» » » ҚАЙЫРЛЫ ҚУАНЫШ ‒ ҚАЖЫЛЫҚҚА ЖОЛДАМА

ҚАЙЫРЛЫ ҚУАНЫШ ‒ ҚАЖЫЛЫҚҚА ЖОЛДАМА

  Қажылыққа барып, қасиетті бес парыздың бірін шынайы ықыласпен өтеу ‒  әрбір мұсылманның арманы. Рақым айы атанған Рамазанда осындай мүмкіндікті иемденген жанның расында тілегі қабыл, ниеті таза болмағына шүбәсіз сенесің. Жақында жерлесіміз Дана Талғатқызы ҚМБД-ның Алматы өңірі бойынша өкілдігі, «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен тұңғыш рет  өткен республикалық «Рамазан аруы ‒ 2019» байқауында бірінші орын иеленіп, ата-анасына Умра қажылығының жолдамасын жеңіп әперді. Ақжолтай хабарды естіген бойда Дананың ата-анасымен тілдесуге асықтық.
Гүлмира Әшірбекова, анасы:
‒ Байқауға қатысқан алты қыз Сарыағаштағы діни медресені бітірген екен, әрі олар қасиетті Құранды жатқа біледі. Байқау барысында барлық қатысушының  үлкен дайындықпен  келгені бірден аңғарылды. Соның ішінде барлық сұраққа мүдірмей жауап берген қызымның жетістігі алдымен Тәңірге деген сенімінің арқасы деп ойладым. Қызым №1 Қ.Мұхаммеджанов атындағы мектеп-гимназияны үздік бітіріп, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алған. Қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінде қызмет етеді. Бүгінде ағылшын, неміс, араб тілімен қоса түрік тілін үйренуде, әрі биыл өз мамандығы бойынша магистратураға құжат тапсырмақшы.
Дана  маған сайысқа дайындалып жүргенін байқау жақындаған кезде ғана айтты. Үнемі шығармашылық бағыттағы шараларға қатысып, бірнеше рет жүлделі орын иемденген қызыма бұл жолы да қолдау білдірдім. Алайда алғаш рет өткізілген байқаудың өту барысы  жайлы қазбалап сұрап, мазасын алмадым. Бірде Дана қалаға келіп, тігін машинамды аттай қалап алып кеткен еді. Бұрын-соңды тігін өнеріне қызықпаған қызымның бұл қылығына таңқалғаныммен бетін қайтармай машинаны бердім. Сол тігін машинасының қызыма көп пайдасы тиіпті, Дана байқау үшін кәжекей тігіп, оны тастармен әсемдеп, моншақпен безендіріп тәж жасапты. Осыған дейін қызымның мұндай өнерін көрмеген мен үшін бұл керемет жаңалық болды. Әрбір тасты дәлдікпен орналастыру, ондағы түстердің үйлесімділігін сақтау төзімділікті қажет етеді ғой. Сондықтан қызымның жұмыс уақытынан тыс кезде қолөнерге көңіл бөлгенін көріп қуандым.
Талғат Айыпханұлы, әкесі:
Әзірге қажылыққа қай уақытта баратынымыз белгісіз, ол ұйымдастырушылар тарапынан белгіленеді. Оған дейін отанасы екеуміз құжаттарды реттей береміз, бірақ ең алдымен қажылық етудің тәртібін үйренуіміз керек. Шынымды айтсам, бұрын қажылық туралы ойлауға жүрексінетінмін. Оған үлкен дайындық пен тәуекел қажет, әрі діни сауатты болуың маңызды.   
Дана Талғатқызы, жеңімпаз:
‒ Мұсылман қыздардың тек қана дінмен шектеліп қалмағанын, оның ғылымда да, өнерде де өз қолтаңбасы болатынын дәлелдеу мақсатында өткізілген байқауда 14 қатысушы бақ сынады. Байқаудың бірінші кезеңінде Құранның қазақша мағынасын толық оқып, сол бойынша тест сұрақтарына жауап бердік. Ал екінші кезеңінде таныстыру, «Мәриям» сүресін жатқа айту, «Дін және ғылым», «Асыл аналар» кітабынан берілген сұрақтарға жауап беру, қолөнер туындысын жасау сынды кезеңдер бойынша сынға түстік. Байқау барысында бізге «Нұр-Мүбарак» университетінің мамандары, қажылық компания өкілдері және Құран Кәрім хафизаларынан құралған қазылар алқасы төрелік етті.
Айта кетейік, бұл байқау былтырғы Рамазан айында келіндер арасында өткізілген. Қыздар арасында ұйымдастырылған биылғы байқауда Дана орамалдың пайдасы туралы ғылыми деректер жинақтап, өзіндік пікірін көпшілікке дәлелдепті. Қазір байқау ұйымдастырушылары Дана жайлы бейнеролик түсіруде екен. Ал Гүлмира апай байқау соңында Умра қажылығына жолдама бергенін естіген сәтте  көзіне еріксіз жас келгенін айтады. «Отбасы тәрбиесінде балаға ілім үйретудің маңызы зор. Баланың әрбір жетістігі ата-ана үшін зор қуаныш екен», ‒ дейді Дананың анасы.
Гүлдана ЖҰМАДИН
16 маусым 2019 ж. 1 292 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031