» » БЕСІНШІ БЕЛЕС

БЕСІНШІ БЕЛЕС

  Ел біріншілігінен Еуропа бәсекесінде әдеттегідей жалғыз команда қалды. Плей-офф кезеңіне дейін сүйрінбей жеткен "Астана" "Батэмен" топтық кезеңнің жолдамасын сарапқа салды. Қос командада Еуро лигада бірнеше жыл тәжірибе жинақтады. Дегенмен Беларусь мемлекетінің чемпионы қазақстандық командаларға көбіне жол беріп жүр. Екі команданың алғашқы кездесуінде "Астана" 3-0 есебімен басым түсіп, топқа шығуға бір табан жақын еді. Сонымен  матч басталардан бір сағат бұрын екі команданың құрамы жарияланды. Өткен ойынмен салыстырғанда екінші кездесуде екі команданың да бас бапкерлері негізгі құрамға аздаған өзгеріс жасағанын байқадық. Елордада өткен матчта бірінші минуттан бастап алаңға шыққан Фирмин Мубеленің орнына негізгі құрамда Роман Муртазаев шықты. Ал "Батэ" сапында Копитович пен Сарока алғашқы минуттан жасыл алаңда өнер көрсетті.
Кездесудің алғашқы минуты тең дәрежеде басталғанымен, ойынның алтыншы минутында алаң иелері жылдам гол соғуға мүмкіндік алды. Гол авторы – Максим Скавыш. Жанкүйерлердің қызу қолдауына ие болған "БАТЭ" футболшылары алға қарай лап қойды. Дегенмен «Астана» футболшылары жылдам өздеріне келіп, үш минутта екі бірдей қауіпті шабуыл ұйымдастырып үлгерді. Бірақ ешқайсысы нәтиже берген жоқ. Сондай-ақ жерлестеріміз алғашқы 15 минут ішінде "БАТЭ" қақпасына екі бірдей бұрыштама добын орындағанымен қарсылас команданың қорғаушылары қырағылық танытып, допты өз айып алаңынан алып шыға білді. Ары қарай ойын екі команданың алма-кезек шабуылымен өрбіді. Кездесудің 21 минутында Марин Томасов "БАТЭ-нің" екі қорғаушысын оңай алдап өтіп, қақпаға бағыттаған соққысы қиыс кетсе, 35 минутта алаң иелері ойыншысының алыстан шірене тепкен добы Эрич қорғаған қақпаның дәл жанынан өтті. Арада бір минут өтер-өтпес «Астана» қорғаушысы Лука Шимунович өз айып алаңында қателесіп, қарсылас ойыншысының соққы жасауына мүмкіндік беріп қойды. Алайда Эрич өз орнынан табыла білді. Бірінші таймның соңғы минуттарында "БАТЭ" футболшылары біздің қақпамыздың алдын торуылдап, үзіліске дейін екінші голын соғуға ұмтылды. Абырой болғанда қорғаушыларымыз сәтті қорғанып, қауіптің бетін қайтарды.
Алғашқы тайм "БАТЭ-нің" аздаған басымдығымен өткенімен, «Астананы» нашар ойнады деп айта алмаймыз. Дорин Ротариу мен Марин Томасов қос қапталдан қарсыластарды қыспаққа алып, қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Сондай-ақ Эричтің қырағылығын да айта кеткен жөн. Үш бірдей гол соғатын 100 пайыздық шабуылдың бетін қайтарып, қақпасын голдан аман сақтап қалды. Сонымен қатар қос команданың бас бапкерлері бір минут тыным таппай, 45 минут тік тұрған күйі шәкірттеріне өз ақыл-кеңестерін беріп тұрды. Осылайша, кездесудің алғашқы таймы 0:1 есебімен "БАТЭ-нің" пайдасына аяқталды.
Кездесудің екінші бөлігін "БАТЭ" футболшылары белсенді бастап, ә дегеннен-ақ шабуылға кірісті. Дегенмен «Астана» ойыншылары да қарап қалған жоқ. Қарсыластың әрбір шабуылына шабуылмен, соққысына соққымен жауап беріп отырды.
Кездесудегі қызық жағдай ойынның 52-минутында орын алды. Стадионға жиналған 15 мыңға жуық жанкүйер бір мезетте орнынан тұрып, 2-3 минут бойы шапалақ соқты. Мұның сыры "БАТЭ-нің" 1996-2018 жылғы басшысы Анатолий Капский былтыр 52 жасында қайтыс болған екен. Осылайша, жанкүйерлер ойынның 52-минутында Капскийді еске алып, рухына тағзым білдірді.
Матчтың 55-минуттан бастап алаң иелері ойынды толық өз бақылауына алды. "Астана" ойыншылары қорғанысқа мән беріп, тек қарсы шабуылға иек артуға мәжбүр болды. Бәлкім, үзілісте Григорчук футболшыларға қорғанысты мықтап ұстауға тапсырма берген болар. Өйткені «Астанаға» гол соққаннан гөрі, қақпаға гол өткізіп алмау маңызды еді.
Дүркін-дүркін шабуылдың өз жемісін берер сәті болады ғой. 65 минутта сондай сәттердің бірінде "БАТЭ" ойыншылары қақпамызға екінші голын соққан болатын. Абырой болғанда қапталдағы төреші жалаушасын көтеріп, доп ойыннан тыс жағдайда соғылғанын білдірді. Есеп өзгерусіз қалды. Кездесудің 70 минутында Роман Григорчук ойындағы алғашқы өзгерісті жасады. Алаңда шабуылшы қызметін атқарған Роман Мұртазаевтың орнына Рангело Янганы шығарды. Қателікті кешірмейтін "БАТЭ" ойыншылары матчтың 85 минутында «Астана» қақпасына екінші голын соғып кетті. Бұл жолы мергендігімен Евгений Яблонский көзге түсті. Жанкүйерлердің қызу қолдауына ие болып, голдан рухтанған футболшылар «Астана» қақпасына шабуылды бір сәтке де тоқтатқан жоқ. Екінші таймға қосылған қосымша уақытта Григорчук алаңға бесінші қорғаушы Абзал Бейсебековты Марин Томасовтың орнына шығарып, қорғанысты қымтап тастады. Осылайша, қақпамызға гол өткізбей, таблодағы көрсеткішті сақтап қалды.
Төрешінің ойын аяқталғанын білдіретін ысқырығы шалынды. Сонымен «Астана» бесінші жыл қатарынан Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығып отыр.Енді  Григорчук шәкірттері азулы "Манчестер Юнайтед", "Аз Алкмар", "Партизан" командалымен бір топта өнер көрсетеді.
Ерасыл ШӘРІБЕК  
03 қыркүйек 2019 ж. 687 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031