» » МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ – КӘСІПКЕРЛІК ТІЛЕГІ

МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ – КӘСІПКЕРЛІК ТІЛЕГІ

Экономиканың негізі – шағын және орта кәсіпкерлік. Мемлекеттік саясаттың басты мақсаты – кәсіпкерлікті дамыта отырып, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру. Сыр өңірі де бұл айқын мақсат жолында табысты үлес қосып келеді. Аймақта мемлекеттік бағдарламалар шапағатын сезінген шағын және  орта кәсіп иелері күн санап артып келеді. Өндіріс орындарын аралап, кәсіпкерлердің жағдайымен танысу мақсатында Өңірлік коммуникациялар қызметі мен кәсіпкерлік және туризм басқармасымен бірлесіп Қармақшы, Қазалы,  Арал ауданына БАҚ өкілдеріне арналған пресс-тур ұйымдастырды.


  Іс-сапардың алғашқы бағыты Қармақшы ауданы, III интернационал ауылындағы Луиза Гайдарованың наубайханасы болды. Бұл ауылда  2 417 тұрғын бар. Луизаның наубайханасына енесі Адалат немересінің есімін беріпті. Қазір күніне 200 данаға жуық нан дайындап "Зейфира" наубайханасы тұрғындарды және көрші ауылдарды да толық нанмен қамтамасыз етіп отыр. Кәсіпкер "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасына қатысып, 3 млн. несие алған. Наубайхана ісін дөңгелетіп алып кетуіне енесі Адалат көмектескен. Саналы ғұмырын балабақшада аспаз болып істеген енесі бұл істе өз тәжірибесін келіні мен баласына үйретіп жүр.  Нанды тарату жұмыстарына қайын атасы мен жары жәрдемдеседі. Осылайша Луиза отбасылық кәсіпті қолға алған.
Екінші болып аудан орталығындағы "Малика ана" мейрамханасына тоқталдық. Кәсіпкер Жанар Мұсақызы "Бизнестің жол картасы -2020" бағдарламасына қатысып,  бастапқыда "Forte bank" арқылы 30 млн.теңге, кейін "Halyk bank"-тен 15 млн.теңге несие алған. Бұл қомақты қаражатқа халықтың сұранысына сай  300 орынды мейрамхана қызметін бастады. Бүгінде Жанар Мұсақызы 20 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Келесі болып "АНС" көлік жөндеу орталығының алдынан Бауыржан Алпысбайұлы есімді кәсіпкер күтіп алып, бізді орталық жұмысымен таныстырды. "Көлік жөндейтін орталық көп. Дегенмен техниканың тілін түсінетін мықты мамандарды жинауға тырыстым. Көліктің кез келген түрін жөндейтін Бақытжан Нұрмағанбетов деген шеберімізді арнайы іздеп келетіндер де бар", − дейді кәсіпкер. Бауыржан да "Бизнестің жол картасы-2020 бағдарламасы бойынша несие алып, кәсіп бастағанын айтты.
Қармақшылықтар енді құрылыс материалдарымен қоса жиһаз алу үшін ат терлетіп қалаға бармайды. Себебі "Ақниет" құрылыс заттарын сататын дүкен ашылған. Ішіне кірсеңіз құрылысқа керектінің, қажетті материалдың бәрі бар.
Пресс-тур барысында Қармақшы аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің бас маманы Бостан Құндақбаевпен тілдестік.
 − Ауданда 6 айда 3 115 кәсіпкер тіркелді. Оның 2687-сі жұмыс істеп тұр. Кәсіпкерлік саланы дамытуға арналған бағдарламалардың ішінен 42 жоба қаржылай қолдау тапты. Оның ішінде "Еңбек", "Бизнестің жол картасы – 2020", "Микробизнес Қызылорда" бағдарламасына қатысушылар көп.  
Мұнан соң бір топ журналистер Қазалы ауданына жол тартты. Өздеріңізге белгі бұл ауданда "Томпи" попкорны шығарылады. Біз өндіріс тынысымен таныстық. Бірлік ауылының тұрғыны Гүлсая Бөкейбайқызы халықтың жүгеріге деген жоғары сұранысын толық қамтамасыз етіп отыр.
− 100 пайыз табиғи шикізаттан жасалған, денсаулыққа пайдалы өнімді балалар да, үлкендер де сүйсініп жейді. Алғашында кинотеатрға барып попкорнды сатып алып жүрдік. Кейін «соны неге өзіміз жасап шығармасқа?» деген ой келді. Қазір үш қондырғы бар. "Томпи" деп атауымыздын себебі попкорн балалар секілді «томпиған, әдемі» деген мағына береді. Жалпы Қазалы ауданында үстіміздегі жылдың 6 айында 4 288 кәсіпкерлік тіркелген.
Біраз жолды артқа тастап айдынды Аралға да жеттік. Бұл ауданда шағын және орта кәсіпкерлік саны артып 4 200-ден асты. Кәсіпкерлер 7 547 тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. адам тұрақты жұмыс істейді. Арал аудандық кәсіпкерлік өнеркәсіп және туризм бөлімінің бас маманы Сержан Әуесовтың айтуынша, "Бизнес бастау" жобасының негізінде 120 тұрғын оқу курсын аяқтап сертификат алған. Жыл басынан бері, аудан тарапынын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-арқылы 16 млн теңгенің 5 жобасы қаржыландырылып, 24,9 млн.теңгенің 9 жобасы мақұлданды. Өңірлік инвестициялық орталық арқылы ауданнан жалпы құны 55,0 млн.теңге болатын 9 жоба қаржыландырылып, 103,5 млн.теңгенің 28 жобасы мақұлданды. Бұл жобалардың басым бөлігі, балық шаруашылығы, пластикалық терезе жасау, жиһаз жасау, тігін цехын ашу секілді мәселелерді қамтиды. Барлық қаржы институттары арқылы құны 330,1 млн.теңге болатын 30 жоба қаржыландырылып, жалпы құны 155,5 млн.теңгені құрайтын 44 жоба қолдауға ие болмақ.
   Аралдық Гүлмира Наурызова ашқан "Айбар" фитнес клубы тұрғындардың сұранысын қанағаттандырып отыр. Келушілердің қарасы қалың. Күніне 70-80 адамға қызмет көрсетеді. Гүлмирада мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 15 млн. несие алған.
   Әсіресе Арал қонақжай аудан екен. Мұндай қонақ үй бизнесі жақсы жолға қойылыпты. Біз "Ай-Жұлдыз" жол бойы сервистік қызмет көрсету орталығы мен "Нұр" қонақ үйіне ат басын тіредік. "Ай-Жұлдыз" қонақ үйі 2015 жылы қолданысқа берілген. Кәсіпкер Берік Жандәулетов ісін жандандыру үшін "Бизнестін жол картасы – 2020" бағдарламасы аясында 60 млн. несие алған. Ауқымды кешенде 50 қызметкер жұмыс істеп жүр.
Іссапар барысында үлкен іске батыл қадам жасаған жас кәсіпкерлермен де таныстық. Олар туралы газетіміздің алдағы сандарында тоқталамыз. Өндіріс орындарын аралап, қайнаған тіршілік ортасында болып, аймақтағы шағын және орта кәсіпкерлік нысандардың даму қарқынын көріп қуанып қайттық.  Тәуекел етіп, тынымсыз еңбекке кіріскен кәсіпкерлерге сәттілік тіледік.
Мөлдір САБЫРЖАН,
Қызылорда − Қармақшы − Қазалы − Арал − Қызылорда.
18 шілде 2019 ж. 2 714 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031