Жалағаш ауданы: Мол табыс ерен еңбекпен келеді
Облыс әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте Жалағаш ауданының әкімі Қайратбек Сәрсенбаев ҚР Президенті Жолдауынан туындаған міндеттер мен алдағы жоспарларды, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларымен таныстырды.
Аудан әкімінің айтуынша, биылғы 10 айда ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жоғары.
– Өнеркәсіп өнімдерін өндіруші мекемелер мен кәсіпорындар, жеке сектор 4054,3 млн теңгенің өнімін өндірді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12,5 процентке артық. Өнеркәсіп өнімдеріне талдау жасағанда, өңдеу өнеркәсібінің 109,3 процентке артқаны байқалады. Ал аудан бюджетінің көлемі бүгінгі күнге 12,2 млрд теңгеге жетті, – деді Қайратбек Әубәкірұлы.
Аудан ауыл шаруашылығы саласы бойынша жыл сайын мол табысқа қол жеткізіп, өңір қазынасының ұлғаюына үлес қосып келеді. Биыл 36665 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, былтырмен салыстырғанда 2,2 процентке артқан.
– Биыл диқандар ерен еңбектің үлгісін көрсетіп 21800 гектар күріштің әр гектарынан 63 центнер өнім жинады. Сонымен бірге, 6090 тонна картоп, 18373 тонна көкөніс, 26268 тонна бақша өнімін алды. Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында 41 техника сатып алынды. Осындай тынымсыз тірліктің нәтижесінде биыл облыс көлемінде агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында жоғары көрсеткішке жеткен ауданымыз «Алтын дән» мерекесінде бірінші орынды иеленді, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ, аудан әкімі шаруалардың мал басын арттыруда мемлекет ұсынған бағдарламаларды тиімді пайдаланып, нәтижесінде мал шаруашылығы саласында төрт түлік басы өскенін айтты. Мәселен, былтыр осы кезеңмен салыстырғанда ірі қара 2 процентке, жылқы 7,8, түйе 1,1, үй құстары 15,9 процентке артса, қой-ешкі 96,8 процентті құрап отыр.
Мал шаруашылығымен айналысатын 88 шаруашылық бар. Таң ауылында «Агролидер Таң» ЖШС ет өнімдерін қайта өңдеу цехын ашқан. Цех тәулігіне 800 кг, жылына 120 мың тонна ет өнімдерін өңдейді. Жалпы ауданда ет өндіру 102,3 процентке, сүт өндіру 101 процентке, жұмыртқа өндіру 102,2 процентке орындалған. Мұнан бөлек, биыл 128 бас тоқты Иран республикасына экспортталған.
Ақсу ауылдық округінде «Қиясов Еркебұлан» ЖК Ресейден 100 бас асылтұқымды қалмақ сиырын әкеліп, кәсібін дөңгелетуде.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығына сәйкес облыс бойынша іріктелген тіректі және спутниктік елді мекендер тізіміне ауданнан 8 елді мекен енгізілген. Осыған орай, «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасына келер жылға Жалағаш кенті, Ақсу және Аққұм ауылдары бойынша республикалық бюджеттен қаржыландыруға 1889,7 млн теңгенің 11 жобасы ұсынылған.
Ауданда білім беру, денсаулық сақтау салаларына аса көңіл бөлінген. Өткен оқу жылында 287 оқушы 11 сыныпты аяқтаса, 226-сы ҰБТ-ға қатысқан. Орташа балл 85,6-ны құраған. Мектеп бітірушілердің барлығы жоғары және арнаулы орта оқу орындарына түскен.
Былтырдан бастап барлық емханалар мен ауруханалар қағазсыз, яғни, цифрлы жүйеге көшіріліп, жұмыс жасауда. Ауданның емдеу мекемелерінде 92 дәрігер, 463 орта буын медицина қызметкері жұмыс істейді. Есепті мерзімде 623 бала дүниеге келген. Соңғы 10 жылда ана өлімі тіркелмеген.
Тұрғын үй, құрылыс, газдандыру бағытында да ауқымды жұмыстар көп.