ФУТБОЛШЫ ӘМБЕБАП БОЛУЫ ТИІС
Жазғы трансфер науқанында "Қайсар" сапын толықтырған Кларенс Битанг команда сапына қосылғаннан клубтың медиа қызметкерлері жаңа ойыншымен жедел сұхбат ұйымдастырды.
– Кларенс, "Қайсарға" қош келдің!
– Рақмет, қош көрдік.
– Осы кезеңге дейін бірнеше командада өнер көрсеттің, "Қайсардың" өзгелерден қандай артықшылығын байқадың?
– Иә, Камерун, Грекия, Макдония, Тайланд секілді мемлекеттердің командаларында ойнадым. Әр елдің әр команданың өзіндік ерекшелігі бар. Мысалы, жаңа командам "Қайсарда" футболшыларға жақсы құрмет көрсетеді. Бұл кәсіби тұрғыда жақсылықтың нышаны. Мұндай құрмет кез келген елде байқалмайды. Сондықтан сыйластық бар жерде жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Қала халқы да еркіндікке бейімделген. Барлығы жаныңнан табылуға, көмек көрсетуге дайын тұрады.
– Команда ұжымы қалай қарсы алды?
– Өте жақсы қабылдады. Командаға тез сіңісіп кеттім. Тигран Барсегянмен жақсы байланыс бұрыннан қалыптасқан. Өйткені екеуміз бір клубта яғни "Вардарда" бірге болдық. Тигранды іздеп, "Қайсарға" келдім (күліп). Әріптестерім керемет жандар. Барлығы өз саласының мамандары.
– Футболшылар көбіне жейдедегі нөмірге қызығушылық танытып жатады. Бұл жағы сізде қалай?
– Әрине, жақсы нөмірді кім қаламайды. Нөмір таңдау ерте заманнан қалыптасқан қағида. Мысалы, менің сүйікті нөмірім – 5. Бірақ бұл нөмір бос болмаса реніш тудырмаймын. Өйткені нөмірлер ойын мәнеріне әсер етпейді. Бастысы, жанкүйер мен бапкерлердің көңілінен шығып, командама жеңіс сыйлауға көмегімді тигізсем жеткілікті. Сондықтан таңдау 85 ке түсті.
– Артқы тіректегі жартылай қорғаушы (опорник) екеніңізді білеміз, алаңда басқа қай шепте ойнай аласыз?
– Футбол болған соң барлығына епті болуың тиіс. Оның үстіне алаңның барлығы бірдей емес пе. Сондықтан бір шепте қатып қалудың қажеті жоқ. Футболшы әмбебап болуы қажет.
– "Бурирам Юнайтедте" 30 гол соғыпсыз. Соған қарағанда шабуылдаушы қасиетіңізде бар болғаны ма?
– Бұл ертеректе болған көрініс. Мүмкін гол соғуға сондай құштар болған шығармын (күліп). Әрине әзіл. Бапкердің бекіткен тактикасына қарай шабуылға етене араластым. "Бурирамнан" кейін "Чайнатта да" аз гол салдым дей алмаймын. Тайланд футболын қазақстандық премьер лигамен салыстыруға келіңкіремейді. Грекияға келген соң сондағы бапкерлер артқы тірек шебіне бекітті. Содан бері сол шепте ойнап келемін. "Қайсарға" да келген мақсатым қорғаушыларға дем беру.
– Бұрын соңды Қазақстанды және қазақ футболы жайлы естіп көрдіңіз бе?
– "Қайсардан" ұсыныс келген соң қазақ елін қарай бастадым. Ғаламтор деген жақсы болды ғой. Іздегенің алдынан табылады. Мұнан бөлек Тигранмен сөйлесіп те біраз мәліметке қанық болдым. Келгеніме көп болмаса да қазақ жұрты әлемдегі ең бейбіт ел екеніне көз жеткізудемін. Ал қазақ футболы жайында айту әлі ертерек. Бірақ біріншіліктің деңгейі біраз чемпионатты артта қалдырады.
– Сәттілік, мансабың мәнді болсын!
"ҚАЙСАР" ФК баспасөз қызметі