Сәулесін шашқан саналы ғұмір
1-қазан – Дүниежүзілік ардагерлер күніне орай
Аға буынның ізін жалғар кейінгі толқын қашанда үлкендерді құрмет тұтады. Олардың салған сара жолын, басқан ізін, шыққан биігін жалғастыруға бүгінгі жастар міндетті. Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ұжымы қашанда ардагерлерін ұлықтап, бұрын қызмет еткен мамандарды насихаттап, кейінгі жас мамандарға тәлім-тәрбие ретінде дәрістер мен кездесулер өткізіп отыруды қағидаға айналдырып отыр. Департаментте абыроймен қызмет етіп, зейнет демалысына шыққан, жасы ұлғайса да қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып жүрген ақ баталы абзал ардагерлер, кеудесі қазына қариялар баршылық. Солардың бірі – Сейітжағыппар Нұрғалиұлы Смайылов.
Аға буынның ізін жалғар кейінгі толқын қашанда үлкендерді құрмет тұтады. Олардың салған сара жолын, басқан ізін, шыққан биігін жалғастыруға бүгінгі жастар міндетті. Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ұжымы қашанда ардагерлерін ұлықтап, бұрын қызмет еткен мамандарды насихаттап, кейінгі жас мамандарға тәлім-тәрбие ретінде дәрістер мен кездесулер өткізіп отыруды қағидаға айналдырып отыр. Департаментте абыроймен қызмет етіп, зейнет демалысына шыққан, жасы ұлғайса да қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып жүрген ақ баталы абзал ардагерлер, кеудесі қазына қариялар баршылық. Солардың бірі – Сейітжағыппар Нұрғалиұлы Смайылов.
Сейітжағыппар Нұрғалиұлының дүниеге келген күні де Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың туған күнімен дәлме-дәл, тұспа-тұс келеді екен. Яғни, 1940 жылдың 6 шілдесінде Қызылорда қаласындағы «Бірқазан» бекетінің «Қызыл-Егінші» ауылында дүние есігін ашқан екен. Балалық шағы соғыс жылдарымен тұстас келгендіктен, өмірдің кермек дәмін бала кезден татуына тура келіпті.
«Әкем – Нұрғали кедей шаруаның отбасында тәрбиеленсе де, өз бетімен мұғалімдік институтты тәмамдап, Тереңөзек ауданында оқу инспекторы, бөлім басшысы, мектеп директоры қызметтерін атқарған, алайда, соғыс басталып кетіп, әрі қарай қызметін жалғастыра алмаған екен»,-деп еске алады ол.
«1942 жылы әкем - Нұрғали Ұлы Отан соғысына кетіп, 1944 жылы әкемді медбикелер соғыстан алып келді. Соғыста әкем «капитан» шеніне дейін жоғарылаған екен. Әкем үйге келген соң 3-4 күннен кейін, майданда алған жарақатының (жүректің қабында оқ алынбағандықтан) салдарынан қаза болды. 1942 жылы қаладағы Жаңа базар аумағындағы А.Пушкин көшесі №45 үйде тұратын әкемнің ағасының сарайына көшіп келіп, сол жерде мектепті бітірдім». «Отбасында үш адам едік – әпкем, анам және мен» дейді әңгіме барысында Сейітжағыппар Нұрғалиұлы, еске алып. «Отбасымда ер азамат ретінде маған арқа сүйегендіктен, 14 жасымнан қара жұмыс істеп, нан таптым».
Кейін 1946 жылы қалалық жер бөлетін мекемеден жер алып, анам екеуіміз, қолдан лайды домалақтап, кесек құйып, 2 айда «қоржын там» салып алдық. Еденнің орнына қара қағаз төсеп, үстіне киіз жайып, жататын едік. 2 тоқал ешкіміз болатын, олар жыл сайын егіз лақтап, кейін бір қора мал болды. Әпкем - Сақыпжамал №6 мектеп-интернатта жатып оқыды да, мен үнемі ер-азамат ретінде анама көмектесіп, үйдің шаруасын атқардым.
1956 жылы машина трактор жөндейтін мекемеде – анам екеуіміз кезектесіп, қарауыл болып еңбек еттік.
1957 жылы «ДОСАФ»- көлік мектебінде әскери адамдардың балаларын оқуға қабылдап жатыр» деген хабарландыруға сәйкес, онда 4 ай оқып, көлік жүргізушісі куәлігін алып, жұмысшы болып еңбек еттім.
1958-60 жылы әскери борышымды өтедім.
1960-65 жылы машина трактор жөндейтін мекемеде – машина жүргізушісі болдым.
