БАЛАЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ БАСТЫ НАЗАРДА
Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Мира Жомартқызы өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында "қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлының тапсырмасына сәйкес қала мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығымен таныстым" деп жазды. Шаһар басшысының оырнбасары қандай шаруаларды қолға алды? Толығырақ білу үшін жедел сұқбат құрған едік.
− Мектептердің дайындығы қандай екен?
− Биылғы 2019-2020 оқу жылын 64 мыңға жуық оқушы мектепке барады.Барлық мектептерде ағымдағы жөндеу жұмыстары толығымен жүргізілді. Жаңа оқу жылында 4, 9, 10 сыныптар жаңартылған білім беру мазмұнына көшіріледі. Осы орайда барлық оқу – әдістемелік кешендері толығымен жаңартылып, оқушылар 100 пайыз оқулықтармен қамтамасыз етілетін болады. Барлық білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына толығымен дайындығы қала әкімі Н.Нәлібаевтың тікелей бақылауында.
− Балалардың қауіпсіздігі үшін мектеп жанындағы иесіз қалған ғимараттарды бұзу жөнінде тапсырма берілді депсіз. Қараусыз қалған қауіпті ғимараттар қай мектептің жанында бар екен?
− Күнделікті жұмысымды білім мекемелерін аралаудан бастаймын. Қала әкімдігінің аппараттық жиындарында тек мектеп емес, қала аумағындағы иесіз қалған нысандарды түгендеп, бұздыру жөнінде қала әкімінің хаттамалық тапсырмасы бар. Білім ошақтарын аралау барысында аталған тапсырмаға да басымдық бердім. 2013 жылы Белкөл кенті, Бірқазан ауылында орналасқан №145 орта мектеп жаңа ғимаратқа көшірілген. Қазіргі таңда аталған білім ордасының ескі ғимаратын бұзу жұмыстары жүргізілуде. Тамыз айына дейін жұмыстар толығымен аяқталатын болады.
− Оқырмандар "1 сынып оқушыларының саны шамадан тыс көп болып кетпесін, бақылауға алыңызшы?" деп жазыпты. Бұл бағытта қандай жұмыс қолға алдыңыз?
− Қазіргі таңда ата-аналар тарапынан тиісті мөлтек аудандарға қарамастан қаладағы инновациялық мектептерге сұранысы өте жоғары. Сол себепті инновациялық бағыттағы мектеп-лицейлердегі орын тапшылығын жою, бала толымдылығын азайту мақсатында жұмыс істелуде. 2019 жылдың маусым айынан бастап 5 мектеп (№4, 12, 187, 217, 278) ақпараттық технология мектеп-лицейі (IT-мектеп-лицей) статусын алды. Жаңа оқу жылында жаңашылдыққа бет бұрған 20 мектеп IT технологияны да балаларға үйретеді. Статус берілгеннен кейін аталған білім ошақтарының материалдық-техникалық базасы, кабинет жабдықтары нығайтылып, мықты кадрлар құрамы жасақталуда. Бала толымдығын азайту мақсатында жыл аяғына дейін Жаппасбай батыр көшесінің бойынан салынып жатқан 600 орындық мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар №198 орта мектеп жанынан 200 орындық, №261 орта мектептен 150 орындық қосымша ғимараттар салынуда. Сондықтан бұл мәселе қала әкімінің тікелей бақылауында.
−Көп балалы және аз қамтылған отбасының балаларына жол шығындарына арнайы қаржы бөліпсіздер. Жолда тегін жүру үшін оқушыларға куәлік беріле ме? Бұл қаржы қалай игеріледі?
− Сұрағыңыз өте орынды. Биылғы жаңа оқу жылында жалпы білім беретін мектептерде тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасылардан шыққан 6000-нан аса баланы ыстық тамақпен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Одан бөлек, 7000-ға жуық балаға мектепке тегін тасымал ұйымдастырылады. Қазір бұл жеңілдікке ие болатын оқушылардың тізімі дайындалуда. Бөлінген қаражатты игеру үшін білім бөлімі тізім бойынша, әр баланың есеп-шотына қаржы аударады. Қоғамдық көлікте тегін жүру үшін оқушыларға арнайы куәлік табысталмайды.
− Бір жоқты іздеп, екінші жоқты табатын әдетіміз. Мектептерді аралау барысында тағы қандай мәселелер кездесті?
− Иә, дұрыс айтасыз. Қазіргі таңда алаңдатып жүрген мәселе − ол кейбір мектептерде әжетханалардың сыртта орналасуы. Қызылорда қаласына қарасты 54 мектептің 38-і орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған. Жасыра алмаймын, кейбір елді-мекен мектептерінің әжетханалары сыртта орналасқан. Әлеуметтік желілерде де бұл мәселе қозғалып жатыр. Балаларымыздың қауіпсіздігін және денсаулығын сақтау мақсатында, мектептердің ішкі әжетханаларын іске қосу бағытында жұмыстар жүргізілетін болады.
Сұхбаттасқан Гүлбану МАҚАЖАН