Еуропа лигасы: «Астана» «Манчестер Юнайтедтен» неге жеңіліп қалды
Футболдан UEFA Еуропа лигасы топтық кезеңінде елордалық «Астана» алғашқы турда сырт алаңда Англияның «Манчестер Юнайтед» командасына жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Екі команда L тобында сынға түседі. Аталмыш топта олардан өзге Сербияның «Партизан» және Голландияның АЗ «Алкмаар» командалары бар.
Бүгінгі кездесуде «Манчестер Юнайтед» командасында негізінен жастар ойнады. Сондықтан болар, алаң иелері көптеген жағдайда мүлт жіберіп жатты. Десе де алаң иелері ойын тізгінін өз қолынан шығармауға тырысты. Ағылшындық клуб футболшылары қателігін пайдалануға тырысқан «Астана» футболшыларының да қарсыластар қақпасы маңында шабуыл ұйымдастырды. Соған қарамастан екі команда бірінші кезеңде 0:0 есебіне қанағат білдірді.
Екінші кезеңде «Манчестер Юнайтед» футболшылары тезірек есеп ашуға ұмтылды. Олар елордалық клуб қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Кей жағдайда қазақстандық қорғаушылар шеберлік танытса, ендігі бір сәтте ағылшын футболшылары мергендік көрсете алған жоқ.
Кездесу барысында есеп 73-минутта ашылды. Оны алаң иелері сапынан Майсон Гринвуд орындады. Кездесуде «Манчестер Юнайтед» 1:0 есебімен жеңіске жетті.
L тобындағы тағы бір кездесуде Сербияның «Партизан» командасы Голландияның АЗ «Алкмаар» командасымен 2:2 есебімен тең түсті.
«Астана» келесі ойынын өз алаңында 3 қазанда өткізеді. Бұл күні Сербияның «Партизан» командасын қабылдайды. Дәл осы күні АЗ «Алкмаар» мен «Манчестер Юнайтед» командалары кездеседі.