ЭМОЦИЯЛЫҚ ИНТЕЛЛЕКТ: СЕЗІМІҢДІ ТҮСІНУ МЕН БАСҚАРУ
Эмоциялық интеллект ұғымына деген қызығушылық ХХ ғасырдың басында пайда болған. Классикалық IQ тестері арқылы (интеллект коэффициентін есептейтін сынақ) адам мінезі мен мотивациясын түсіндіру мүмкін болмағандықтан осындай сауал туындап зерттеле бастаған. Алайда эмоциялық интеллект ұғымы сипаттамасына жақын бірнеше анықтаманы осыдан екі жарым мың жыл бұрынғы жазбалардан да кездестіре аламыз. Мәселен, ежелгі гректер ақылды адам – санасын, логикасын және эмоциясын бір деңгейде ұстай алатын адам деп есептеген.
1990-жылдардың ортасында Дэниел Гоулман есімді журналистің "Эмоциялық интеллект: ол неліктен IQ-ден де маңызды?" деген психологиялық еңбегі батыс әлемін дүрліктіріп, қалың көпшілік жарыса оқыған нағыз бестселлерге айналды. Гоулман адам миы, эмоция тарихы және антропология дәйектері жайлы америкалық ғалымдардың зерттеуін пайдалана отырып, табысқа жеткен адамның өз нұсқасын жасап шығарды. Ол кезде ғалымдар балалар мен ересектердің жетістігін, когнитивті және әлеуметтік дағдысын талдай отырып, табыстылық ингредиентін белсенді іздеумен айналысатын.
Бүгінде эмоциялық интеллект ұғымы өз әйгілілігінің шыңында деуге болады. Оған талай кітап жазылып, семинар-тренингтер де жиі ұйымдастырылады. ЭИ-ді дамыту қажеттілігін ғалымдар дәлелдеп, кәдуілгі өмірдегі және бизнестегі әр алуан мысалдар қуаттап жатыр. Ендеше талай уақыттан бері назардан түспеген эмоциялық интеллект дегеніміз не өзі?
Эмоциялық интеллект – бұл өзіңнің және өзгенің эмоциясын тану, ниетін, қалауын және мотивациясын түсіну, сондай-ақ практикалық мәселелердің шешімін табу мақсатында өзіңнің және өзгенің эмоциясын басқару қабілеті болып саналады.
Теория мен практика
Дэниел Гоулман өз еңбегінде эмоциялық интеллект теориясын өмірде және жұмыста практикалық түрде қолдануға көп ден қояды. Сол үшін оны бес негізгі құрамдас бөлікке жіктейді. Олар:
Сана-сезім – өзіңнің қабілетіңді, мықты және әлсіз жағыңды объективті бағалау, өзіңді жете түсіну арқылы шешім қабылдау қабілеті.
Өзін-өзі реттеу – жұмысыңа бөгет жасамау үшін өз эмоцияңды бақылау қабілеті; ұзақ мерзімді мақсатқа жету жолында бір сәттік дүниелерден бас тартуға даяр болу; күйзелістен кейін аз уақытта қайта қалыпқа түсе алу қабілеті.
Мотивация – өзіндік бейімділік пен артықшылығыңды мақсатқа жету жолында пайдалану, бастама білдіру, сәтсіздіктерге бола кері шегінбеу және көңіл-күйді түсірмеу қабілеті.
Эмпатия – басқа адамдардың сезімін түсіну, өзіңді солардың орнына қоя алу қабілеті.
Әлеуметтік дағдылар – адамдар арасындағы қарым-қатынаста эмоцияны ұғыну қабілеті; Мұны келіссөздер жүргізу, дау-дамайларды реттеу, басу, басшылықты немесе топтық жұмыс ұйымын сендіру барысында қолдана алу.
Артықшылық пен кемшілік
Эмоциялық интеллект деңгейі жоғары адамдар қиын жағдайда тиімді әрекет етіп, оң шешім қабылдай алады, айналасындағылармен дұрыс әрекеттесе алады. Бұл олардың мансаптық жолының нәтижелі құрылуына, дамуына ықпал етеді. Сондай-ақ өзіңнің және алдыңда тұрған өзгенің оң немесе теріс сезімін мойындай алу, фактіден жеке сезімді, эмоцияны ажырата алу, көңіл-күй мен темпераментті сезінуге дағдылану да эмоциялық интеллекті жоғары жанға ғана тән. Осылайша аталмыш қабілет бизнесті жүргізуде, сондай-ақ коммуникация мен басқару жүйесін ұтымды орнатуда жаңа нәтижелі құралға айналып отыр.
