Қажылық құны
Биылғы үлкен қажылық сапар уақыты да жақындап келеді. Бұл сапардың маңызы өзге құлшылықтардан ерек. Ауқатты мұсылман қауымға парыз етілген айрықша ғибадатқа дайындық та басталып кеткен.
Статистикаға көз жүгіртсек, тәуелсіздік алғаннан кейін, яғни 1993 жылы, 150-ге жуық отандасымыз қажылық парызын өтесе, 2013 жылы 5500-ге дейін саны артқан. Өткен жылы Қазақстаннан 3000 азамат қажылық парызын өтесе, биыл 3200 квата бөлініп отыр. Амал-сауаптан рухани азық алуды мақсат тұтып, қасиетті Мекке жеріне табанын тигізіп қайтуды арман еткен әр мұсылман үшін рухани мереке деп айтсақ та әбден болады. Өйткені кәмелетке толған жасы да, жастарға үлгі болып жүрген жасамысы да жылына бір ғана мәрте берілетін үлкен мүмкіндікті зая кетірмеуге тырысады. Сол себептен де дәстүрлі түрде «Биылғы қажылықтың құны қанша?» деген сауал көптің көкейінде.
Мәселе — қаржының қымбаттап немесе арзандап кеткенінде емес, жүрегінде иман нұры төгіліп тұрған әр мұсылманның арманын іс жүзіне асыру, мақсатына қол жеткізіп, шүкір етушілердің қатарынан табылуына ықпал ету. Сондықтан бұл сапары жол құнының өсуі ешқандай кедергі келтірмейді. Есесіне, сапалы қызмет ұсынылып, кемелін толықтырып қайтуға зор мүмкіндік алады. Мәселен, биылғы қаржы көлемі ең төменгі баға 4800 АҚШ доллардан басталып отыр. Ал былтыр 4200 АҚШ долларынан басталған болатын. «Көршілес ел Тәжікстанның Дін істері жөніндегі комитеті биыл ел азаматтарына қажылық құнын 3700 АҚШ доллары етіп белгілеген» дейді «Fars news» агенттігі. Агенттіктің хабарлауынша, 3700 АҚШ доллары ішінде барып-қайту билеттері, Мекке мен Мединада қонақүй, азық-түлік, гидтер, құрбандыққа қойларды сатып алу, тасымалдау құны, жергілікті қызметтер, медициналық және басқа да қызметтер кіреді екен.
Біздегі қажылық құнынан 1100 АҚШ доллар арзан. Ал ҚМДБ-ның қажылық бөлімінің мәлімдеуінше, жыл сайын Ораза айынан 3-4 ай алдын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Сауд Арабияның Қажылық министрлігі арасында келісімшарт жасалып, қажылықтың маусымдық жұмыстарына кіріседі. Осы мақсатта ағымдағы жылдың қаңтар айында Бас мүфти бастаған делегация елімізден шамамен 3200 адам қажылыққа барады деп жоспарлап, осы санға квота алып келісімшартқа отырған. Ол квота еліміздің қажылық сапармен айналысуға қабілетті деп танылған 18 қажылық компанияға
бөлініп берілді. Бұл компаниялар өз кезегінде эконом, стандарт және жоғары санаттағы пакет түрін қажыларға ұсынады. Әр санаттың қызмет сапасы мен шығынына орай бағасын әр компания өзі белгілейді. Бұл жерде басты айтатын мәселе, қай санат болмасын қажылық жасаушыдан компания шамамен 50 мың теңгеге жуық пайда көреді. Қажылық жасаушыдан алынған қалған қаражат қажының шығындарына жұмсалады. Егер қажылық жасаушыдан компания өкілдері 50-60 мың теңгеден астам пайда көздейтін болса, мәселен сапалы қызмет көрсете алмайды. Яғни талғамы жоғары қазақстандық қажыларға тиісті деңгейде қызмет көрсетілмесе, дұрыс қонақүй, жаңа автобус, мина-арафатта жайлы шатырлар алынбаса отандық қажылардың наразылығын тудырады. Демек, талап көбейіп, талғам өскен жерде қажылық бағасының қымбаттауы да заңдылық, − дейді ҚМДБ-ның қажылық бөлімінің меңгерушісі Жәнділлә Бекжігітов.
Қажылық – Жаратқанның сүйікті құлдарына деген сыйы. Сондықтан да қажылар Алла Тағаланың қонағы боп есептеледі. Жалпы, қажылыққа барушылардың қатары жыл сайын көбеймесе, азайған емес. Қаржысын босқа ысырап еткенше, сауапты амалға ұмтылатындардың көбейгені құптарлық іс.