Ертеңін ойламаған ел азады
Сәбит Ибадулла, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, PhD докторы:
– “Ертеңін ойламаған ел азады” дейді халық даналығы. Барын бағалап отыратын, ұрпағына үмітке сай білім беріп, тәрбиелейтін ел озады. Осы орайда, мемлекетіміздің интеллектуалды қорын құру жолындағы игілікті бастамаға Мемлекет басшысының өзі тікелей ұйытқы болды. Елдің адами капиталы тек білім арқылы ғана көрінетіні сөзсіз. Ал білімде серпіліс болмаса – инновациялық дамуда серпіліс болмайтыны бесенеден белгілі. Сондықтан жастар білімді, білікті, заман талабына төтеп беретіндей және еліміздің экономикасын арттыруға инновациялық дамуының тегершігі болуға тиіс. Бұған біздің жастарымызға барлық мүмкіндік жасалған. Жастар жылында енді біздің жастарымыз мұның барлығын құр сөзбен емес, іспен дәлелдейді деп сенемін. Аймақ басшысы қолдауымен сол жақ жағалауда жастарға арналған «Жастар орталығы» ғимараты бой көтерді. Жалпы бұл ғимаратта Жастар орталығынан бөлек ІТ парк болады. Жастар жылы деп конференциялар мен жиналыстарды көбейтпей, мейлінше жаңа еркін форматта, қысқа курстар, жарыстар мен конкурстар ұйымдастырып, стартап жобаларға қолдау көрсетіп, мықты мамандармен meet-up ұйымдастырып, жаңа көзқараспен жастарды жаңа бастамаларды бастауға шақыру керек. Өңіріміздің игілігі, еліміздің дамуы үшін жастар жаппай еңбек етуі қажет. Қазіргі заманауи жаңа технологиялар дамыған уақытта осындай маңызы зор мақсат қойып, елдің өркендеуін, дамуын күшейту жұмыстары – кемел болашақтың кепілі болары сөзсіз.