Уақытылы медициналық тексеріс
Облыстық диагностикалық кеңес беру орталығының мәжіліс залында «Алдын ала және мерзімдік медициналық тексерулерді жүргізу тәртібі, кәсіптік ауруларды ерте сатысында анықтау мәселелері» тақырыбында семинар өткізілді. Оған облысқа қарасты емхана дәрігерлері қатысты. Мақсаты кәсіптік ауруларды ерте анықтау, қызметкерлердің мерзімді медициналық тексерістерден уақытылы өтуін қамтамасыз ету.
Еңбек қызметі процесінде жұмысшылар белгілі бір дәрежеде денсаулығына зиян келтіретін қолайсыз өндірістік факторлармен жұмыс жасайды. Зиянды өндірістік факторлардың жұмыскерлердің денсаулығына жағымсыз әсері тек соматикалық аурулардың пайда болуымен ғана емес, сонымен қатар түрлі дәрежедегі кәсіби аурулардың да пайда болуына әсер етеді. Осыған байланысты міндетті медициналық тексерулердің маңызы өте зор.
2019 жылдың 1-ші жартыжылдығында мерзімдік медициналық тексерулермен қызметкерлердің қамту үлесі 99,5% немесе 6459 адамды құраған. Медициналық байқау қорытындысымен 430 соматикалық ауру табылған. Анықталған аурулардың 66,6% амбулаториялық емделуге, 16% санаториялық-курорттық емделуге, 4,4% диеталық тамақтану, 13% стационарлық емделуге ұсыныс берілген.
Медициналық байқау қорытындысымен 125 акті рәсімделген. Соңғы үш жылда медициналық тексерулер жүргізу барысында кәсіптік ауру өте төмен дәрежеде анықталды. 2019 жылдың 6 айында профилактикалық медициналық тексерулер жүргізу мәселелері бойынша Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментімен 15 емдеу-сауықтыру мекемелеріне жоспарлы тексерулер жүргізілген. Профилактикалық тексеруді ұйымдастыру бөлігінде санитариялық заңнамада анықталған заңбұзушылықтар бойынша 8 әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынған.
Семинар соңында алдын ала және мерзімдік медициналық тексерулерді сапалы әрі уақытылы жүргізу, кәсіптік ауруларды ерте сатыда анықтау бойынша бірқатар ұсыныстар айтылып, нақты тапсырмалар берілді.