«МҰЗДЫ ӨЛКЕНІ» КІМ КӨРДІ?
Осы кезге дейін «Болашақ» корпоративтік қоры 40-қа жуық шетел фильмін қазақша сөйлетті. 2011 жылдан бері қауымдастық «Өзіңнен баста» жобасы аясында «Walt Disney Pictures», «Pixar», «Sony Pictures», «Disney», «Lucasfilm Ltd Marvel Inc» студиясының озық туындысын ана тілімізде тәржімалап келеді. Аударма сапасы керемет, алайда...
Биыл Голливудтың 6 фильмі қазақша дыбысталған. Оның қатарында “Дамбо”, “Аладдин”, “Ойыншықтар хикаясы”, “Арыстан Патша”, “Малефисента”, “Мұзды өлке 2” сынды үздік картиналар бар. Коммерциялық мақсатты көздемейтін ұжым бүлдіршіндермен қатар үлкендердің де қазақ тілін байытуға күш салуда. Ендігі басты мәселе ‒ үлкен экранда көрсетілетін фильм уақытында. Заманауи тілмен айтқанда прайм-тайм сәті. Әзірге «Болашақ» қорының еңбегіне кинотеатрдан қолайлы уақыт берілмей тұр. Айталық, қаладағы «Kinoplex» кешенінде жақында ғана жарыққа шыққан «Мұзды өлке» мультфильмі бір ғана уақытта көрсетіледі. Түскі сағат 11.30-да. Жұмыс күндері үлкендер қызметтен, ал оқушы сабақтан босай алмайтын қолайсыз уақыт. Демалыс күні барсаңыз, «не әрі, не бері» емес сәтке қойылған туынды жоспарыңызды бұзары анық. Бұл ‒ еліміздің барлық кинотеатрында бар мәселе. Мысалы, Атырау қаласындағы кинотеатрда қазақша мультфильм 11.50-де көрсетілсе, Алматыда 12.30, 15.30-ға қойылған. Бұл жөнінде журналист Әйгерім Есенәлі «Мирас» республикалық кеңесінің отырысында сөз қозғапты.
‒ «Мұзды өлке» фильмінің жақында ғана тұсауы кесілді. Астанадағы 9 кинотеатрдың барлығында таңертеңнен кешке дейін 138 сеанс жүргізілген. Оның біреуі ағылшын тілінде, он алтысы қазақ тілінде, қалған жүз жиырма жетісі орыс тілінде. Қазақ тілінде прайм-тайм уақыты 17.50, 16.45, 23.21 сағатқа қойылған. Өздеріңіз білесіздер, мұндай уақытта оған ешкім бармайды, ‒ дейді ол.
Осыдан соң «Мұзды өлкенің» орысша нұсқасы (Холодные сердце) белгіленген уақытқа назар салдық. «Kinoplexх».кz-те таңертеңгі 10.30-дан басталған фильм 23.30-ға дейін 12 рет қайта қойылады екен. Кешкі 18.00, 19.00, 20.00 тәрізді тиімді сағатта орыс тіліндегі туындының берілуі өкінішті. Мүмкін «Жібек жолы» кешенінде қазақ тіліне аз да болса басымдық берілген болар деген үмітпен «Тикетон» сайтын да шолып шықтық. Бірақ мұнда қазақша фильмді көрсету мүлде қарастырылмапты. Ал «Холодные сердце» күніне бес мәрте қайталанып көрсетіледі екен.
Жақында журналист Серікбол Хасан facebook парақшасында «"Мұзды өлке ‒ 2" мультигі де алдыңғы өнімдер секілді өте сәтті шықты. Дыбысталуы да тамаша. Қазақшаға жақсы аударылған. Әсіресе анау аққала Олафтың "Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан" деп жырға қосуының өзі, жүрегіңді жібітіп, жалт қаратады» деп жазыпты.
Енді ойлап қарасаңыз, қолайсыз прайм-таймның салдарынан қанша қазақ баласы «Мұзды өлкені» емес, орысша туындыны көреді?! Осы орайда «Болашақ» қауымдастығын айналып өткен фильм қаржысы жайында айтудың өзі орынсыз...
Гүлдана ЖҰМАДИН