Ардагер журналистке құрмет
Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақ радиосының үздігі, Қорқыт ата мұраларын насихаттаушы Ахат Жанаевты қабылдап, 85 жасқа толуымен құттықтады.
– Кеңестік кезеңнің өктем саясатына қарамастан, Қорқыт мұраларын жазып алуды алдына мақсат етіп қойған Ахат ағамызға бүгінгі және келешек ұрпақтың алғысы зор. Ахат ағамыз ұзақ жылдар Қазақ радиосының облыстағы меншікті тілшісі қызметін атқара жүріп, Сыр елінің жауһар жәдігерлерін келешек ұрпаққа жеткізуді өз мақсаты етіп қойды. Қорқыт ата, Мұзарап, Ешнияз сал, Әлшекей, Досжан, Жалмырза, сондай-ақ, Сыр сүлейлерінің ұмыт бола бастаған шығармалары Ахат ағамыздың табанды еңбегінің арқасында өскелең ұрпаққа жетіп, қазіргі таңда ел арасында кеңінен насихатталып жүр, – деді аймақ басшысы. Сондай-ақ, Қорқыт ата мұралары ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізілгенін, бұл айтулы жетістікте де Ахат Жанаевтың зор үлесі бар екенін атап өтті.
Облыс әкімі мерейтой иесіне Сыр елінің мәдени-рухани дамуына қосқан ерекше үлесі үшін облыстың ең жоғары марапаты – Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстады. Дәстүрге сай ардагердің иығына шапан жауып, сый-құрметін білдірді.
Қабылдауда ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Қаршыға Есімсейітова құттықтау сөз сөйлеп, Сыр журналистикасының алдыңғы көшінде абыройлы еңбек еткен талант иесі Ахат Жанаевтың өмір жолынан өнегелі естелік өрбітті. Әсіресе, халық арасында «соқыр Нышан» аталып кеткен Нышан Шәменұлынан Қорқыт күйлерін жазып алудағы жылдар бойы атқарған еңбегін ерекше атап өтті. Сол құнды мұраларды мәдени қорға енгізгенде журналист есімі ескерілмей қалған еді.
«Қазақ радиосында», «Шалқар» радиосында табанды еңбек еткен Ахат Жанаев халқымыздың әдебиет, мәдениет, руханият бағытындағы талай құндылықтарының танылуына бастамашы болған. Кеңес дәуірінде Сыр бойы ғана емес, жалпы қазақ журналистикасына қарымды қызмет еткен үзеңгілес, замандасы Өтеген Жаппархан тебіреніске толы тілегін айтты. Сол уақыттың саясатынан ықпай, Қорқыт ата мұрасын, Тұрмағанбет Ізтілеуұлының туындыларын халыққа танытып, тарихи құнды мұралар қатарына енгізудегі сүбелі еңбегі жайлы сөз етті. Сонымен қатар, Тұрмағанбеттей тұлғаның туған жері – Сыр елінде оның мұраларын сақтайтын музей ашу жөніндегі ұсынысын жеткізді.
Қазақ радиосының, Мәдениет саласының үздігі, Жалағаш, Сырдария аудандарының «Құрметті азаматы» Ахат Әбжаппарұлы 1934 жылы Қызылорда облысының Жалағаш ауданында дүниеге келген. Қызылорда педагогикалық институтын және Алматы жоғары партия мектебін бітірген. Қазақ радиосының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып 30 жылдай еңбек етті. 1987 жылы қалалық кеңестің депутаты болып сайланған. Қарт қобызшы Нышан абыздан жазып алған Қорқыт атаның 12 күйі бүгінде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында сақтаулы тұр.
Қарымды қаламгер А.Жанаевтың «Арысы едің Алаштың», «Өтелген парыз», «Беркінбай әулие: аңыз бен ақиқат», «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер» атты кітаптары жарық көрген.
Тағылымы мол шараны қорытындылаған облыс әкімі адал еңбегімен абыройға бөленген ардагердің бүгінгі жас буынға үлгі екенін атап өтіп, ақсақалға амандық тіледі.