"Өскен өңірге" - 80 жыл
Бүгін Шиелі аудандық "Өскен өңір" қоғамдық-саяси газетінің 80 жылдық мерейтойы өтті.
Сөз өнерінің зергері Әбділда Тәжібаевтың 110 жылдығымен бірге аталып өткен мерейтойлық шараны Шиелі ауданының әкімі Әшім Оразбекұлы ашып, газеттің қоғамдағы орнына, тарихына тоқталды.
Басылым 1939 жылы алғаш «Стахановшы» атымен жарық көрсе, 1956 жылы Шиелі, Жаңақорған аудандары бір шаңырақ астында біріккен тұста «Коммунизм жолы» деп аталынды. Ал 1963 жылы Шиелі дербес аудан болып қайта құрылған кезінен бастап газет «Өскен өңір» аталған.
Жиында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Мақашов облыс әкімінің құттықтау хатын оқып берді.
Сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген журналисі Сәрсенбек Бекмұрат, Қуандық Түменбайұлы басылым турасында естеліктерімен бөлісті.
«Сыр медиа» ЖШС директоры Аманжол Оңғарбаев құттықтау сөз сөйлеп, ақпараттық заманда бәсекеге сай дамудың жолдарын айтып, серіктестікте атқарылған жұмыстарды баяндады. Ал, «Салтанат сарайында» Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, сыншы Бақыт Сарыбалаұлы мен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, сықақшы Нұрмахан Елтай "Өскен өңір" атты кітаптың тұсауын кесті.
Аудан әкімі Ә.Оразбекұлы бір топ еңбек ардагерлері мен журналистерді мерекелік медальдармен марапаттады.