Қисық кеңес
Егер сіз көршінің артықшылығын, досыңыздың жетістігін, айналадағылар асқан асуды көре алмасаңыз, онда сіздің көзіңіздің көруі нашарлаған. Дереу көз дәрігеріне қаралғаныңыз абзал.
Егер сізді ешкім назарға ілмей, бұл өмірде бар-жоғыңыз білінбей қалса, жүрген жеріңізде «әкімият қайда қарап отыр» деңіз. Қайсыбір мәселеде болмасын, өзіңіздің қисыны келсін-келмесін, пікір айта жүріңіз. Өйткені қазір білсе де «білемін» деп айта алмайтындардың емес, білмесе де «білемін» деп айғайлайтындардың наны жүріп тұр.
Қанша жерден ақылыңыз тасып, идеяңыз асып тұрса да, бастықтың алдында ақылгөй, дана көрінбеңіз. Өйткені сіз солай әрекет еткен күннен әрі қарайғы карьераңыздың қалай боларын өзіңіз де түсінбей қалуыңыз бек мүмкін.
Көшеден көріп қалған байырғы танысыңызды көріп қалып, оның есімін ұмытқан жағдайда әбігерге салынудың қажеті шамалы. Оны қасыңыздағы адаммен таныстыра салыңыз. Есесіне есімі есіңізге түседі.
Жарыңыз сізді «неге кеш келдің?» деп күтіп алса, саспаңыз. Сабырлы қалыппен тіпті шынында солай болса да «көзіңе шөп салып келдім» деңіз. Өйткені ол бәрібір сіздің шын сөзіңізге де сенбейді.
Жұмыс аяқталардан жарты сағат бұрын шығып бара жатқаныңызды бастығыңыз көріп қойса, дегбірсізденудің қажеті жоқ. Өйткені үйге жетемін дегенше сол жарты сағат шынында өтіп кетеді ғой.
Өзіңізден үлкен әрі сыйлайтын ағаңыз не әпкеңіз қолыңызға көмекке қаражат беріп жатса, «қажеті жоқ» деп айта беріңіз. Бәрібір қалтаңызға салып кетеді.
Сақал-мұртыңызды өсіп кетсе, оны алу үшін уақыт жіберудің қажеті жоқ. Өйткені оның ертең қайта шығатыны анық емес пе?!
Үйге келгенде қол сағатыңыздың тоғын алып тастаңыз. Сонда ғана үнемді болады.
Жар таңдағанда көркіне қызықпаңыз. Аларын алып ап, ертең достарыңыздан қызғанып, шашыңыз ағарғаннан бақытты әрі жымиып өмір сүрген жақсы.
Ақылы тасып, кеңес берген, мен – Бекертуған.
Бірақ мен бекерге туған жоқпын.