ӘСКЕРИЛЕРГЕ ЕСКЕРТКІШ ТАҚТА ҚОЙЫЛДЫ
Қызылорда облысы Жалағаш ауданында "Ми-8" тікұшағы құлаған жерге ескерткіш тақта орнатылды. Шараға Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, генерал-майор Нұрлан Ермекбаев, Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов, сондай-ақ, қайтыс болған жауынгерлердің туыстары мен достары қатысты."Бейбіт заманда 13 сарбаздың қаза болуы – барлығымыз үшін ауыр қайғы. Сондықтан қаза тапқан азаматтардың отбасына қайғырып көңіл айтамыз. Олардың есімдерін халық жадында мәңгі сақтауы үшін қаза тапқандардың құрметіне ескерткіш орнатып отырмыз", - деді облыс әкімі. «Бұл сарбаздардың ғұмырлары қысқа болса да, өздерінің парыздарына адал болып, мағыналы өмір сүрді. Біз олармен мақтанамыз және олардың ата-аналарына осындай ұлдарды өсіргені үшін алғыс айтамыз. Қаза болған қызметкерлердің отбасыларына алдағы уақытта да жан-жақты көмек көрсетіледі. Әрине, бұл олардың қайғысын жеңілдетпейді, бірақ біз қолдан келген көмегімізді аямаймыз», - деді ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев. Ескерткіштің ашылуы рәсімінен кейін құрбан болғандардың рухына бағышталып ас берілді. Еске салсақ, үстіміздегі жылдың 27 наурызында Қызылорда облысы Жалағаш ауданының маңында Ми-8 тікұшағы апатқа ұшыраған еді. Апат салдарынан 13 әскери азамат қаза тапқан болатын.Мемлекет басшысы - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының жарлығымен Ми-8 тікұшағының апаты кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің қызметтік борышын адал атқарғаны және ерлігі мен жанқиярлығы үшін "Жауынгерлік ерлігі үшін" медальдарымен марапатталды.