Өз кезегінде эмоциялық интеллекттің маңыздылығы турасында теорияға қарсы шыққан ғалымдар да бар. Қабілетін дамытуға ниетті адам қарсы топтың да дәлел-дәйегіне құлақ асуы тиіс. Сол арқылы мәселеге екі жақты қараудың мүмкіндігі туады. Мәселен, америкалық профессор Адам Грант энтузиазм бүгінгі қоғамның көзін байлап, эмоциялық интеллекттің кері тұсын көрсетпей отыр деп қынжылады. Оның айтуынша, эмоциялық дағдысын арттырған адам өзгелерді де манипуляциялауға бейім болады. Бізге өз эмоциямызды басқару неғұрлым жеңіл болған сайын шынайы сезімімізді жасыру да соншалықты жеңілдейді. Біреудің эмоциясын түсіну, өз кезегінде, өзгелердің сезімінде ойнауға алып келуі, сондай-ақ басқалардың өз қалауына қарсы әрекет етуін тудыруы мүмкін.
Балалардың эмоциялық интеллектін қалай дамытуға болады?
Эмоциялық интеллектті дамыту мектепке дейінгі балалар тәрбиесінде маңызды дүние саналады. Оған көбінде ересектер қауымымен әрекеттесу негіз болады. Осы ретте ескеретін нәрсе – эмоциялық интеллект тек баланың өзіндік сезімін қабылдау атмосферасында ғана дамиды. Сол арқылы бала эмоция мен адамның көптігін түсінеді және соны қабылдап өседі. Мәселен, кей отбасында қандай да бір эмоцияны (ашу, қорқыныш, т.б.) танытуға тыйым салынып жатады. Өз кезегінде, эмоция атаулы еріксіз пайда болатынын ескеру міндет. Ересек адамға жеңіл болғанмен, балаға бұл қиындық тудырады. Баланың эмоциясын тұншықтырудың салдары зиянды екенін ата-ана түсіну керек. Мәселен, «ашуланба» деп балаға тыйым етуге болмайды. Дұрысы – оның ашуын түсініп, тиімді жолмен шығаруына жол көрсету. Өз кезегінде «ашуланба» іспетті бұйрық сөз арқылы ата-ана баласын эмоцияны тұншықтыруға баулиды. «Ініңе ызаланып, ашуланып тұрғаныңды көріп тұрмын. Қабағыңды, одан қалды жұдырығыңды түйіп тұрсың. Мұндай жағдайда ініңе барып, оған деген ашу-ызаң туралы айтсаң болады. Сол арқылы екеуің, бәлкім, ортақ мәмілеге келерсіңдер. Ашуың сейілмей жатса, грушаны соққылап көрсең болады» деп түсіндірген абзал. Дәл осындай эмоцияның еркін танылу жағдайында өскен бала ғана эмоциясын түсініп, сезімін басқарып өседі.
Нәтижелі 6 жол
Эмоциялық интелллектті қалай дамытуға болады?Эмоциялық интеллектті дамытудың 6 нәтижелі жолы бар:
- Өзіңізге үңіліп, жіті зерттеп, құндылықтарды таныңыз. Құндылықтарды тану – өзіңді басқарудың, мүдделестерді табудың оңтайлы жолы саналады.
- Кері байланыс пен сынға ашық болыңыз. Өзгенің пікірімен келіспеуге де, оны қабылдамауға да еріктісіз. Алайда бірнеше тарапты тыңдау арқылы өз позицияңды қайта қарастыруға, кемшін тұстарын көруге болады.
- Әртүрлі уақыттағы эмоцияңыңызды зерттеңіз. Әсіресе, қатты күйзелген сәттеріңізді бақылаңыз. Әрбір сезінген эмоцияңызды атауға дағдыланыңыз. Мәселен, «досымның мына сөзі менің бойымда реніш немесе қуаныш немесе ыза тудырды» деп бәрін өз атымен атау маңызды. Мұндай тәсіл эмоциялық сөздігіңізді көбейтіп, өзгелермен тиімді әрекеттесудің жолын кеңейтеді.
- Күйзеліске тап болсаңыз, терең дем алыңыз. Біз эмоцияны физикалық түрде сезінеміз. Яғни, күйзеліс жан дүниеңіздегі тепе-теңдікті ұрлаумен бірге, қантамырдың жиырылуына алып келеді. Бұл ми жұмысына зиян. Ал терең дем алу эмоциялық кернеуді бәсеңдетеді.
- Өміріңіздің әр саласында саналылыққа ұмтылыңыз. Қайсыбір жағдайды, адамдардың сізге деген ойын әсірелеуден аулақ болыңыз. Қалыптылықты сақтап, сезіміңізді бақылауда ұстаңыз.
- Кез келген нәрсеге күмәнмен қараңыз. Рефлекторлық теріс пиғылға салынбас бұрын естіген нәрсеңізді алдымен күмәнмен сейілтіңіз. Мәселеге сырт көзбен қарауға талпыныңыз.
- Айжан ҚИЯНБЕКОВА
- психолог