» » Барар жер, басар тау қалмай...

Барар жер, басар тау қалмай...

Өткен аптада "Рухани жаңғыру" орталығы және "Самұрық" инновациялық идеяларды дамыту орталығы" қоғамдық қорының төрағасы  Жандос Түсмағамбетовтың ұйымдастыруымен «Қамқорлық» дағдарыс орталығында Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Революциялық емес, эволюциялық даму» жобасы аясында «Бақытты жанұя» тақырыбында сұқбат алаңы өткізілді.
Мақсат – облыс тұрғындары арасында тұрмыстық, жыныстық, экономикалық, эмоциялық және тағы басқа зорлық-зомбылықтың немесе зорлық-зомбылық қатерінің салдарынан қиын жағдайға тап болған, тәуекел тобындағы тұлғаларға, көбінесе әйелдерге (мамандардың кеңес беруі, уақытша баспанамен қамтамасыз ету, оңалуға және әлеуметтік бейімделуіне көмектесу) және діни экстремизм ұйымдарының ықпалынан шыққан тұлғаларға қолдау көрсету, оларға құқықтық кеңес беру.

"Қамқорлық" дағдарыс орталығы 2011 жылдан бері қызмет етіп келеді. " Бұрын отбасында орын алғанда жағдайды ерлі-зайыпты өзара шешетін. Қазіргі таңда қоғам өзгерді. Мүмкіндік болмаған соң арнайы орталықтың қызметімен шешуді жөн санады. 2017 жылы 37 отбасын  яки 94 адамды құрады. Оның 28 отбасы өз жанұясына оралды. Ал 9 отбасы өз күндерін өздері көретінін мәлімдеп орталықтан шықты. 2018 жылғы санақ бойынша 77 отбасы келіп, 59 отбасы татуласып, өз шаңырақтарына оралды. Оның 18-і ол шаңырақта тұру мүмкін еместігін айтты. 2019 жылы 43 отбасы қызмет алып,  ол 107 адамды құрады. Барлығы 15 отбасы бітімгершілікке келді.  Облыс тұрғындары арасында тұрмыстық, жыныстық, экономикалық, эмоциялық және тағы басқа зорлық-зомбылықтың немесе зорлық-зомбылық қатерінің салдарынан қиын жағдайға тап болған, тәуекел тобындағы тұлғаларға құқықтық, психологиялық көмек көрсетіледі, кеңестер беріледі. Сонымен қатар "Тұрғын үй жинақ банк" қызметкерлері де келіп кеңес беруде. Балалардың барлығын қалалық №8 мектепке ауыстырамыз. Сондай-ақ тегін балабақшаға жібереміз", – деді «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қорының төрағасы Жандос Тұсмағамбетов.
Еркін пікір алаңға қатысқан "Nur Otan" партиясының облыстық филиалының өкілі Базара Танбаева орталықтағы аналарға қолдау білдіріп, қажетті көмекті беретінін тілге тиек етті.
Өмір тауқыметін тартқан жандар
Бүгінгі таңда айырылысып кеткен жандар жетерлік. Тіпті әрқайсысының тағдыры әртүрлі. Бірі зорлық-зомбылықтың құрбаны болса, енді бірі ішімдік пен нашақорлықтың тауқыметін тартқан жандар. Ал қиындыққа тап болып, барар жер басар тау таппаған аналар үшін "Қамқорлық" дағдарыс орталығы көмек қолын созуда. Қиын жағдайға тап болған 12 ана қазіргі таңда осы орталықтың қызметіне жүгінген. Қызметкерлер барлығы 40 адамға мейлінше көмектесіп отыр. 28 баланың үлкені 15 жаста болса, ең кенжесі жақында қырқынан шығарылған.
Жалпы бұл орталықтың барын бірі білсе, бірі білмейді. Келушілердің көбісі ғаламтор арқылы естігендерін алға тартуда. Түн ортасында киім-кешегін, бала-шағасын құшақтап далада қалған ана үшін аталмыш орталықтың берері зор. Расында орталық тек паналатып қана қоймай, кез келген мәселесін шешіп береді. Себебі көбісі орталықтың қызметі арқылы атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізген болса, енді бірі құжатын қайта жасатуға мүмкіндік алған. Сондай-ақ ананы жұмысқа, баланы мектеп пен балақшаға орналастыру осы орталықтың тікелей жауапкершілігінде. Уақытша баспанамен қамтамасыз етіп, әлеуметтік-психологиялық, құқықтық кеңес те осы жерден беріледі. Уақытша баспанамен қамту уақытының ең ұзақ мерзімі – 6 ай. Сол уақыт аралығында психологиялық көмек көрсетіліп, ерлі-зайыптымен тікелей жұмыс жүргізіледі. Егер ыңғайы келсе ұл-қыздарын ата-анадан ажыратпай, ерлі-зайыптыны бір-біріне қосуға, түсініспеушіліктің бәрін артта қалдыруға ықпал жасайды. Нәтиже болмаса екі бөлек өмір сүріп,  бағытын өзі айқындайды.

