қолыңнан бәрі келеді, мүмкіндігің шексіз» дегенге саяды.
Екінші көзқарас, өзіңіз айтқандай мемлекет барлық жағдайды жасауда. Айталық, қазір жастарға көп мөлшерде несие берілуде, бірақ экономика оған сай емес.  Мәселен, бір жас кәсіпкер көлік сататын дүкен ашты делік, алайда оған біздің нарық әлі дайын емес. Біздегі жас кәсіпкер Америкаға қарағанда екі есе көп жұмыс істеу керек. Өнімді ұсынумен қатар, оны халық сатып ала алатындай жағдай жасау қажет. Бұл ‒ өте күрделі жұмыс, білімді болмаса екі жастың бірінің қолынан келмейді. Сол үшін көп жас кәсіп ашып, бір жылдан соң жобасын аяқтайды. Бұл ‒ мемлекеттің кінәсі. Нарық талабына сай экономикамызды дамытпасақ, қандай көмек көрсетілсе де оның пайдасы теңізге тамған тамшы тәрізді ғана болады. Айта кетейін, жастарға арналған білім жүйесіне де өзгеріс енгізу қажет.    
‒ BRIF Research Group агенттігінің сарапшылары Қазақстанның  7 қаласында  14-30 жас аралығындағы жастарға сауалнама жүргізіпті. Сұралғандардың 41 пайызы Қазақстаннан кеткісі келеді. Осындай көзқарастағы жастар турасында не айтасыз?
Мен бұл сұраққа көптен бері зерттеу жүргізудемін.2018 жылы 30 мыңға жуық жас шетелге кетіп қалды. Ал осы жылы бұл көрсеткіш 40 мыңға өскен. Бұл ‒ өзге елдерде сирек кездесетін күрделі мәселе. Басты себеп елдегі білім жүйесі мен экономикаға тығыз байланысты. Жастар көбіне шетелге қомақты табыс табу үшін  аттанады, мен оларды жақсы түсінемін. Себебі өзімнің де ең жақын досым отбасымен бірге АҚШ-қа қоныс аударды. Осы орайда U:projects- тің бір мақсатын атап өтуге болады. Жастардың сыртқа кетуін тоқтату үшін бізге қызықты, жаңа мүмкіндік беретін экосистема керек. Жалпы билік, қоғам, бизнесті үш сектор деп қарастырсақ, билік тек қоғамды қолдамай, бизнес арқылы  жастарға мүмкіндік беру керек. Сол кезде ғана жастарда болашаққа деген сенім пайда болады. Біз осы тарапта жұмыс істеп жатырмыз, жаймендеп жастардың санасы өзгеруде. Олар енді шетелге кетуден гөрі Шымкентті дамытуға үлес қосуды артық санайды.   
‒ Қалай ойлайсыз, жастар үшін басты идеология қандай болу қажет? Жастарға жөн сілтеуде ең алдымен не маңызды?
‒ Қызық сұрақ. Бұл да біздің жобамыздың бір тарауы. Қазіргі жағдайда мемлекет идеологиясының негізі деп «Рухани жаңғыру»
бағдарламасын айтамыз, Жастар жылының да орны ерекше. Керемет жобаның үлгісі Оңтүстік Корея мен  Сингапур  мемлекетінен алынған. Осы орайда менде үлкен өкініш бар, себебі аталған жобалардың орындалу барысы тек құжат барысында ғана шынайы. Ал U:projects-тің басты идеологиясы еркіндікке негізделген. Біріншіден біз заманауи бағытта жүруіміз керек. Екіншіден, идеология тарихпен тығыз байланысты болу қажет. Білесіздер, Сингапурдың  мақтанатын тарихы жоқ, мен оны сол жақта жарты жыл тұрған уақытта байқадым. Сондағы елдің тарихы бар болғаны  алпыс жыл. Олар тарихты егін шаруашылығы және басқа да оқиғалар арқылы түсіндіреді, сонымен-ақ олар еңбекқорлықты насихаттап, идеологияны қалыптастырып отыр. Біздің тарихта мыңдаған дара тұлғаларымыз бар, ал Алашорданың өзге елде баламасы жоқ. Біз соны дұрыс насихаттай алмай отырмыз. Осы олқылықты сәл де болса түзеу үшін Алашорда интеллигенциясы тәрізді орта құрдық. Жобаны алдымен Шымкентте бастадық, одан кейін Атырау қаласына таныстырдық. Алдағы уақытта осы жобаны барлық облыстағы зиялы жастардың ортасына таратсақ деген ой бар. Солай жаңа дәуірге жаңа көзқараспен қадам басамыз. Әрбір он жыл сайын қоғамда жаңа  бір буын қалыптасады.  Жаңа толқынның өз мақсаты бар. Осы он жылдыққа керек нәрсе бұрынғы тарих көрсеткен тәжірибені бүгінгі күнмен ұштастыру деп ойлаймын. 
