Шамалғандағы жантүршігерлік апат: Оқиға орнында арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр

Шамалғандағы пойыз бен жолаушылар автобусының қатысуымен болған жол апатынан кейін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ЖКО-ны тергеу үшін арнайы комиссия құрды.
Аталған комиссияның құрамына көлік комитетінің мамандары мен «ҚТЖ» өкілдері кірді.
Еске сала кетсек, ірі апат Алматы облысының Шамалған станциясында орын алды. ҚР Индустрия және инфраструктуралық даму министрі Руслан Иманқұловтың айтуынша, төтенше жағдай 15 қыркүйекте, "Екатеринбург-Алматы" теміржолының 2449 шақырымында орын алды. Автобус жүргізушісі сигналдарға қарамастан теміржолға шығып кеткен. Салдарынан үлкен жылдамдықпен келе жатқан пойыз автобусты қағып кетті. Оқиға орнында бір адам қаза тауып, тоғыз адам жарақаттанды. Олардың екеуі - бала, біреуі - әйел адам.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ірі жол апатына қатысты Twitter әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында көңіл айтып, тергеу амалдары басталғанын хабарлады.