» » Өзін-өзі басқаруды дамыту жолдары

Өзін-өзі басқаруды дамыту жолдары

  Біздің күнделікті күйбең тіршілігіміз қиындыққа толы. Баланың кішкентай кезіндегі жауапкершілігі толығымен ата-анасына жүктеледі. Есейе келе, адам өмірі мен отбасының өмірін басқару жауапкершілігін түсініп, түйсіне бастайды. Бұл – қиындығы басым міндет болғанымен қызығы да баршылық. Өйткені, адам өз болашағын өзі қалыптастырады және оның өмір сүру сапасы өзі қабылдаған шешімдеріне тікелей байланысты.
Адам баласы сияқты мемлекет те қалыптасу жолынан өтеді. Бастапқы кезеңде мемлекет барынша ықпал ете алғанмен, шектен тыс орталықтандыру елдің дамуын тежейтін кезең де келіп жетеді. Сонда азаматтардың позитивті белсенділігі, оларды өз үйін, шаруашылығынын, ауылдық округін басқаруға тарту қажеттігін түсіне бастайсың.
Мұндай мүмкіндік бізде бар және ол заңды түрде ресімделген. Жергілікті өзін-өзі басқару процесіне қатысу арқылы азаматтар өз ауылының, қаласының дамуына ықпал ету мүмкіндігіне ие. Бірақ мұндай мүмкіндіктің болуы бір бөлек те, оны іске асыру басқаша. Қоғамның белсенді қатысуынсыз жергілікті өзін-өзі басқару – тек фикция. Мұндай игі іске қоғамды қатыстыру біршама уақыт пен күш-жігерді қажет етеді. Алайда, тиімді басқару нәтижелі болып, өмір сүру сапасы арта бастағанда, осынау игі істерге қосқан өз үлесің үшін мақтаныш сезімі оянып, бұл салаға деген қызығушылығың арта түсетіні анық.
Қоғамды жергілікті өзін-өзі басқару процесіне қатысуға мәжбүрлеуге болмайды. Бұл істі ынталандырудың түрлі нысандарын бірте-бірте пайдалану, түсіндірме жұмыстарын жүргізу, қоғамның мойындауымен уәждеу қажет. Жергілікті өзін-өзі басқарудың қазақстандық үлгісін қалыптастыру кезінде шетелдік тәжірибеге сүйеніп қана қоймай, еліміздің тарихын да ескеру қажет.
Ұлы дала аумағындағы жергілікті өзін-өзі басқару тарихы көптеген ғасырларға созылып жатыр және рулық-тайпалық қоғамдастық дәуірден бастау алады. Ру мен тайпа көсемдері құрылтайларда және көшпенділердің жиындарында сайланатын болған. Сайланғаннан кейін оларға даулы мәселелерді шешуге, әскери бөлімшелерді басқару өкілеттілігі берілген. Рулық қауымдар ауқымды автономияға иелік етіп, жергілікті, тіпті саяси проблемаларды шешуде көп ықпал етіп отырған.
Қазақстандағы өзін-өзі басқаруды дамытудың заманауи кезеңі жайында айтар болсақ, әдетте бұл кезеңді ел егемендік алып, тәуелсіз мемлекет болып жарияланған күнінен бастаймыз. Реформалар басталған кезде жеке меншік: жалпыодақтық, республикалық және коммуналдық (жергілікті) болып үш түрде қолданылды. Әкімшілік-аумақтық бірлік коммуналдық меншік субъектісіне жатқызылды, сайланған жергілікті кеңестер тұрғындардың атынан мүлікке иелік етіп, оны пайдалана алды.  
1991 жылы ақпанда «Жергілікті өзін-өзі басқару және Қазақ ССР халық депутаттарының жергілікті Кеңестері туралы» Қазақ ССР заңы қабылданды. Мұнда жергілікті кеңестердің жеке материалдық және қаржылық базасы мен өкілетті органдардың үстемдігі қағидаты бекітілді. Жергілікті кеңестің төрағасы бір мезгілде Атқарушы комитеттің төрағасы болып сайланды. Келесі кезең 1992 жылғы қаңтарда «өкілетті органдардың үстемдігі» қағидаты «өкілетті және атқарушы-басқарушы органдардың функциялары мен өкілеттіктерінің аражігін ажырату» қағидатына ауыстырылды. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының рөлі жоққа шығарылмай, Қазақстан Республикасының Президентіне, немесе облыстық әкімшіліктің басшысына есеп беретін жергілікті әкімшілік басшыларының институты енгізілді.
1992 жылғы ақпанда ҚР Президентінің «Экономикалық реформа жағдайында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк басқару органдарының ұйымдастырылуы мен қызметiн жетiлдiру туралы» Жарлығына қол қойылды. Мұнда тұңғыш рет Қазақстан Республикасының Президентінен бастап жергілікті әкімшіліктің басшыларына дейінгі барлық атқарушы-басқарушы органдардың бірыңғай жүйесі бекітілді. Жергілікті әкімшілік басшыларының институты енгізілгеннен кейін атқарушы биліктің сатылас жүйесі қалыпына келтірілді, алайда жергілікті өкілетті органдарды бұрынғысынша Кеңестер түрінде қалды. Бұл ретте, әкімшілік органдар билікке толық дерлік ие болды, ал нақты функциялардың жоқтығына байланысты өкілді органдардың рөлі жергілікті мемлекеттік басқару тетігінде маңыздылығы аз болды.