‒ Әдетте өз елімізді дамыған мемлекеттермен салыстырып, әлдеқайда артта қалып келе жатқанымызды жиі айтамыз. Алайда қазақ елінен әлем жұртшылығының да үйренетін үлгілі тұсы бар болар... Қалай ойлайсыз?
Иә, мемлекеттің жағдайынкөп жағдайда санмен салыстырады. Мысалы, елімізде 18 миллион халықты табыс көлеміне бөліп, нәтижесінде 50 дамыған мемлекеттің қатарына қосады. Бұл рас дүние, бірақ бізде әлі экосистема, бәсекелестік дамымаған. Сол тарапта көп адам «50 дамыған мемлекеттің қатарына қалай ендік?» деп күмәнданады. Біздің елде бай мен кедейдің, білімді мен наданның арасы едәуір алшақ. Көптеген дамыған мемлекетті алып қарасаңыз, ортаңғы буын толығымен қалыптасқан. Мысалы, Америка халқының 70 пайызы орташа деңгейде өмір сүреді. Сондықтан олар ел болашағына сенеді. Меніңше, біздің елде де орташа деңгейде өмір сүретін халық санын көбейту керек. Қазақтың басты артықшылығы тарихы мен тәрбиесі деп ойлаймын. Америка қанша дамығанмен бүгінде олар адами құндылықтан айырылып, рухани құлдырауда. Бұл ‒ күрделі мәселе. Ал біздегі адамгершілік, бауырмал қасиет келешекте де  жоғалмаса, дамыған мемлекеттің көшін бастайтынымыз анық.
‒ Бір сұхбатыңызда жастарды үш топқа бөліп қарастырыпсыз. 70 пайыз қазақ тілді жастарды жоғары білімділердің қатарына қосу үшін неден бастау керек? Біздегі басты кедергі тек дұрыс қаржыландырмауға байланысты ма?
‒ Бұл ‒ біздің Шымкентте жүргізген кішігірім талдаудың қорытындысы. Қоғамның 20 пайызын зиялы жастар құраса, 70 пайызын білімге ынтасы жоқ жастар деп қарастыруға болады. Біз бұл мәселені қалай шешеміз? Басты қиындық дұрыс қаржыландырмауда емес, өйткені мемлекет жастар үшін мыңдаған грант беріп жатыр. 70 пайызды құрайтын жастарды дамытудың дұрыс стратегиясы 20 пайыз зиялы жастың қолында. Егер белсенді жастар өз саласында үздік, үлгілі болса қалғандары соған ереді деген сенімдеміз.
‒ «Жаңа челлендж: Гарвардқа оқуға түскен бірінші шымкенттікке Chaplin’s Barbershop-тан үлес беремін!» деп бейнеүндеу жариялайтыныңызды айтқан едіңіз бір сұқбатыңызда. Жаңа ой жастарды ынталандыра алды ма?
‒ Иә, бұл идеяны осыдан бір жарым жыл бұрын ұсынған едім. Біріншіден, осы арқылы жастардың білім алуға деген ынтасын арттырмақшымыз. Челлендждің реакциясы әлі күнге қарқынды, көптеген жас бағымды сынаймын деп қатысуға ниет білдіруде. Олар шыныменде қазір дайындалып жатыр. Әрі мұны шымкенттік жастардың  өзге қаладағы замандастардан кем емесін дәлелдейтін мүмкіндік деп есептеймін. Екіншіден, менен «не үшін компаниядан үлес бересің, саған пайдасы қанша?»  деп сұраушылар көп. Мен Гарвардқа оқуға түскен студенттің білімін жетілдіруге көмектесіп, кейін жаныма серіктес еткім келеді. Әрине бізден берілетін үлес Америкада миллиондаған қаржы болып есептелмейді, бірақ тамақтануға, кітап алуға жетеді. Мұндай көмек студент үшін үлкен мүмкіндік деп есептеймін.
‒ Жақсы кітап адам ойымен қатар өмірін өзгерте алады. Өзіңізге айрықша әсер еткен 3 кітапты атап өтіңізші...
‒ Жақсы кітаптың саны көп қой, сол үшін үш бағытта ерекше әсер еткен басылымға тоқталайын. Психология саласы бойынша ойымды өзгерткен  Сьюзан Кейннің «Интроверты» кітабы болды. Бала күнімнен тыныштықты қалайтын мен үшін бұл комплексті осы кітап арқылы шешіп, сенімділікке ие болдым.  Ал көркем әдебиет бойынша орыс жазушысы Иван Тургеневтің «Отцы и дети» кітабы екі буынның арасындағы түсінбеушілікті баяндайды, бұл менің кәсіпкер ретінде қалыптасуыма әсер етті. Ал үшінші кітап ретінде бизнес саласы бойынша ағылшын тілінде жазылған Rework кітабын айтуға болады. Онда кәсіпкерлікті жүргізу жолын жеңіл тілмен жеткізеді. 
