Ұйқы

Кеше адам ұйқысы мен ұлттың ұйқысын тікелей байланыстырған бір ғалымның әңгімесін көзім шалып қалды. Оған кейінірек ораламыз. Жалпы ұлттың ұйқысы деп нені айтуға болады? Меніңше ол сауатсыздық қана емес.
Адамға сыртқы және ішкі факторлардың әсер ете алмауы оның терең ұйқыға кеткендігін білдіретіндей. Яғни көнбістік, жалқаулық, осының бәрі бәрі. Абай айтпақшы, ешкімнен ешнәрсе үйренбеуі, дауысын шығарып, ішіндегі ойын айта алмауы да қазақтың қанына сіңген қасиетке айналған .
Жоғарыда айтқан ғалым өз мақаласында ацетилхолин деген химиялық зат бар екенін айтыпты. Ол мидың «ұйықтау» қабілетін жоғарылатады. Былайынша айтқанда, біздің ұлттың жағдайы осы нәрсеге тәуелді іспеттес. Бүгінді былай қойғанда, осыған дейінгі ғасырларға созылған сыртқы және ішкі мәселелер, басып-жаншу қазақтың ұйқысын одан әрі арттырған секілді. Тәуелсіздік алсақ та әлі осы дерттен жазыла алмай келе жатырмыз.
Енді әлгі ғалым айтқан жеке адамның ұйқысына келейік. Бірінші кезеңде адам бойы балбырап, не ұйқыда емес, не ояу емес болады екен. Бір сөзбен мызғып кетуді білдіреді. Ал екінші кезеңде адамның шынымен ұйықтап кетуі, яғни, көз шырымын алуды айтады. Үште қатты ұйқыға кетеді де, төртінші кезеңде айналадағы тарсыл-гүрсілді естімейтіндей тастай ұйықтап қалады. Бұл процесс бір түнде 5-6 рет қайталанады-мыс. Демек, ұйқыдағы адам бір түнде бір кезеңнен екінші кезеңге ауысып жүреді. Азанда адамның бір күні тез, сергек оянып кетуі, бір күні кешегі оянған уақытында қиналып оянуы да осыған байланысты. Ұлттың ұйқысы да жеке адам секілді. Бір кезеңде не ғасырда сергек, бір ғасырда ұйқылы-ояу маужырап жүреді. Ғалымда мақаласының соңында соған қарай тарих қайталанып отыратынын айтқан.
А.БЕРДІБАЙҰЛЫ