Кейуана

    Күн қарауытып қалған. Жәмила апа шарбаққа сүйенген күйі сонау ауыл шетінде келе жатқан автобусты тосып тұр. Қалың ойға шомған қалпы, бір нүктеден көз алмайды. Қамықпай қайтсін?! Бабын жасайтын кенже ұлы қалаға оқуға кеткен. Аптасына бір мәрте ғана қара көрсетеді. Ал шаңырақта қалған үлкен ұл қатынның қасынан шықпастан қалған.
Кешегі апта келгенде кенже ұлы Дәрмен «Апау, әжіміңіз көбейіпті. Бір нәрсе жақпай жүр ме? Қалаға жүрсеңізші» деген. Қарашаңырақты кімге қиып кетеді. Айналдырған төрт баланың бірлігін шалы аманаттап кеткен еді... Төртеудің түгел болғанын қайтейін, бірлікпен тірлік қылмаса. Бірдеңе деп күбірлеп, ернін жыбырлатты да, есін жиды. Айналаға қараса ешкім жоқ екен. Автобус таяп қалыпты.
Ыңыранған автобус орнынан әзер қозғалып жүріп кетті. Дәрменнің келер уақытына ыңғайлап, мылқау пешке нан салып қоятын. Тағы да сол әдеттен жаңылмады.
– Апатайым!
Дәрмен анасын құшақтай алды. Шаршағаны әп-сәтте басылып, жанарында нұр ойнаған ана байғұс көз жасын сығып алды.
– Қуаныштың көз жасы ғой, балам. Сені көрсем, байғұс шалымның соңғы аманатындай боласың да тұрасың. Аман жүрші, ұлым!
Ауладағы орындыққа айналған кәрі өріктің үстіне аналы-балалы екеу отыра кетті. Таяғына сүйенген кейуананың күйзелген түрі байқалады. Қос-қосынан немере, қос-қосынан келін бар. Бірақ қолы ұзарғанын қайдам?! Тағдыр тауқыметі оңдырмай қинады. Самайдан шалған ақ шашпен қоса жүзі де солғын тартқан. Аяғы да ауыратынды шығарды. Оның бәрін кімге айтады? Үлкен ұлдың жайы анау.
Дастарқан үстінде отбасы мүшелері жүзі жадырап шай ішіп отыр. Дәрмен үйдегі ахуалды іштей сезді. Бірақ амал нешік?! Шынтағын тістейін десе, аузына жетпейді деген осы да. Қарғайын десе жалғызы, қарғамайын десе, жалмауызы. Көңіл түкпіріндегі күмәнді ойлармен алысып отырып, аласапыран күй кешті. Ішкі жан дүниесі алай-дүлей. Анасының жылап хабарласқандағы дауысы құлағынан кетпейді. Иә, жүрегі қан жылап, әңгімені неден бастарын білмей, тағы да үнсіз кетті.
– Дәрмен, – жыламсыраған дауыстың ар жағынан сөйлеуге шама келмей тамағына тығылған өксік, солқ-солқ еткен дауыс шықты.
Ауылына қарай таксимен келеді. Көне жигули жүріп болмады. Сылбыр жүріспен жарты жолға жетер-жетпесте телефон безілдеп қоя берді. Қараса ағасының нөмірі. Ащысуға сылқия тойып алған тәрізді. Тілі күрмелген күйі бірдеңелерді айтып жатты, айтып жатты. Түк ұқпады. Әйткенмен, жағдайды сезді. Не дейді? Жолы кіші. Қазақы қалыппен сабырға келіп, қоя салды.
Жолда кешегі кірпияз Мешітбайдың балалары болса да өмірінің соңғы күндерін қарттар үйінде өткізгенін ойлады. Он баласы бар Беркімбайдың қолында бірде-бір баласы қалмай, қасына қарттық келіп түстенгенде жалғыз қалғаны да есінде.
– Ей, тәкаппар дүние!
Шопыр мырс етті. Иә, тамағы тоқ, көйлегі көк ол не түсінсін?!
– Ата-анаң бар ма? – деді Дәрмен оқты көзімен қарап.
– Бар, бірақ бөлек тұрамыз. Келінімен сыйыспады.
Мына әпендінің сөзі де Дәрменнің жүрегіне пышақ сұғып алғандай әсер етті. Көз ұшында ауыл шамдары жарқырайды. Жарық дүниеге ұмтылуға құмармыз ғой, бірақ ар жағында не тұрғанын білмейсің.
Есікті имене ашты. Құдды бір бөтеннің үйіне келгендей. Арғы жақтағы көрініс қалауындай болмаса, қайтпек?! Сан мың оймен алысып, табалдырықтан аттады. Ағасының балалары дәлізден жүгіре шықты. Қаладан әкелген тәттілерді қолына ұстатқан күйі анасының бөлмесіне өтті. Қарт ана сұлқ құлап жатыр екен.
– Апау, халың қалай? – деп еді. Анасы үнсіз бас изеді.
Бұл уақытта ағасы отбасымен жиналып, үйден кетіп бара жатқан еді...

Аян СПАНДИЯР

19 қараша 2019 ж. 646 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031