ЕҢБЕК ЛАГЕРІ – ЖАЛАҒАШТА
Жалағаш ауданының барлық ауылдарынан жиылған бір топ жас кешкілік Мәдениет ауылының іргесіндегі "Төрешова" шаруа қожалығында бас қосты. Оларды шаруашылықтың жұмысын ұршықша үйіріп жүрген Нұрдаулет Болатбек есімді замандас қарсы алды.
Лагердің бірінші күні Нұрдәулет замандастарыншаруа қожалығының жұмыстарымен таныстырды. Әрі ұйымдастырушылар лагерь бағдарламасын түсіндіріп, қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертті. Мұнан соң қатысушылар «Ақылды алау» атты жастар алаңына жиналып, бір-бірімен танысты. Жастар ресурстық орталығының басшысы Ерхан Бақбергенұлы аудандағы жастар саясатының жүзеге асуы бойынша қысқаша әңгімеледі.
Лагердің екінші күні таңерте жігіттер шөп орса, қыздар жағы сиыр сауып, нан пісіріп, таңғы ас әзірледі. Шөп ору, бақша ісімен шұғылдану, балық аулау да ерлердің еншісінде. Қыздар күбі пісіп, айран әзірледі.
Жас та болса ата-анасының кәсібін өз жауапкершілігіне алып, үлкен қожалықтың шаруасын игеріп отырған Нұрдаулет Болатбекұлын әңгімеге тарттық. Шаруашылық күріш егеді, мал бағады. Шаруаға епті жігіт, "бұл менің тірлігім емес", деп жатсынбайды. Сауыншы келмей қалса, сиырларды өзі сауа береді.
Жігіттер шаршасын ба, «Жеті арал» деп аталатын топтық сайыста гір тасын көтеріп, арқан тартып, бес тас, ат ерттеп сынға түсті. Жастар жылын ерекше өткізу, еңбекке баулу мақсатын көздеген шараға арнайы аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тәжмаханов келіп, еңбек лагеріндегі жастармен дидарласты. Олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, бастамаларына қолдау білдіретінін жеткізді.
"Еңбек лагерінің басты мақсаты – белсенді жастарды еңбекке, кәсіпкерлікке, елжандылыққа баулу, туған жерге деген патриотизмді нығайта отырып, болашақ жас мамандарды ауылға жұмысқа шақыруға бағытталды. Еңбек лагерінің ауқымы алдағы уақытта кеңейе түспек", − деді Жағыпар Айтбайұлы.
Кешкісін жастар ортақ дастархан басына жиналып, бастаңғы жасады. Бірі ән салды, енді бірі ойын ұйымдастырды.
Айнұр Іскендірқызы, №115 негізгі мектептің мұғалімі, Далдабай ауылы:
− Ауылда еңбек демалысында жатқанмын. Жаңа оқу жылы қарсаңында еңбек лагеріне қатысуым ерекше әсер қалдырды. Өзім секілді белсенді жастармен танысып, бірге жұмыс істедік. Ерте тұрып сиыр сауып, айран пісіп, ауылдың ғажайып өміріне бойладық. Атқа мініп, суға түсіп те үлгердік. Ауданның түрлі саласынан жастар келіпті. Жаңа достар таптым. Жарасымды әзіл-қалжыңы бар көңілді ортада үш күн үш сағаттай жылдам өте шықты.
− Ауылда еңбек демалысында жатқанмын. Жаңа оқу жылы қарсаңында еңбек лагеріне қатысуым ерекше әсер қалдырды. Өзім секілді белсенді жастармен танысып, бірге жұмыс істедік. Ерте тұрып сиыр сауып, айран пісіп, ауылдың ғажайып өміріне бойладық. Атқа мініп, суға түсіп те үлгердік. Ауданның түрлі саласынан жастар келіпті. Жаңа достар таптым. Жарасымды әзіл-қалжыңы бар көңілді ортада үш күн үш сағаттай жылдам өте шықты.
Айта кету керек, Жалағаш ауданында 14 пен 29 жас аралығында 8 865 жас бар. Биылғы жағымды жаңалық аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, жастар ресурстық орталығы жанынан «Coworking» орталығы ашылды. Аудан жастарының шығармашылығын дамыту мақсатында «Жалағаш аруы» байқауы, аудан әкімінің «Жалын» жастар сыйлығы, «Zhalagash Life» жастар лагері, аудандық жайдарман лигасы, «Жалынды жас» еріктілер мектебі, «Жас Отау», «Жас маман» жобалары дәстүрлі түрде жүргізіліп келеді.
Ұйымдастырушылар жастар еңбек лагеріне қатысқан барлық жасқа 12 тамыз − халықаралық жастар күніне орай өтетін «Zhalagash Life» жастар лагерінде сертификат табысталатынын айтты. Осылайша жалағаштық жастар жаз мезгілін жайдары өткізуде.
Арайлым ӨМІРБЕК,
Жалағаш ауданы,
Мәдениет ауылы