Қызылордалық полицейлер республикалық байқауда номинация иеленді
Қызылорда қалалық полиция басқармасының іс-құжаттары мемлекеттік тілде жүргізілуде. Барлық деңгейдегі іс-шаралар мемлекеттік тілде жүргізіледі. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бұйрығының негізінде «Ішкі істер органдары қызметкерлерінің арасында жыл сайын «Парасатты полицей» атты республикалық байқауы өтеді.
Байқау биыл 5-6 қыркүйек күндері Маңғыстау облысы Ақтау қаласында ұйымдастырылды. Онда облыстық полиция департаментінің «Сыр сарбаздары» командасы түрлі шығармашылық тапсырманы орындау арқылы алғырлығын, актерлік қабілеттерін, шеберліктерін паш етіп, «Өнерлі команда» номинациясымен марапатталды. Кәсіби терминдер, мемлекеттік тілде сөйлемдерді дұрыс әрі әдемі құрау бойынша біліктіліктерін сынға салу кезінде командалар өздерінің жоғары дайындық деңгейін көрсете білді. Мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлтты қызметкерлердің арасында Угай Борис және Тен Аль-Фараби белсенді қатысып, өз өнерлерін көрсетті.
Аталған сайыстың мақсаты — ішкі істер органдарында тіл саясатын насихаттау, полиция қызметкерлерінің оң имиджін нығайту. Сыр елінің тәртіп сақшылары арасында талантты да өнерлі қызметкерлерді көрсету, сонымен қатар қазақ тілінің мәртебесін көтеру. Сонымен қатар, құқық қорғаушыларды Отанға, тілге, өз елінің тарихына деген патриоттық тұрғыда тәрбиелеу, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем тіл мен әдебиетті насихаттауды жандандыру болып табылады.
Айта кетерлігі, Қызылорда қалалық Полиция басқармасында мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлтты қызметкерлердің қатары аз емес. Әсіресе, тергеу бөлімінің, ЖБО қызметкерлері, учаскелік полиция инспекторларының ішінде қазақ тілін жетік меңгерген орыс, кәріс ұлтының өкілдері бар.