Арнайы жобаң бар ма?
«Мен облыс әкіміне кіруім қажет. Шұғыл! Сен маған көмектес!» көрші келіншек әңгімесін осылай турасынан бастады. «Әкімге кіріп қайтесің?» менде әрі қарай білгім келді. «Ботаникалық бақ салу қажет. Соны айтамын», дейді. «Арнайы жобаң бар ма?» деп тақымдай түстім. Сөйтсем, көрші келіншек жылдар бойы осы тақырып төңірегінде ізденіп, зерттеп бума-бума құжаттар жинап қойыпты. Тіпті Алматыға, Орал қаласына арнайы барып ондағы ботаникалық бақтың жұмысымен танысып келген. Бұл кім? Неге Қызылордада ботаникалық бақ ашқысы келеді?
Менімен көрші тұратын келіншек Гүлжан Боранбаева қаладағы №43 мектептің мұғалімі. Гүлжан Жалағаш ауданы, Бұқарбай батыр ауылының тумасы. Аудандық пәндік олимпиадаларға №33 орта мектептің атынан қатысып, биология пәні бойынша жылда жүлделі орынды жеңіп алатын. Мектептің қабырғасында жүріп-ақ қоғамдық жұмыстарға араласты, ғылыми-конференциялар да ғылыми жобалар қорғайтын. Кейіпкеріміз мектеп бітірген соң Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінде жеміс-көкөніс және өсімдікті қорғау мамандығы бойынша жоғары білім алды. Кейін Шымкент әлеуметтік-педагогикалық университетінде биология пәнінің мұғалімі мамандығын меңгерді. Еңбек жолын Алматы облысындағы «Қазақ көкөніс және картоп ғылыми зеттеу институтында» кіші ғылыми қызметкер болп бастады. Кейін туған жерге қайта оралған ол Бұқарбай батыр ауылындағы №33 орта мектепте биология пәнінің мұғалімі болып орналасты. Гүлжан мұғалімдік қызметіне үлкен дайындықпен кірісті. 6 сынып оқушыларына ауылды гүлдендіру бойынша практикалық та, ғылыми да білім берді. Айбек Хайрулла деген оқушысымен бірге «Қауынның құрттауының себебі» тақырыбында ғылыми жоба қорғап, аудан бойынша 1 орынды иеленді. Ол оқушылармен жақын байланыста болғанды ұнатады. Белгілі бір тақырыпты толық түсіндіріп, оқушыларына тәжірибе жүзінде де көзбен көріп, қолдарымен ұстап сезінуі үшін барлық жағдайды жасайды. Ғылымға баулып бағыт-бағдар бергенді жаны қалайды. Нәтижесі де жаман болмады. Оқушылары олимпиадалар мен ғылыми сайыстарда өз жобасын сәтті қорғады. Үздіктер қатарынан көрінді. Өрлеу оқу орталығына біліктілік арттыру курснан өтуге келгенде кураторыммен бірлесіп, дарынды және талантты балаларды оқыту ерекшеліктері тақырыбында мақала жазып, оқуын сәтті аяқтады. «Үш тілде оқыту» бағдарламасы бойынша биология пәнін ағылшын тілімен кіріктіре отырып оқытуға байланысты 5 айлық ағылшын тілі курсынан өтті. Гүлжанның бүгінде терминология бойынша тереңдетілген сыныбы бар. Өткен оқу жылында шәкірті Нұрай Балжігіт биология пәнінен қалалық олимпиадада жүлделі III орынды иеленді.
Гүлжанның еңбекқорлығынан бөлек табандылығы тағы бар. Облыс әкімнің қабылдауына жазылып, «қаламызда мектеп оқушыларына тәжірибе алаңы болатын ботаникалық бақ салу қажет» деп мәселені орынды көтере білді. Балалардың өсімдіктер әлемімен тек теория түрінде ғана танысатыны, әрі қарай қызығушылығын ояту қиынға соғатыны ұстаз ретінде Гүлжанның да жанына батып жүр. Сыр өңірінің өзінде ғана өсетін қаншама өсімдік бар. Гүлжанның арманы балаларды өсімдіктер әлемімен байланыстыру. «Күнделікті сабақ кезінде оқушыға өсімдіктің суретін көрсетіп, ол туралы мәлімет беру аз. Қаламызда үлкен ботаникалық бақ болса, барлық мектептің балалары кезек-кезек келіп, әрбір өсімдіктің ерекшелігін көзбен көрер еді. Тіпті тұқымын алып, өздері егіп, күтіп-баптап, өсіруіне де мүмкіндік болар еді», − дейді Гүлжан.
Замандастарынан оқ бойы озық тұрған кейіпкеріміз үнемі ізденіс үстінде жүреді. Мектеп директоры Бақытжан Иманбердиева да ұжымдағы белсенді мамандарға әркез қолдау білдіріп отыр. Қазір Гүлжан жаңа оқу жылына үлкен дайындық үстінде.
Гүлбану МАҚАЖАН