1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданған тұңғыш Қазақстан Республикасы Конституциясында жергілікті өзін-өзі басқару дейтін қоғамның демократиялық институты мүлдем қарастырылмаған. Алайда, жергілікті жерлерде көптеген аумақтық қоғамдастықтарда қоғамдық өзін-өзі басқару комитеттері (КОС),  көше, үй және орамдық комитеттер құрылды.
Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін құру жөніндегі келесі қадам 2007 жылғы 21 мамырда жасалды, ол кезде қолданыстағы Конституцияға өзгерістер енгізілді, оларға сәйкес жергілікті өзін-өзі басқару мәслихаттар және басқа да жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы жүзеге асырылатын болды, сондай-ақ жергілікті қауымдостықтардың органдарына мемлекеттік функцияларды беру мүмкіндігі бекітілді.
Қазіргі уақытта Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқарудың құқықтық негізі – Конституция, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заң және ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын бекіту туралы» Жарлығы болып табылады. Осы орайда Қазақстан үшін жергілікті өзін-өзі басқарудың ТМД және Шығыс Еуропа елдеріндегі қалыптасу тәжірибесі қызығушылық тудырып отыр.
Мысалы, Польшаның заң шығарушылары 1990 жылдың өзінде ұлттық актілерінде жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі Еуропалық хартияның негізгі тәртібін бекітті. 1990 жылғы қаңтардан бастап Польшада жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң күшіне енді, оған сәйкес жергілікті өзін-өзі басқару азаматтардың құқығына басымдық бере отырып, субсидиарлық қағидат негізінде жүзеге асырылу қажет. Жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асырудың базалық негізі ретінде гмина (қауым) сайланды. Жергілікті қоғамдастықтың басқарушылық қызметі жергілікті гминдік (жергілікті) өзін-өзі басқару органдары арқылы жүзеге асырылады: олардың негізгі міндеті дәл Польшадағы мемлекеттік билік органдары сияқты – тұрғындарға қызмет көрсету.
Өзін-өзі басқару ісі Польшаның дамуында үлкен рөл атқарды. Жергілікті тұрғындардың белсенділігінің арқасында Польша елеулі өзгерді. Егер барлығы орталықтан ғана басқарылып келген болса, ел дамуында ілгерілеу мүмкін болмас еді. Реформаның арқасында өз гминдары мен поветаларын басқаруға қабілетті жергілікті әкімшілер қоғамдастығы пайда болды. Сарапшылардың пікірінше, өзін-өзі басқару ісін қайта жаңғырту Польшадағы неғұрлым сәтті  реформалардың бірі болды.
Франциядағы жергілікті өзін-өзі басқару ісі де мемлекеттік құрылыстың қазақстандық моделін талқылау барысында қарастырылды. Франция өзінің әкімшілік бөлінісі бойынша барлық еуропа мемлекеттері арасындағы ең  «бытыраңқысы» болып саналады. Бұл елде 36 мыңнан астам коммуна (елді мекендер) бар, ал олардың үштен бірінде 200-ге жетер-жетпес тұрғын тұрады. Француз коммуналарын ірілендіру реформасы жүз жылдан астам уақыт бойы түрлі тәсілдер арқылы жүзеге асырылып келді.
Бұл жүйе жұмыс істеуі үшін жай ғана заңдарды өзгерту жеткіліксіз.  Өйткені, заң шығарушы адамдар, мекемелер мен өзін-өзі басқару органдары әрекет ететін заңдық шеңбер ғана сызады. Егер адамдар реформаның мәнін түсінбейтін болса, заң басқа мазмұнмен толтырылады не мүлдем қолданылмайды. Реформалар кезінде қоғамның оны түсінуінде үлкен проблемалар бар. Заңға қарағанда адамдардың менталитеті айтарлықтай баяу өзгереді. Осының өзі заңнамалық өзгерістер мен азаматтардың іс-қимылдарының өзгерісін үйлестіру проблемасын білдіреді. Егер заң баяу өзгеретін болса, онда қоғам өкілдері қанағатсыздық танытуы мүмкін, өйткені, әрекет ете алмай қалады. Ал егер өзгерістер жылдам жүріп жатса, адамдар заңның мәнін түсінбейді және заң жұмыс істемейді.
Азаматтардың пассивтілігінің себебі неде? Бұның ішінде ең негізгісі ретінде мыналарды айқындауға болады:
‒ күш-жігердің шешім қабылдау процесіне әсер ету мүмкіндігіне сенбеу
‒ басқаруға қатысудың іс жүзінде тәжірибесінің болмауы
‒ қажетті білімнің жоқтығы
Білместікті біліммен жеңуге болады, тәжірибе жұмыс барысында жинақталады, сенімсіздікті сәтті қызмет ету мысалдарымен жеңуге болады.
Жергілікті өзін-өзі басқару өзінің табиғатына қарай тұрғындарға ең жақын болып табылады. Азаматтардың жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға белсенді қатысуы әкімдердің шешімдерін қабылдау процесінің ашықтығына, жергілікті маңызы бар мәселелерді тиімді шешуге, өмір сүру сапасын жақсартуға, ауылдар мен қалалардың өркендеуіне әкеледі.
Еліміздің тұрақты дамуы әрқайсымызға байланысты.
Қ Р Ұлттық экономика министрлігінің
Өңірлерді талдау және бағалау департаменті
14 қыркүйек 2019 ж. 557 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031