Тәлімгер, әдеби клуб, демалыс бөлмесі және басқалары

Қабылдауға екінші болып Аян Тұрғанбек есімді студент келді. Аян тәлімгерлер мектебін құруды ұсынды. «Зерендіге жастар лагерьіне бардым. Сондағы тәлімгерлер басқа аймақтан келген. Бізде тәлімгерлерді дайындасақ, республикалық шараларға қатысар еді» деген ойын айтты. Сала басшысы Аянның ұсынысына қолдау білдіріп, жастар ресурстық орталығының жанынан жоба бойынша жұмыс жасауға болатынын жеткізді.
Қабылдауға келген Раушанбек Шарапат Қызылорда жоғары медицина колледжінің жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы екен. Белсенді жас, «Жастар әдебиеттен алыстап барады. Оларды әдебит әлеміне шақырып еркін кітап оқуына жағдай жасау үшін әдеби клуб құруды ұсынамын. Мұнан бөлек оқу орындарында студенттерге арналған демалыс бөлмесі (relax room) жоқ. Сабақ арасындағы үзілісте дәлізде кезіп жүрмей демалыс бөлмесіне барсақ. Онда Дұлттық музыкалық аспаптар, шахмат, дойбы қойылса» деген ұсынысын жеткізді. Қуаныш Қуантханұлы өз кезегінде Раушанбектің ұсынысына қолдау білдірді. «Басқа қалалардағы үлгі бойынша, өз аймағымыздың болмысына сай демалыс бөлмесін ашу үшін оқу орындарымен бірлесіп жұмыс істейміз. Ал әдеби клубты жастар ресурстық орталығынынан құрайық. Соған өзің жетекшілік ет» деді сала басшысы.
Қабылдауға келген Қасиет Талғатқызы «Жастар жылына орай алда қандай шаралар өтеді? Оған біздер қатыса аламыз ба?» деген сауал қойды.
Ал Инабат Нұрханқызы еріктілерге арналған іс-шаралар қашан өтетінін сұрады. Басқарма басшысы Қ.Жанұзақов алда өтетін іс-шараларға тоқталып, еріктілерге толық қолдау білдіруге мүмкіндік барын айтты. Ағылшын тілін білетін жастарды шет елге оқуға жіберуге болатынын жеткізді.
Жалпы қабылдауға 6 азамат келді. Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақовтың қоғамдық қабылдауы одан әрі қалаға қарасты ауылда жалғасты.
Гүлбану МАҚАЖАН