"Ұят болады": Аша Матай жан баласына айтпаған құпиясымен бөлісті
Танымал әнші, актриса, тележүргізуші Аша Матай Instagram парақшасында балалық шағын еске алып, жазба қалдырды. Онда өнер иесі өзінің қатал тәрбиеленгенін сөз етіп, балаға қандай қасиеттерді сіңдіру керек екенін айтты.
Аша Матай әлеуметтік желідегі парақшасында өзінің қызы түскен бейнежазбаны жүктеді. Балалық шағын еске алған әнші аталмыш ролик астына жазба қалдырды.
Аша өзінің бала күнінде еркелемей, ата-анасының қатаң тәрбиесін сусындап өскенін сөз етті.
"Кішкентай кезімізден артық та, кем де болмай ел қатарлы өстік... Мен ешқашан ата-анамның ысырапшылдық танытып, балаларына "қалағаныңды ал" дегенін көрген емеспін.
Бізді қатал тәрбиеледі, үшеуміз де "ұят болады, обал болады" деген екі қастерлі ұғымның негізінде өстік. Қалтамызға артық ақша салмайтын.
"Досымда мынандай зат бар, маған да әпер" деген еркелігімізді көтермейтін. Бірақ, осы тәрбиенің қадірін қазір түсініп жүрмін", - деп жазды ол.
Тележүргізушінің айтуынша, баланы кішіпейілдік пен сыпайылықты бойына сіңіріп өсірген дұрыс, ол тек сенің ғана емес, елдің баласы болуы керек.
"Дүниеге балаң келгенде ол сенің өміріңнің мағынасына айналады. Әлемдегі ең сүйікті мөлдіреген көздерге қарап "жоқ" деп айту, ерекше махаббат пен қамқорлықтың белгісі екеніне көзім жетті.
Өйткені балаңды қанша жерден жақсы көрсең де, оны өзіңнің ғана емес, елдің баласы болуға тәрбиелеу керек. Демек қоғамда өз орнын білетін, кішіпейілдік пен сыпайылықты бойына сіңіріп өскені дұрыс.
Ондай баланы сен ғана емес, қоғам да бағалайтын болады", - деп жазды Аша Матай.