‒ Жаңадан не үйренгіңіз келеді? Сіз үшін 24 сағаттың қайсысы қымбаттырақ?
‒ Үйренгім келетін дүние өте көп, тіпті оған арнайы тізім жасап қойғанмын. Бірақ көбіне уақыт тым аз. Мысалы, тіл меңгеріп, халық алдында ақпаратты  дұрыс жеткізуді үйренгім келеді. Менің бір өкінетін тұсым, Америкаға барғанда Шымкенттегі білім деңгейінің өте нашар екенін түсіндім, ал Америкадан Сингапурға жіберген сәтте америкалықтардың білімі біз ойлағандай жақсы емесін түсіндім. Осыны сезінген сәтте ызаланып, қоғамдағы жүйені өзгертуге бар күшіңді саласың.
Мен негізі түнгі мезгілде жұмыс істегенді жөн көремін, себебі бұл уақытта сені ешкім мазаламайды, осы кезді өзіме көңіл бөліп, жаңа
идеялармен жұмыс істеуге берілген қымбат уақыт деп есептеймін. Бірақ әрине әрбір сағаттың маңызды жоспары бар.  
‒ Сізден сұқбат алатынымды естіген «Зерен» лагерінің қатысушысы мынадай сауал жолдапты: «Қыз балаға кәсіп ашып, бизнеске жіті көңіл бөлу қаншалықты дұрыс?»
‒ Жалпы қыз баланың кәсіпке бет бұруын толықтай қолдаймын. Мұны заман талабы деп түсінуге болады, қазір бұрынғыдай шеңбер ішінде өмір сүруге қарағанда жаңа жобамен танылған дұрыс.Себебі оның да қоғамға пайдалы тұсы бар. 
‒ Енді қыркүйек айында Қызылорда қаласында өтетін жаңа жоба жайында толығырақ айтып берсеңіз...
‒ U:projectе-те U-hack атты жаңа жоба бар, ол жылына екі рет қана ұйымдастырылады. Біріншісі Шымкентте ақпан айында өтті, ол жерде мыңнан аса жастың басын қостық. Ал осыдан бір апта бұрын осы жоба Атырау қаласында өткізілді, бұл жерде де шара өте жақсы нәтиже көрсетті. Біз қамтыған негізгі төрт сала бар, кәсіпкерлік, IT, контент және медиа, кино және видео. Біз алдымен осы төрт сала бойынша спикерлер шақырып, 24 сағаттың ішінде идеяны прототипке айналдыру мақсатында тренинг өткіземіз. Осылай әр қалаға ерекше атмосфера сыйлап, жастар арасында тың жоба ұсынған таланттарды анықтаймыз. Бұл әрбір жас өз қаласын дамытуға үлес қосса екен деген шынайы мақсаттан туындаған шара. U-hack-тың нақты уақытын  Қызылордаға барар уақытта әлеуметтік желіде хабарлайтын боламыз. 
‒  Бүгінгі жұмысыңызға қаншалықты көңіліңіз толады? Өз жобаңыз арқылы  қоғамда орын алған  оң өзгерісті жиі байқайсыз ба?
‒ Өзгерістер көп, бірақ ол қолмен ұстап көретін емес, адамның санасына жасалған өзгерістер. Біз адами капиталды дамытып жатырмыз. Мен оған мыңдаған мысал келтіре аламын, алайда жиі айта бермейміз. Себебі халық дұрыс түсінбей қалуы мүмкін. Жобаның пайдалы тұсы қаладағы зиялы жастардың көбеюі ғой. Қаламыздағы әрбір жастың туған жерге деген құрметі артып, әр күнге жаңа жоспармен жүруі бізді шынымен қуантады.
Шынымды айтсам, қазір жұмыс жай жүруде. Біз ары кетсе 20 мың жастың жаңаша ойлауына көмектесеміз, бірақ 7-8 миллион жасты қамту қиын ғой. Ол үшін мемлекет тарапынан үлкен қолдау қажет. Егер біздің идеяны республика деңгейінде қолдаса біз күні-түні ұйықтамай, бір жыл уақытымызды арнар едік.  Біздің жобаның нәтижесі бүгін, ертең емес, он бес жылда көрінетін болады. Сол кезде бүгінгі зиялы буын басшылыққа келіп, жемқорлықсыз жүйемен жаңа қоғам қалыптастыратына сенімдімін.
‒ Сұхбаттасқаныңызға рахмет!
Әңгімелескен Гүлдана ЖҰМАДИН
26 шілде 2019 ж. 902 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031