ҚАДІРІҢДІ БІЛСЕК ЕКЕН...
Жақында бір мектеп оқушысының «Тәуелсіздік, егемен Қазақстан дегенде ойыма ешнәрсе түспейді-ау» деп қынжылғаны бар. Бұл кейінгі буынның идеологияны түсінбеуінің салдарынан болар деген ой түйдім әлгі оқушыға қарап. Бірақ бейбіт елде тұрып, еркіндікті сезінбеу ‒ тарихқа жасалған қиянат емес пе?! Соңғы кезде Тәуелсіздік мерекесінің тек жиын, концерт аясында дәріптеліп, Наурыз мейрамы тәрізді «жұтаңданып» бара жатқаны рас. Әсіресе жастар арасында. Ойымыз бір жақты болмас үшін, төмендегі сауалдарды белсенді жастарға жолдап, пікірін білдік.
1. Тәуелсіз Қазақстанның ең басты құндылығы қайсы?
2. Даму жылдарында мемлекет не жоғалтты?
3. Біздің елде не үшін Тәуелсіздік мерекесі жалпыхалықтық сипатта тойланбайды? Жастар арасында мерекенің маңызын арттыру үшін не істеу керек?
1.Тәуелсіз Қазақстанның басты құндылығы дегенде, елдің барлық азаматына ортақ құндылық айтылар болса, оның жалпы адамзаттық құндылықтан айырмашылығы бар деп ойламаймын. Ал мемлекеттік жүйенің тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін сол жүйенің қазіргі қалпын сақтап қалуға мүдделі адамдар тарапынан класификацияланған, үнемі дәріптелетін құндылықтарды мүлде түсінген емеспін.
2.Ымыраластықты. Бұл қоғам өмірінің кез келген саласына қатысты кереғар пікір иелерінің арасында консенсустың болмауынан көрінеді. Мысалы, тілдік тұтастықтың, әлеуметтің теңдіктің т.б. себептерден туындайтын кикілжіңдер...
3.Тәуелсіздік тойының жалпыхалықтық сипат алмауына қатысты кең тараған пікір бар ғой. Менің ойымша да, бұл негізгі себептің бірі. Ол– глобализация. Жаһандану – құндылықтардың бірігуі. Яғни капитал нарығының интеграциясы барлық адамдардың бірдей ақпараттық өнім, тауар немесе қызметті тұтынуына жағдай жасайды. Капитал нарығы нені дәріптесе, сол елдің өміріне жылдам енеді. Сондықтан халық 16 желтоқсанға қарағанда хэллоуин немесе Жаңа жыл мерекесіне көп мән беруі мүмкін.
1.Қазақстанның басты құндылығы ‒ оның Тәуелсіздігі. Ел егемендік алған тұста шетелде тұратын қандастардың да жүрегін қуаныш кернеді. Моңғолияда тұратын қазақтар сол жылдары Қазақстанға ағыла бастады. Тарихи Отанына қазақтың басым бөлігі оралды десем болады, бірақ кейін көш саябырлай түсті. Әлі күнге Моңғолиядағы қандастарымыз баласының Қазақстанда білім алуын қалайды жəне бәрінің Отанға оралмақ ойы бар. Менің ата-анам, бауырларым әлі күнге Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында тұрады. Қазір Еуразия ұлттық университетінде білім алудамын, алдағы уақытта ата-анамды, туыстарымды атамекенге көшіріп әкелгім келеді.
2. Ел егемендік алған соң, ғылым, білім, экономика саласында жоғары деңгейге жетті. Бірақ осы 28 жыл ішінде мəдениет саласының артта қалғаны анық байқалады. Әсіресе салт-дəстүр, өнер (терме, ақындық) дегенде жастардың құр алақан қалғаны жасырын емес. Менің Қазақстанға келгеніме екі жыл уақыт болды. Моңғолиядағы ат төбеліндей, қаймағы бұзылмаған азғантай қазақтың салт-дəстүрді қапысыз ұстануы бұл жердегі көрініске мүлде ұқсамайды. Көненің көзіндей қарт пен жастың бір-біріне деген сыйластығының арқасында бүгінге дейін Моңғолияда салт-дəстүрге, қазақы болмысқа еш өзгеріс енбеген.