Отбасы –  мемлекеттің бір бөлігі
Әлима Әбдіқалықова,
облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы:
–  Бұл жағдай үлкен мәселеге айналды. Оның үстіне жыл сайын өсу динамикасы бар. "Рухани жаңғыру" бағдарламасы – бұл ұлттық рухты тәрбиелеуге айналған, ұлттық құндылықтарды сақтау, білу соны дәріптеу, қадірлеу, өз отбасында пайдалану. Бұл әрине отбасының мәселесі, ерлі-зайыптылардың мәселесі, ата-ана мен бала мәселесі. Дегенмен отбасы – мемлекетің бір бөлігі Сол үшін мемлекет қамқорлық жасап, қолдау білдірді. Енемен қарым-қатынас, бала тәрбиесі бұл тек отбасы емес, ұлттық мәселеге айналды. Қазіргі таңда үйге деген, отбасыға деген ыстық сезім сезілмей жатыр. Отбасыға отағасы мен отанасы да, ұл мен қыз да қайтуға асығатын болса, міне, бұл шаңырақтың бірлігі бекем болмақ. Ыстық ықылас, жылу бар деп толықтай айтуға болады. Бір-біріне деген сыйластықтан қарым-қатынас нығаяды. Жігер, шыдамдылық, қайрат, күш, білім керек. Масылдық деген түсініктен ада болған жөн.
Өз перзентінен безген әке
Отбасының ажырасып кетуі көбіне жастардың арасында жиі кездеседі деп ойлаушы едім. Орталықтың қызметін алушыларынан байқағаным, үлкен кісілердің де сол жақта паналауы ойымды түбегейлі өзгертті. Тіпті бес балалы, төрт балалы ананы да кездестірдік. Көздері жәутеңдеген перзенттерді көріп "өз баласынан безген қандай әке"  дедік...
Әкесі шөлмекті айырылмас серігіне айналдырса, енді бірі бақытын өзге біреумен байланыстырған. Ал бірі нашақорлықты жақсы деп тауып, аяулы жарына қол көрсетіп, оны зорлық-зомбылықтың құрбану болуға мәжбүрлеген. Ерлі-зайыпты айырылысқанда кінә бір тараптан ғана болмайтыны белгілі. Дегенмен перзентінің болашағын бағамдайтын әке үшін, шылым, да шөлмек бос әңгіме істептес болар еді.
Әр тағдыр бір ортада тоғысқан
Әріптесім орталықтан өз танысын кезіктірді. Қыздың айтуынша, күйеуінің туыстары бұл жақта екенінен бейхабар. Жасы 18-ге жақында толған бойжеткеннің тағдыр тауқыметі қиын. Бір жыл бұрын тұрмыс құрып, отбасы бақытын сезіне алмаған соң киім-кешегін жинап кете барған. Анасы қайтыс болған бойжеткен басқа туыстарының көмегіне жүгінгісі келмейді. Ал бір бойжеткен – Алматы қаласының тұрғыны. Сол жақта жұмыс істеп жүріп қызылордалық азаматпен танысып, отбасын құрады. Сөйтіп өмірі көрмеген өңірден бір-ақ шығады. Отбасылық өмірде енесімен тіл табыса алмайды. Осылайша кетуге шешім қабылдайды. Күйеуі "жолың болсын" деп шығарып салады. Артынша іздеп те келмейді, хабарласып жағдай да сұрамайды. Жұбы жазылмаған жас отбасы бір күнде жат адамдарға айналады. Атын айтуды жасырған кейіпркеріміздің ата-анасы екі жасында жол көлік оқиғасынан қайтыс болған. Одан бері сіңлісінің қамқорлығында болған. Қазіргі таңда оның да өз отбасы бар. "Ата-анам тірі болса, бұлай жүрмес те едім" дейді көзінен еріксіз аққан жасты сүртіп. Әрине ата-анасы тірі болса, Алматысына ат басын бұрар еді. Әттең, ол жақта да алып-ұшып күтіп отырған адам жоқ.