Кейін 1965 жылы қазан айында «Кәсіптік өрт сөндіру бөлімшесіне» «өрт сөндіру көлігін жүргізуші» болып, ресми еңбек жолым басталды. Ол кезде бөлімше қазіргі «Жайна» базарының орнында, яғни сол кездегі Советская көшесі №8 үйдің ауласында еді. Кейін 1968 жылы жаңадан Өрт депосы салынып, сонда орналастық, ол бұрынғы Шумилов көшесі, қазіргі Қ.Қазантаев көшесі №24 мекен-жайда еді.
1972-73 жылы Қазақстаннан бір өзім «Барнауыл» қаласына барып, 9 айлық «отряд бастығы» курсын оқыдым. Сабақты үздік оқығандығым үшін «Як-40» ұшағымен елге демалысқа жіберілетінмін. Оқуды тәмамдап, Қызылордадағы өрт сөндіру бөлімшесінде «отряд бастығы» болдым.
1976 жылы Қызылорда қаласында Мемлекеттік өртті бақылау бөлімі ашылып, онда инспектор болып қызмет еттім.
6 айдан соң «кіші лейтенант» әскери атағым Мәскеуден бекітіліп келді. Ол кезде КСРО-ның кезі, барлық әскери атақтар Мәскеуден бекітіліп келетін. Кейіннен күзет бастығы, инструктор, инспектор, оперативтік кезекші қызметтерін атқардым.
1992 жылы шілде айында ішкі істер майоры әскери атағымен зейнетке шықтым. Өрт сөндіру саласында 27 қызмет еттім.
Зейнет демалысына шыққан соң да өрт саласында жұмыс жасадым. №6 Тасбөгет өрт сөндіру бөлімшесінде, №64 өрт сөндіру бөлімшесінде бастық болдым.
Иә, ол кейіннен ардагерлер кеңесінің құрылуына да белсене атсалысты. Дәлірек айтқанда 2002 жылдан облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. «2008 жылы 29 желтоқсанда Әділет министрлігінің Облыстық әділет басқармасынан ардагерлер кеңесінің құжаттары бекітіліп, мөр мен құжатымызды алғанымыз, қазіргі «Ақмешіт» шағын ауданындағы Облыстық өрттен бақылау және қадағалау басқармасы ғимаратынан «Ардагерлер бөлмесін» жасақтап, ашқанымыз күні кеше сияқты еді», -дейді ол.
Оның даңғыл жолын сараптасақ, Сейітжағыппар Нұрғалиұлының атқарған қызметі де ескерусіз қалмаған екен. Еңбек еткен абыройлы қызметі үшін басшылық тарапынан үнемі марапатталып отырылған:
1.«ІІІ-дәрежелі мінсіз қызметі үшін» медалі (1975 жылы) ;
2.«ІІ-дәрежелі мінсіз қызметі үшін» медалі (1980 жылы) ;
3.«Төтенше жағдайлар министрлігінің құрметті ардагері» медалі (2011 жылы) ;
4.«Төтенше жағдайлар комитетіне -20 жыл» медалі (2015 жылы) ;
5.«Қазақстан полициясына -25 жыл» медалі (2017 жылы) ;
6.«Құтқарушылар күні кәсіби мерекесіне байланысты Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хаты» (2017 жылы) ;
7.«Өртке қарсы қызметіне 100 жыл» медалі (2018 жылы) .
Сейітжағыппар Нұрғалиұлы отбасында да қадірменді қария атанып отырған 6 баланың қамқор әкесі, 16 немере, 19 шөберенің абыз атасы. Жұбайы – күміс алқа иегері, Жұбатқанқызы Жібек екеуі 1960 жылдан бері қол ұстасып бірге келе жатқан, жарасымды жанұя, берекелі шаңырақтың ұйытқысы. Әкенің салған сара жолы мен қызметін ұлы – Нұрлыбек Сейітжағыппарұлы жалғастырып, №12 өрт сөндіру бөлімшесінде бөлімше командирі болып зейнетке шыққан. Қалған балалары да әр түрлі кәсіпте абыроймен қызмет етіп, ата-анасының ақ батасын алуда.
Жас қызметкерлерді тәрбиелеу, қызметтік тәжірибесімен бөлісуде ардагерлердің ролі өте зор. Заңдылықты бұлжытпай орындау, Ар-намыс пен әдептілік нормаларын сақтау жөніндегі олардың кеңестері кейінгі жастарға қашанда қажет. 1-қазан – Дүниежүзілік ардагерлер күні мерекесімен сала ардагері - Сейітжағыппар Смайыловты құттықтап, отбасына амандық, өзіне ұзақ өмір тілейміз.
Айгүл Нұрманова,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі