Шағын және орта бизнес: басымдық жастарда
Алға қойылған міндеттердің бірі – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Шағын және орта бизнесті дамыту экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғыртудың басты құралы. Әсіресе, жеке меншіктің нақты өмірге жүзеге асуы және орта таптың қалыптасуының мемлекетімізде артқан сайын еліміз көркейіп, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарады. Сонымен бірге шағын және орта кәсіпкерлік – экономиканың тиімді әрі нәтижелі секторы. Шағын және орта кәсіпкерлік жұмыссыздықты жоюда, нарыққа қажетті тауарларды жеткізуде, жеке өндірушілердің монополиясын шектеуде және экономиканы тұрақтандыруда шешуші фактор. Міне, бүгінде Сыр өңірінде "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы аясында 165 ШОБ субьектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қолға алынды. Сондай-ақ шағын және орта бизнестің макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша қойылған межеге қол жетізу жолға қойылды.
Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов кәсіпкерлік туризм, сауда салалары бойынша жылдың жарты жылдығында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, өңірде жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру, жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың санын қысқартуға ықпал жасау, өңірдің жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін күрт ұлғайту мақсатында 2018 жылы Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үш жылдығы жарияланды. Аталмыш саланы қолдауға 2019 жылы арайы Жол картасы әзірленіп, әр түрлі қаржы көздерінен 34 млрд. теңге тартылды. Оның ішінде 5 млрд. теңгесі мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар шеңберінде шағын несиелер және мемлекеттік гранттар беруге бағытталған.
– Бөлінген қаражаттар есебінен, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында шағын несиелендіру үшін 3,5 млрд. теңге (оның ішінде ауылдық жерлерге – 3 210,476 млн. теңге, Қызылорда қаласында – 299,49 млн. теңге), ал несиелерді кепілдендіру үшін 220,9 млн. теңге бөлінді. Жалпы 2019 жылдың бірінші жартыжылдығымен аталған Бағдарлама аясында шағын несиелерді (ФФПСХ, АКК, РИЦ) 628,9 млн. теңгеге 153 адам алды. Сонымен қатар «Микробизнес-Қызылорда» өңірлік бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен 850 млн. теңге бөлініп, нәтижесінде ісін жаңа бастаған 205 кәсіпкердің жобасы шағын несиелендіру үшін мақұлданды. Бұдан бөлек, «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін 2019 жылға 1 млрд. 50 млн. теңге (оның ішінде, субсидиялауға – 900,619 млн. теңге, кепілдендіруге – 119 млн. теңге, гранттық қаржыландыруға – 31 млн. теңге) бөлініп, шағын және орта бизнестің 216 субъектісіне қаржылай қолдау көрсетілді, – деді Фердоуси Әбілқасымұлы.
Жыл басынан бері жалпы құны 2,6 млрд. теңгені құрайтын 91 жоба субсидиялау үшін мақұлданса, 41 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісіне жалпы құны 432 млн. теңге көлемінде кепілдіктер берілді. Ағымдағы жылы мемлекеттік гранттар беру конкурсын өткізу үшін
31 млн. теңге бөлініп, оның 21 млн. теңгесі жас кәсіпкерлерді қаржыландыруға бағытталды. Нәтижесінде конкурсқа қатысуға 473 шағын кәсіпкерлік субъектілері өтінім білдірді. Конкурстық комиссия шешімімен
84 жоба қаржылай қолдау тауып, оның ішінде 44 жоба жас кәсіпкерлердің үлесінде.
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында шағын кәсіпкерлік субьектілерінің 100 жобасын шағын несиелендіру, "Қызылорда" өңірлік инвестиция орталығы" Микроқаржы ұйымы" ЖШС-і арқылы "Микробизнес-Қызылорда өңірлік бағдарламасы аясында шағын бизнес субьектілерінің 200 жобасын тартылған немесе қайта бөлінген қаражаттар есебінен шағын несиелендіру 2019 жылдң соңына дейін "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" автокөлік жолы бойында кем дегенде 3 жол бойықызмет көрсету кешенін іске қосу алдағы жоспардың еншісінде.
Мөлдір САБЫРЖАН