Балаларымды қасыма алып, бақытқа бөлендім
Әлфия МАКЕЖАНОВА,
"Қамқорлық" дағдарыс орталығының қызмет алушысы:
– Өзім Семей қаласының тумасымын. Бірінші некеден екі балам бар. Осы орталыққа келгелі 4 баламды да қасыма алдым. "Қамқорлық" дағдарыс орталығын ашқанына қуаныштымын. Баратын жерім болмап еді, танысым осы орталыққа келуге кеңес берді. Құжатым дұрыс емес болған соң, мемлекеттен жәрдемақы ала алмадым. Жандос Бектайұлының арқасында құжатымды реттеп, атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткіздім. Төрт баламды қасыма алғаным үшін бақыттымын. Балам тегін балабақшаға барады, жағдайым жақсы. Мақсатым – сәбилерімді аяқтан тұрғызғым келеді. 
Орталық қызметіне екінші рет жүгіндім
Салтанат Әйтенова,
"Қамқорлық" дағдарыс орталығының қызмет алушысы:
2017 жылы осы орталықтың қызметіне жүгіндім. Екі айдан кейін "ат айналып қазығын табады" деп ойладым, бір жағынан "қателеспейтін пенде болмайды" деген оймен отбасыма қайта қосылдым. Бастапқыда жап-жақсы өмір сүрдік. Кейін әдепкі әдетіне қайтара басты. Ішіп алып, маған, балаларыма қол жұмсауға көшті. Балаларым қорқып өмір сүретін жағдайға жетті. Осылайша орталықтың есігін екінші рет ашуға тура келді. Қайын атам өмірден озған соң енеммен, күйеуіммен бір шаңырақ астында тұру мүмкін емесін түсіндім. Алдағы уақытта балаларыммен бірге өз күнімді өзім көретін боламын. Үлкенім 15-те, колледжде білім алады. Би билегенді ұнатады. Біршама жетістіктері де бар. Өз балаларыммен мақтанамын. Әкесі көкірегінен итергенімен өз балаларымның болашағы үшін өмір сүретін боламын.
Өткенді ұмытып, жарқын болашақта өмір сүргім келеді
Инабат АҒЫБАЙ,
"Қамқорлық" дағдарыс орталығының қызмет алушысы:
– Келгеніме екі ай болды. Қазіргі таңда "Қызылорда тазалығында" жұмыс істеймін.  Мен орталықтың қызметін ғаламтор арқылы білдім. 4 жасар ұлым бар. Екеуміз пәтерде тұрдық. Өзім жұмыс істеп, баламды үйге құлыптап кететін едім. Сөйтіп жүріп бір күні ұлым сырқаттанып қалды, жұмыстан шығуға тура келді. Пәтер ақысын төлей алмаған соң шығуға мәжбүр болдым. Барар жерім болмаған соң осында келдім. Ағайын-туыстан көрмеген қамқорлықты, жылулықты осы орталықтан сезіндім. Келгелі өзім жұмысқа тұрдым, ұлымды балабақшаға орналастырды. Денсаулығын толықтай тексерді. Қазіргі таңда жағдайымыз жақсы. Өмірде қателік жасамайтын пенде болмайды. Шалыс басқан да шығармын. Дегенмен өткенді ұмытып, жарқын болашақта өмір сүруге талпынамын.  Тренинг, семианрлар жүргізіліп жатыр. Керекті көмек те кеңес те мүмкіндігінше беріліп жатыр. Орталықтың қызметкерлері түсіністікпен қарайды. Тағдырымыз тағдырлас болған соң бір-бірімізбен тығыз байланысамыз.
Балаларымның қорқып өмір сүргенін қаламаймын
Анар ИБРАЕВА,
"Қамқорлық" дағдарыс орталығының қызмет алушысы:
– Жасым – 35-те. Бес балам бар. Күйеуіммен ажырасқаныма 5 жыл болды. Зорлық-зомбылықтың құрбаны болдым. Өмірде көрген азабым да бейнетім де көп. Күйеуім көп қол жұмсаушы еді. Одан балаларым қорқа бастады. Енеме еш кінә арта алмаймын. Ол кісі мүмкіндігінше маған қарап, балаларыма да қолғабыс етті. "Пәтер ақысын төлеуі қиын болады, қолғабыс етейін" деді. Сосын үйге қайта бардым. Күйеуім бір айдан соң қайта өз әдетіне басты. Балаларымның қорқынышпен өмір сүргенін қаламадым. Сосын орталық туралы көршілерімнен естідім. "Неге бармасқа" дедім. Бұл жақтағылар ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасын түзетуге де жұмыс істейді екен. Ал мен қайта қосыла алмайтынымды білдім. Қазіргі таңда балаларым мектепке орналастырылды. Ал өзім жұмыс істеп жатырмын. Бір өкініштісі, орталықтың қызметінің ең ұзақ мерзімі – 6 ай. Әйтпесе барлық көмекті, кеңесті алып жатырмыз.
