Фостерлі отбасы немесе балалар үйі жабылса...
Әлем жетімге жебеу болатын жол іздеп әлек. Оның ішінде Қазақстан да бар. Айталық, Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқығын қорғау комитетінің мәліметінше, жыл сайын 8 мың бала ата-ана қарауынсыз қалады екен. Жақында, осы мәселені шешудің оңтайлы жолы ретінде фостерлі отбасы ұғымы ұсынылды.
Еліміздегі балалар үйін азайтуға себеп болады деген негізбен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин фостерлі отбасы институтын енгізу керегін алға тартты. Статистикаға сүйенсек, қазір елімізде 109 балалар үйі жұмыс істейді, ал ондағы бала саны 5 мыңға жуықтайды.
Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің айтуынша, егер фостерлі отбасының саны артса, балалар үйін түбегейлі жауып тастауға болады.
«Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін қамқоршы жанұялардың саны мен мүмкіндігін кеңейту керек. Асырап алу, қамқоршылық және патронат деген түсінік бар. Осы үш бағытты да жетілдіріп, кәсіби фостерлі отбасы институтын құруды қарастырып жатырмыз. Сәйкесінше, жетім қалған балалардың жеке тұлға ретінде дамуына мүмкіндік ашылады. Елімізде балалар үйі болмауы үшін осындай 500-ге жуық отбасы қажет»,‒ дейді ол БАҚ өкілдеріне берген пікірінде.
Сонымен фостерлі отбасы дегеніміз не? Аружан Саинның айтуынша, бұл ұғым шетелде кеңінен қолданылады. Әсіресе Филандияда институт кәсіби түрде жұмыс жүргізеді. Фостерлі институт алдымен баланың жаңа отбасына арнайы зерттеу жүргізеді. Баланы асырап алғалы отырған отбасы мүшесінің бірінде денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау немесе білім беру саласы бойынша білімі болу керек. Патронат болатын ата-аналар бағдарлама аясында міндетті білім алу курсынан өткен соң, мамандандырылған муниципалды ұйымдар арнайы лицензия береді. Оған қоса жаңа отбасының қаржылық жағдайы, тұрмысы, психологиялық ахуалы қадағаланады. Осы орайда комиссия мүшелері патронат ата-анамен емес, тікелей баламен әңгімелесіп, бала үшін психологпен тренинг ұйымдастырады. Бұл жерде бала ішкі қалауына басымдық беріледі, егер асырап алушы отбасы ұнамаса, баланың басқа отбасын таңдауға құқығы бар. Алайда кейбір мамандар фостерлі отбасыға жасөспірімдердің бейімделуі қиын екенін айтады. Елімізде бірде-бір балалар үйі жоқ болса, уақыт өте келе жаңа отбасында тұрғысы келмеген бала қайда барады деген пікір де бар.
Баланың жан дүниесіне үңілу үшін алдымен қамқорлық таныту маңызды. Осы орайда фостерлі отбасы баланың ата-ана мейірімін сезінсін деген ниеттен туғаны белгілі. Бірақ, барлық ата-ана, бүтіндей бір отбасы жетім көңілге мейіріммен қарай ала ма? Елді елең еткізіп, ойын онға бөлген мәселе әлі де болса өзекті.
Г. Нұртайқызы