» » МЕН САЗГЕР ЕМЕС, КОМПОЗИТОРМЫН

МЕН САЗГЕР ЕМЕС, КОМПОЗИТОРМЫН

Кеңес ДҮЙСЕКЕЕВ, композитор:

– Аға, туған өлкеге қош келдіңіз. Балалық шақтың балғын күндері өткен аулыңызға да жиі ат басын бұратын шығарсыз...
– Қазалы ауданында Қызылту деген ауыл бар. Мен сонда туып-өскенмін. Қазір Жалаңтөс баһадүр бабамыздың атында. Менің руым – Төртқара. Әйтеке би, Жалаңтөс батырлар – менің тура бабаларым. Кемпір-шалдың мазары сонда. Сондықтан жылына бір рет барып, Құран оқытып, басына тағзым жасап қайтамын. Бұл менің – борышым.
– Екі жылда бір рет сіздің шығармашылығыңызға арналған «Туған жер» атты байқау өткізіліп тұрады. Қызылордалық жас әншілердің аяқ-алысы қалай?
– Жаман емес. Тек біразына үлкен музыкалық білім алу қажет. Бірақ Қызылорда не басқа деп бөлудің қажеті жоқ. Ол қазақ халқының табиғатына тән дүние емес. Бөлінгенді бөрі жейді. Қазақ деген бір ғана халық. Дүние жүзінде өзіндік ерекшелігі бар, тіршілігінде, салт-дәстүрінде, ешкімге ұқсамайтын табиғаты бар бөлек жұрт. Соны біз ұмытпауымыз керек деп ойлаймын. Құдайға шүкір, қазақтың ұланғайыр даласында таланттар жетеді. Менің атымдағы конкурста елге әлі таныла қоймаған жас әншілер тек қана Қызылорданың емес, еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, лауреат атанып, жеңімпаз болып жатыр. Мұның барлығы өте қуанышты жағдай.
– Аға, ақын деген халық алған әсерін лезде қағаз бетіне түсіре қояды ғой. Ал композиторше? Шабытты неден аласыз?
– Композитор ойын музыкамен жеткізеді. Ән де көңіл-күйдің ырғағынан туындайды. Барлығы бір ойдан туатын дүние ғой. Біреулер автобустың ішінде, иә бір көліктің ішінде келе жатып ән шығардым дейді. Оның бәрі меніңше далбаса әңгіме. Бір дүниені шығару үшін қаншама ойлану қажет. Бір ай ма, бір жыл ма, бір Құдай біледі. Шындығында, жүректен жүрекке жететін туынды «әп» дегеннен келе қалмайды. Келсе де, одан сапалы шығарма шыға қоймас.
– Ал композиторда ең сәтті және сәтсіз туынды деген ұғым бола ма?
– Композитордың жазған дүниесінің барлығы ішінен шыққан баласындай ғой. Сәтті ме сәтті емес пе оны тек халық шешеді. Енді кәсіби адам болғаннан кейін елдің жүрегіне әсер беретін, тыңдарманға ой тастайтын дүниелер жазғың келеді. Соған тырысасың.
– Алла адамға бір пайыз талант береді, қалған 99 пайызы еңбекпен келеді дейді. Композиторлықта ізденіспен келе ме?
– Шынына келгенде, талант керек. Онсыз ештеңе болмайды. Еңбектенбесең ештеңе шықпайды. Мысалы, менімен оқыған және менен кейін бітірген, маған дейін бітірген біраз композиторларды танимын. Консерваторияны бітірген, композиторлық мамандықты алған талай талантты қыз-жігіттер бар. Солардың біразы кейін жазбай кетті. Бұның бәрі сол еңбектенбегендіктен. Он жерден талантты бола берсін, бәрібір еңбегі еленбеген өнер адамы тоқырап қалады. Міндетті түрде ізденіс керек. Ол бір жақты дүние емес. Тек қана музыка жазу емес, біліміңнің өте терең болуы қанатыңды кеңінен жаюыңа мүмкіндік береді. Ойыңдағы нәрсені пісіріп дамыту үшін қай кезде де білім қажет. Толыққанды өнер иесі болу үшін талантқа арқа сүйеп отыра беру қателік. Белгілі нәтижеге жеткің келсе немесе өз салаңда мықты болу үшін тынбай еңбектену қажет. Бұл ұстаным барлық салаға ортақ дүние.
– Бүгінге дейін көптеген әндер жаздыңыз. Бір сұқбатыңызда «мен сазгер емеспін» депсіз. Композитордан оның нендей айырмашылығы бар?
– Жұрттың көбі мені сазгер деп ойлайды. Ән жазатын композитор деп түсінеді. Онысына рақмет. Ән арқылы танымал болып жүрген шығармыз. Алайда, менің үлкен шығармаларым шетелдерде, дүние жүзінің түкпір-түкпірінде орындалып жатыр. Мен кәсіби композитор болғандықтан классикалық жанрдағы шығармаларды көп жазамын. Классикалық бағытта біршама концерттік-симфония, симфониялық көріністер, кантаталар жаздым. Олар хорға, фортепианоға, симфониялық оркестрге де арнап жазылған болатын. Бірақ ішінара эстрадалық жанрдағы әндер жазғасын «Дүйсекеев тек әндер жазады» деп ойлайтын шығар. Дегенмен, осы жасап жүрген тіршілігімнің бәрі қазақ халқын күллі әлемге таныстыру, осындай қазақ деген ел бар екенін көрсету. Ол «мен, мен едім, мен едім» деген әңгіме емес. «Мен, мен едім, мен едім» деген тек қана Махамбетке жарасады. Оның өзінде қасында Исатайы барында. Менің қасымда Исатайым жоқ. Сондықтан мұның бәрі тек қана «қазақ, қазақ» деген тіршіліктің айналасына ұйысады. Менің түсінігім бойынша композитор – кәсіби адам. Кәсіби жан-жақты білім алған адам. Композицияның не екенін білетін, түсінетін, өзінің ойын нотаға түсіре алатын адамды композитор деуге болады. Халық көрінгеннің бәрін, ыңылдап ән шығарғанның бәрін композитор деп жүр. Ол өте қате түсінік. Ара жігін ажыратып алған дұрыс. Кеңес үкіметі кезінде олардың барлығын әуесқой дейтін. Кейбір журналистер сазгер деген кезде менің зығырданым қайнайды. Себебі, мен сазгер
емеспін. Мен – композитормын. Нағыз кәсіби білім алған адаммын. Сазгер шығарған туындының өрісі өміршең болмайды. Кәсіби тұрғыдан алып қарасаң, фортепианоға, т.с.с. аспаптарға арнап шығарма жазу олардың қолдарынан келмейді. Тек өздері әупірімдеп жүріп жасаған туындыларын музыкалық студиялардағы кәсіпқой музыканттарға алып барады. Олар оны ақылы түрде нотаға түсіріп, аранжировка жасап береді. Ал композитордың орны бір бөлек. Ол кішігірім әуеннен бастап, үлкен көлемдегі симфония, концерттік шығармаларға дейін жаза алатын, арнайы музыкалық білімі бар, шығармашыл тұлға. Ол музыкалық туындыны дүниеге келтіріп қана қоймай, оны нотаға түсіре алады, оркестрлерге арнап партитуралар дайындай алады.
– Ұрпағыңыздың ішінде ізіңізді жалғап, өнер саласына бетбұрыс жасағаны бар ма?
– Жоқ. Біздің тұқымда музыка өнерінде жүрген жалғыз өзім ғана. Немерелерімде немесе олардан кейінгі ұрпақтарымда бола ма ол енді уақыт еншісіндегі дүние. Бір Құдай біледі. Мен оларға сенің қабілетің бар, өнер жолын таңда деп өзгелер секілді қинағанды жек көремін. Адамның өзінің ілтипаты, ынтасы болу керек қой. Өзінің өнерге көңілі не арманы болмаса, барлығы бекершілік. Сондықтан оны қинағаннан ештеңе шықпайды.
– Қазір мәнсіз-мағынасыз, жеңіл әндердердің дәурені жүріп тұр. Нағыз музыка көмескіленіп бара жатқан жоқ па?
– Ақшаң болса қалтаңда, талтаңда да талтаңда деген заман осы заман болып отыр өкінішке қарай. Бәрі шетінен данышпан. Өзі ән шығарады, өзі ақын, әрі әнші. Бұрын нағыз данышпандар ғасырда бір туатын. Кеңестік кезеңде қазіргідей сапасыз әншілер мен туындыларды іріктейтін. Бей-жай қарамайтын. Сайдың тасындай мықтыларды ғана таңдап алушы еді. Көркемдік кеңес болатын. Олар таланттыларға жол ашып, талантсыз түкке тұрмайтын дүниелерді алып тастайтын. Қазір ол жоқ. Қазір музыкалық білімі жоқ адамдар ыңылдап, студияға барып жиған-терген ақшасын төлеп, ән шығара салады. Жан-жағыңа қарасаң, екі үш ән шығарып, «мен – композитормын» деп көкірегін ұрып жүргендер көп. Сонау 70 жылдары марқұм Әбілахат Еспаев ағамызбен кездесіп әңгімелескенде, айтқан сөзі бар еді: «Кеңес, бұл не заман болып кетті? Далаға шығып, таяқ лақтырсаң «композитормын» дегенге тиеді» деп еді. Меніңше, сол кісінің айтқан сөзінің көкесі бүгін болып отыр. Сондықтан осының бәріне тыйым салып, іріктейтін заң керек. Әйтеуір бір шара қолдану қажет сияқты. Солар тыңдарман рухани азық ала алмайтын тойдың әндері мен ырду-дырду бидің әндерін шығаруға әуес. Заман талабы сол дейді білгіштерден сұрасаң. Апыр-ай, сапасыз әндер жазып, елдің құлағын үйретіп тастаған өздері емес пе? Халықтың талғамын бұзып жатқан да осы. Мәселен, бұрын кез келген ақынның өлеңіне емес, саралап, салмақтап, ішінде халыққа ой саларын ғана таңдап алушы еді. Мысалы, мен басында көптеген әндерімнің өлеңін Шөмішбай Сариевке жазғызып жүрдім. Кейін Жарасқан Әбдірашев, Ибрагим Исаев, Исраил Сапарбай секілді ақындар да әндерімнің өлеңін жазды. Меніңше, ақынға өлең жаздырғанда да талғам болу керек. Сондықтан осының бәріне тосқауыл қоятын кезге келдік-ау деймін. Онсыз болмайды. Әрі қарай осы қарқынмен кетер болсақ, төл өнеріміз былай тұрсын, қолымызда бар дүниеден айырылып қаламыз ба деген уайымым бар. Өнер саласы қамқорлық танытпасақ, құрдымға кететін сияқты көрінеді маған.
– Өлмейтін шығарма қандай болу керек?
– Ол енді творчестваның әр адамының арманы шығар. Бірақ сол өлмейтін шығарма жаздым деп ойлаудың түк қажеті жоқ. Мен қазір өлмейтін шығарма жазам немесе мақсатым сол деген адам болса, ол оның үлкен қателігі. Ол оқыған-тоқығаны мол, жоғары білімді, әдебиет, тарих, поэзия дегенді жақсы білетін адам. Композитор жай адам болмаса керек. Сонда ғана нағыз өшпейтін дүниелер шығуы мүмкін.
– Арман – адам қанаты дейді. Армандарыңыз қандай?
– Дегеніне жеткен жанның бірі – менмін. Музыка мені өзім армандаған шыңға жеткізді. Жалпы, менің музыка әлеміне деген қызығушылығым домбырадан басталған еді. Бала күнімде домбыраны жанымнан бір елі тастамайтынмын. Осының ізімен мектеп бітірген соң ең алғашқы ән-күйлерімді шығара бастадым. Бұл менің өнер саласына жасаған алғашқы қадамым еді. Тәжірибем толысқан шақта «Еркеледің сен», «Домбыра туралы баллада», «Сәлем саған, туған ел!» секілді әндер жаздым. Кейін бұл әндерді Нағима Есқалиева, Роза Рымбаева секілді елімізге танымал әншілер орындады. Кейбір әндерім халықаралық конкурстарда орындалып, жүлде де алды. Осымен мақтанам. Дегенмен, адамның арманы бітпек емес. Арманым өле-өлгенше еліме қызмет жасасам деймін. Денім сау болса, әлі де болса, халқымның рухани қазынасын толтырсам деген ойым бар.
– Жастарға айтар ағалық кеңесіңіз...
– Жастарға айтар бір-ақ нәрсе. Елін сүйсін. Қазақ деген рухты, ұлы халық екенін ұмытпасын. Ерінбесін. Құрғақ қасық ауыз жыртады дей ме, құр сөзбен елім менің демей соны жүрекпен істегені абзал. Тағы бір айтарым, өнерге келген адамның жүрегі таза болу керек. Табиғаты да. Таза жүректен таза, мөлдір дүние шығады. Ол жүректен жүрекке жетеді де. Ал анадан, мынадан құрап жасаған дүние, халықтың жүрегінен орын ала алмайды. Халық қабылдамайды. Еліміз егемендік алып, қазір дүние жүзіне біршама танымал болып қалды ғой. Соны одан әрі жандандыру, әмбе жұртқа қазақты таныту қазақтың жаңа толқынының қолындағы іс. Соған талмай қызмет жасау керек. Ол үшін оқу керек. Сауатты, талапты жастары бар жұрттың өзгелерден көші ілгері болады. Осыны әрбір қазақ жадында ұстасын.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Ақтілек БІТІМБАЙ
09 қыркүйек 2019 ж. 962 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031