ZHEKA'S ISE
Сәл уақыт бұрын еліміздің барлық қаласында «Zheka's doner» фас-фуд өнімі үлкен сұранысқа ие болды. Бұл өнім брендке айналып үлгергенше, «Zheka's ice» жастардың көңілінен шығып, ерекше сапамен халықтың оң бағасын иеленді. Бүгінгі материалда «Zheka's ice» балмұздағының қаладағы бизнесі жөнінде білу үшін кәсіп иесі Рамазан Қалмағанбетпен тілдестік.
Рамазан Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да «Есеп және аудит» саласы бойынша білім алған. Осылайша қаржыгер атану оның кәсіп ашып, балмұздақ бизнесін қиындықсыз жүргізуіне ықпал етеді. Рамазанның «Zheka's ice»-ты таңдауына атақты блогер Жеңіс Омаровтың әлеуметтік желідегі белсенділігі әсер етіпті.
‒ Қазіргі таңда «Zheka Fatbelly» есімімен танымал Жеңіс халық арасында актер, рэпер және ресторатор ретінде белгілі. Оның атымен аталып, сатылымға шыққан балмұздақ бір жылға жетпей брендке айналды. Сосын кәсіп иелеріне франшиза ретінде сатыла бастады. Біз былтыр сол фрашизаны сатып алып, қаламызда балмұздақ орталығын аштық. Бүгінде халық тарапынан сұраныс өте жоғары. Себебі біз сапаға мән бере отырып, жарнама қызметін де жоғары деңгейге жеткізе алдық. Байқасаңыз, «Zheka Fatbelly»-дің инстаграм парақшасына 2 миллионға жуық адам тіркелген. «Zheka's ice»-тың танымал болуының себебі де осында, ‒ дейді жас кәсіпкер.
«Zheka's ice»-қа негізгі шикізат Ресейден әкелінеді, сондай-ақ отандық өнімдерде жиі қолданылады. Рамазан бұл бизнесте команда болып жұмыс істейтінін, яғни қарамағанда сегіз қызметкердің бар екенін жеткізді.
‒ Бүгінде «Zheka's ice» балмұздағы«Аray city mall» ойын-сауық орталығында және «Жібек жолы» кешенінде сатылады. Біз осы екі орталықта күндіз-түні халыққа дамылсыз қызмет көрсетеміз. Бірақ бұл бизнес түрінің басты екі қиындығы бар. Біріншіден, сүт өнімінің сапасы жіті қадағалауды қажет еді. Екіншіден, балмұздақ саудасы бір ғана маусымды қамтиды. Жазда «Zheka's ice»-қа келуші көп болғанмен, қысқы суықта сұраныс күрт төмендейді. Алайда қыс айында қызмет көрсету тоқтамайды. Ол кезде қосымша жұмыс көзі ретінде жеке мекемеде есепші болып жұмыс істеймін, ‒ дейді Р. Қалмағанбет.
«Zheka's ice» балмұздағы балдай тәтті дәмімен жастардың талғамынан шықты. Сол үшін кәсіпкер қаладағы балмұздақтың сауда нүктесін көбейтуді көздеуде.
Г.НҰРТАЙҚЫЗЫ