3. Жастарға ұлттық құндылықтарды салт дəстүрді етене түсіну үшін əрине қызыға қараса жақсырақ түсінеді. Моңғолияда Наурыз мейрамы жоғарғы деңгейде тойланады жəнеде жастарымыз бұл мейрамда көптеген үйлерді қыдырып ғана қоймай ұлттық киімді киіп орталық алаңда күмбірлеген күйлер тартып Қара жорға биі биленіп жəне барлық ұйым мекемелер қазақ киім киіп қаланың орталық алаңында айланып жүріп өтеді.Жастармыздың уақытын қызықты өткізу үшін де көптеген салт дəстүрге дəріптелген ұлттық ойындарда жүріледі. қазақи салт дəстүрімен мәдениетке сәйкес келетін мереке іс шаралардың өтуі жастарымыздың ұмытып ескіріп бара жатқан салт дәстүрлерді білуне себепші болар еді.Əрине сонда біз Қазақ деген ұлт болар едік.
1. Қазақстанның ең басты құндылығы ‒ жастарға жасалған мүмкіндігі. Қазір елімізде "Болашақ" стипендиясы, Назарбаев университеті, ІТ саласында еңбекке қабілетті жастарға қолдау бар. Кәсіп ашу үшін де мемлекеттік бағдарламалар қарастырылған.
2. Даму жылдарында мемлекет халықпен өзара кері байланысты жасай алмады. Әлі күнге дейін ой, сөз еркіндігі турасында халық арасында даулы мәселе бар.
3. Менің ойымша, бұрын тойланған 25-қазан Республика күнін қайтару керек тәрізді. Сол кезде біз егемендігімізді тойлап, ал Тәуелсіздік күні аза тұтып, Желтоқсан құрбандарын еске аламыз. Әйтпесе 16 желтоқсан күні Тәуелсіздік күні деп жар салып, қуана алмайсың. Мереке қарсаңында Алматы жастарын ауылға қайтарады деген пікір бар. Бірақ жыл сайын айтулы күні жастарға жасалған қысымды көрмедім.
Бекарыстан Аманжолов, журналист:
- Менің ойымша, тәуелсіз елдің басты құндылығы ‒ өзін еркін сезіне алатын халқы. Өзін «тәуелсізбін» деп айтатын тұрғыны болмайынша мемлекеттің іргетасы берік қалануы неғайбыл. Бұл құндылық бағаланбайынша, ұлттың дербес болуы да мүмкін емес. Адам санасы тұрақсыз дүние ғой. Бірақ сана еркін көсілетін болса, тұсаусыз тұрғын тәуелсіздік лебін сезіне алады. Ал халық құлдық санада қалып кетсе, елдің құлдырауы да сол болмақ.
- Жоғалтып алды дегеннен гөрі, рухын әлсіретіп алды деген дұрыс шығар. Өркениет заманында ұлттық құндылықтарға қарсы келетін қиындықтың кезігуі ең басты мәселе деп ойлаймын. Екіншіден, халықтың рухани-діни сауаттылығының төмендегені рас. Себебі
- мемлекет экономиканы дамытамын деп елдің рухани әлемін кенже қалдырған тәрізді. Бірақ болашақта бұл олқылықтың орны толады деп ойлаймын.
- Меніңше, жалпыхалықтық сипатта тойланады, бірақ біз жоғарыда айтқандай алдымен қоғам еркін санада болу керек. Мысалы кезінде неге Мұса пайғамбар еврей халқын қырық жыл бойы шөл дала арқылы апарып, бүгінгі Израйль, Палестина аймағына орнатты? Оның халықты Ефрат теңізінен қиындықсыз өткізетіндей күші болды ғой. Неге? Қырық жылда құлдық санадағы адамдар қартайып, өмірден озады да, орнын еркін санада өскен буын басады. Бұл оқиғаның мәні осы.
- Жастар арасында осы құндылықты насихаттау үшін ұлттық бағыттағы кино, бейнебаян санын арттырған жөн секілді. Себебі, кезінде Ленин «Кино ‒ мықты қару. Ол қаруды дұрыс қолдансаң ‒ артықшылығың, пайдала алмасаң ‒ өзіңе жау» деп баға берген. Тәуелсіздік жайлы көркемфильм түсіріліп, оны жастардың үлгі тұтатын тұлғалары насихаттаса, ұлттық мерекені бүгінгі буын жан дүниесімен түсінеді деп ойлаймын.
Автор: Гүлдана ЖҰМАДИН