Этнос жастары арасында қазақ тілі білгірлерінің облыстық байқауы өтті
Облыстық ішкі саясат басқармасы және «Мәртебелі Қазақстан» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен 2019 жылғы 14 қарашада мемлекеттік тілдің беделін арттыру, қазақ тілін меңгерген этнос жастарын анықтау және ынталандыру мақсатында қазақ тілі білгірлерінің «Тіл - парасат» облыстық байқауы өтті.
Байқауға Қызылорда қаласы мен Қазалы, Қармақшы, Жалағаш және Сырдария аудандарынан, сондай-ақ, жоғары және арнаулы орта оқу орындарынан 16-22 жас аралығындағы талапкерлер қатысты.
Байқауға қатысушылар ұсынылған тақырып бойынша ауызша тұсаукесер жасау, эссе жазу, жұппен ауызша диалог құру және қазақтың халық немесе заманауи әнін орындау, қазақтың белгілі ақын-жазушыларының көркемдігі жоғары шығармасынан үзіндіні жатқа оқу, заманауи театрландырылған интерпретациядағы қазақ тіліндегі көркем шығарма үзіндісінен қойылым көрсету (үй тапсырмасы) сияқты тапсырмалар орындап, бақ сынасты.
Қатысушылардың біліктілігі мен қабілетін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Алмауытова Әсия Базарбайқызы, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі директорының орынбасары Баһадүрова Гүлзира Уәлиханқызы және Қызылорда қаласындағы Ж.Нұрманов атындағы №198 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты мұғалімі Исаева Гүлнар Ибадуллақызы бастаған қазылар алқасы бағалады.
Байқаудың сарапшылары байқаудың қорытындысын шығару кезінде талапкерлердің қазақ тілінде таза сөйлеуіне, жазу сауаттылығына, мазмұнына, өнеріне, орындау қабілетіне, өзін-өзі ұстауына және киіміне назар аударды.
Байқау қорытындысымен Қазақ гуманитарлық заң және техникалық жоғары колледжінің 2-курс студенті Трубчанинов Артем Бас жүлдені жеңіп алса, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың студенттері Лебедев Родион 1-орынға, Пак Елена 2-орынға ие болды. 3-орын Қазалы қаласындағы №16 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Шадымуратова Назираға бұйырды.
Ал ынталандыру сыйлығын Сырдария ауданындағы Ә.Тәжібаев атындағы №36 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Ким Андрей мен Жалағаш ауданындағы №31 орта мектептің 11-сынып оқушысы Ларин Арман иеленді.
Байқау жеңімпаздарына басқарманың дипломдары мен алғысхаттары және ескерткіш сыйлықтары тапсырылды.