» » ЖҮГЕРІДЕН КЕЙІПКЕР ЖАСАҒЫМ КЕЛЕДІ

ЖҮГЕРІДЕН КЕЙІПКЕР ЖАСАҒЫМ КЕЛЕДІ

   Гүлсая Құтжанова:

Кинотеатрға бара қалсаңыз, ең алдымен керегі – попкорн. Оны үлкеннің де, кішінің де қолынан көресіз. Бүгінде сол попкорн Сыр өңірінен шығарылуда. Қазалылық Гүлсая Құтжанова бір айда 20 мың "Томпи" атты попкорнды халыққа ұсынады. Бір қалтада 50 грамм попкорн, оның бағасы – 80 теңге. Дәмі тіл үйіреді. Басқа попкорнды алсаңыз, артық дәндердің қалатыны жасырын емес. Ал "Томпиден" мүлде дәнек кездестірмейсіз. Біз Қазалыға барған іссапарда дәмін татып көрдік. Гүлсая өңімнің сатылуына емес, сапасына баса мән береді.
– Жолдасым екеуміз кинотетрға барған сайын попкорнды алып жүріп, "неге осы өнімді өзіміз жасап көрмеске?" деп ойладық. Отағасы менің идеямды қолдай кетті. Жұмысбасты болса да мені қолдап, бағыт-бағдар беріп тұрады. Бала күтіміне байланысты демалысқа шыққанымда осы кәсіпті бастадым. Жолдасымның мамандығы – технолог. Сондықтан бұл істі алып жүруде қиындық туындаған жоқ, – дейді Гүлсая Құтжанова.
Жас кәсіпкер "Бизнес Бастау" бағдарламасы арқылы оқу курсынан өтіп, өңірлік инвестициялар орталығы арқылы 2 млн 300 мың теңге несие алған. Ол қаржыға Ресейден 3 құрылғы әкеліп, жұмысты бастаған. Қазірдің өзінде үш бірдей қызметкер цех жұмысын жандандыруға атсалысуда. Гүлсая бала күтіміне байланысты үйде отырса да, кез келген жұмысқа белсене аралады. Қандай да бір іс-шара болсын, көрме болсын сәбиін жетектеген Гүлсаяны кездестіресіз. Оған дәлел Қызылордада өткен Қазақстан тауар өндірушілерінің көрмесі.
– Менің жоспарым өте көп. Соның бастысы – кәсібімді үлкейту. Сол мақсатта Қызылорда қаласындағы "Магнум" сауда орталығымен келіссөз жүргізудемін. Нәтижесі бір айда белгілі болады. Өнімді елдің түпкір-түпкіріне таратуды қолға алдым. Сол мақсатта арнайы қорапқа тапсырыс бердім. Егер попкорн қорапқа салынған болса өзге жаққа алаңсыз жеткізе аламын. Қызылордада алғысы келетіндер көп. Бірақ жолдың алыстығы қол байлау болып тұр. Қалада жұмыстарым болған кезде өзіммен ала барамын. Барлығы дерлік өтіп кетеді. Мемлекеттен берілген жеңілдіктің арқасында жұмысымды қиындықсыз атқарып отырмын, – дейді жас кәсіпкер.
Иә, біз Гүлсаяның цехына барғанда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Цехтың ішін кеңейтіп, жаңа келіссөзге дайындық барысын бастап кетіпті.
– "Томпи" деп атауымның өзіндік себебі бар. Аты айтып тұрғандай, "Томпи" еркелету деген мағына береді. Мен қазір жүгеріден кейіпкер жасауды ойлап жүрмін. Әр қалтаны арнайы диологпен шығарғым келеді. Өнімнің қаптамасында тақия киген смайлик бейнесі бар. Алдағы уақытта "Сәлем", "Қалың қалай?", "Танысып қоялық" деген сынды сөздер жазғым келеді. Бала әр попкорнды алған кезде тек оның дәмін көріп қана қоймай, онымен тілдескенін қалаймын. Біз балаларды еркелеткенде "томпи" деп те айтып жатамыз. Попкорнды көбіне балалар жейді ғой. Сол себепті балаларға қатысты қызықты диалогтар болса деймін, – дейді жеке кәсіпкер.
Алғашында кәсіпті бастау үшін 4-5 млн теңге қаражат кеткен. Қытай аппаратының бағасы арзан болғанмен сапасына кепілдік жоқ. Сол себепті Ресей аппараттарын пайдаланады. Бүгінде Арал, Қазалы, Байқоңыр қалаларына өнімін жөнелтуде. "Магнуммен" жүргізген келісімшарт қабылданып, "Томпи" барлық қызылордалықтарға қолжетімді болса Гүлсая қызметкер санын көбейтпек.
Ел тұрғындарына Қазалы кәмпиті, «Дәмді» сүтімен танылған Қазалы ауданы енді дәмі тіл үйірер попкорн арқылы тұрғындар сұранысына қызмет етпек. Ендігі жерде қораптағы "Томпи" Қызылорданың әр өңіріне таралмақ.
– Мен «Томпи» өнімін брендке айналдырғым келеді, – деді кейіпкеріміз бізбен әңгімесінде. Сыр өңірінің "Томпына" бүкіл қазақстандықтардың сұранысы артатынына сенім мол.
Мөлдір САБЫРЖАН
27 шілде 2019 ж. 573 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031