Алты айдан кейін қайда барамыз?
Ақкенже ШермАнова,
"Қамқорлық" дағдарыс орталығының қызмет алушысы:
Қазіргі таңда осында тұрып жатырмын. Үйімнің құжаттарын заңдастыра алмай жатырмын. Сол біраз қиындық тудырып тұр. Осында келгенімнің де басты себебі осы. Жолдасым қайтыс болып, үш баламен жалғыз қалдым. Кейін қайта отау құрып, бақыттың кілтін таптым дегенде арада кикілжін туып айырылысып кеттік. Кішкентайым екеуміз орталықтың қызметін пайдаланудамыз. Үйдің құжаттарының реттелмей жатқанына 23 жыл болды. Бір кісіден үй сатып алғанбыз. Дегенмен құжаты дұрыс емес екен. Бүгін-ертең шешімі табылады деген үміт жоқ. Өзім І топ мүгедегімін. Кейін қайда барып, қалай күн көрерімді бағамдай алмаймын.
Жоспарым көп
Назира Жүсіпова,
"Қамқорлық" дағдарыс орталығының қызмет алушысы:
Осы жаққа келгеніме үш айдан асты. Аяғым ауыр болып келдім. 7 айлық едім, күйеуім ішетін, ұрып-соқты. Екі балам бар, үлкені балабақшаға барады. Екіншім жақында қырқынан шықты. Осында келген соң "Ана мен бала" орталығында босандым. Күйеуіммен азаматтық некеде тұрдық. Оқу оқымадым, мамандығым жоқ. Тек құрылысшы болып жұмыс істегенмін. Күйеуім қол жұмсауды шығарды. Басында жап-жақсы өмір сүрдік. Кейін жиі ұрсатын болдық. Алдағы өміріме жоспарым көп. Балам өскен соң олардың болашағы үшін жұмыс істеймін. Осында келгелі атаулы әлеуметтік көмек алатын болдым.
Орталық қызметкерлері жылы шырай танытып тұрады
Әсел НҰРЖІГІТОВА,
"Қамқорлық" дағдарыс орталығының қызмет алушысы:
 – Жолдасым қол жұмсады. Бұл бір-екі рет қайталанған нәрсе емес еді. Ауруханадан осы жаққа әкелді. Ол кезде аяғым ауыр еді. Қазір босандым, жағдайым жақсы. Босанған кезде он күн жансақтау бөлімінде жатты. Екі қызым ауылда болатын. Оларды қасыма алдым. Жолдасым ішпейтін, бірақ шегетін. Шеккен соң қол жұмсаушы еді. Орталықтың қызметіне толықтай көңілім толады. Қызметкерлері де жыры шырай танытып тұрады.
P.S "Үйлену оңай, үй болу қиын" дейді. Осы мақалдың астарында ақиқаттың жатқаны анық. Себебі ерлі-зайыптының отбасын құруынан, шаңырағының шайқалғаны тез. Бірі бұрыс, енді бірі дұрыс әрекет жасайды. Ақыры айырылысуға шешім қабылдайды. Баланың болашақ тағдыры бір Аллаға аян. "Қамқорлық" дағдарыс орталығы қанша адамның сауабын алып, қанша адамды тығырықтан шығарды. Панасызға пана болды. Заң жүзінде құжаттарын заңдастырып, алу тиіс мемлекеттік көмектің бәрін реттеп берді. Атаулы әлеуметтік көмекке де қажетті құжаттарды дайынап, уақытында тапсыруға себепкер болды. Бұл орталыққа алғыстан айтар артық сөз жоқ екенін кездесу барысында аңғардық. Тек әттеген-айы уақыты қысқа екен. Егер тығырыққа тіреліп, барар баспана, қол ұшын созар адал дос іздесеңіз осы орталыққа жүгінген абзал. Орталықтың байланыс номері 30-25-40, Cool centr. Аналардың көкейіндегі түйткілді сауал "алты айдан кейін қайда барамыз?". Ал бұл сұрақтың нақты жауабын тиісті мамандар бірлесе шешер...
Мөлдір САБЫРЖАН
12 қыркүйек 2019 ж. 1 442 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031