ТЕРЕЗЕДЕН ТҮСІП ТІНТІГЕН
Шілденің 29-ы күні Қызылорда қалалық Полиция басқармасының кезекші бөліміне облыс орталығындағы үйлердің бірінде ұрлық болғандығы жайында хабарлама келіп түсті. Белгісіз адам үйдің кіре беріс бөлмесіндегі пластик терезесін күштеп ашып, жатын бөлмеде тұрған 1 дана аңшы мылтығын, 14 дана оқтарын, шкаф ішінде тұрған күміс бұйымдары мен әшекейлерді, киім- кешектерін жасырын түрде жымқырып, оқиға орнынан бой тасалаған. Полицейлердің тез арада жүргізген жедел әрекеттері нәтижесінде ізін суытпай бірнеше сағат ішінде күдікті азамат ұсталып, ұрланған заттар айғақ ретінде алынды.
Оқиға бойынша Қылмыстық Кодексінің 291-бабының 1-бөлігімен Қаруды, оқ-дәрілердi, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Құрықталған 25 жастағы күдікті Қызылорда қалалық Полиция басқармасының уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды.