Өнер мен ғылымның мекеніне қош келдің, өнерлі өренім
2019 жылдың 24 желтоқсан күні «Оқушылар мен жасөспірімдер Үйінде» Тасбөгет кентіндегі №176, №172, №11, №257 мектептің оқушыларына арналған «Өнер мен ғылымның мекеніне қош келдің, өнерлі өренім» атты ашық есік күні өтті.
Бұл мекеме оқушыларға 21 үйірмеден тегін қосымша білім мен тәрбие беріп іргелі ордаға айналғанына 10 жылға жуықтады. Гаухар Құдайбергенова басқарып отырған мекемеге құрметті қонақтары қатарында «Оқушылар мен жасөспірімдер Үйінің» қамқоршылық кеңес төрайымы Жаппарова Назира Парамұрзақызы, «Нұр Отан» Тасбөгет бастауыш партия ұйымының төрайымы Жанат Мылтықбайқызы, Қалалық білім бөлімінің бас маманы Тумурзаев Бек Сұлтанбекұлы, қамқоршылық кеңес мүшелері, жергілікті әкімдік қызметкерлері және ата- аналар қатысты.
Ашық есік күніне кенттегі 4 мектептен 100- ге тарта оқушы оның ішінде әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан, мектепішілік және ИДН есебінде тұратын оқушылар келіп, үйірмелердің жұмысымен танысып, «Қолөнер», «3 Д Модельдеу», «Жас қаламгер», «Жас пилот», «Жас математик», «Домбыра», «Ән- терме», «Қылқалам», «Би» үйірмелеріне деген ерекше қызығушылықтарын танытты. Ашық есік күні өнер ордасының талантты шәкіртттерінің концерттік бағдарламасына ұласты. Қазақтың қанына біткен қонақжайлық дәстүрі бұзылмай, келген қонақтар тәтті бауырсақ пен шұбаттан дәм татты.
Қамқоршылық кеңес төрайымы Жаппарова Назира «Оқушылар мен жасөспірімдер Үйінің» іргетасын ең алғаш қалағандардың бірі, ардагер ұстаз ұжымның жұмысына оң бағасын беріп, әр үйірмеге жеке – жеке тоқталып, Тасбөгет кентіндегі өнерлі балалардың талантын ашуда қызмет етіп келе жатқан бірден – бір өнер ордасы екенін атап өттті.
Оқушылар мен жасөспірімдер Үйінде орналасқан «Тасбөгет» бастауыш партия ұйымы жұмыс жасайды, «Бастауыш партия ұйымының» төрайымы, Жанат Мылтықбайқызы үйірмелердің жұмысымен танысып, өзі басшылық ететін №11 мектеп- лицейдің оқушыларының да басым көпшілігі «ІТ» бағытындағы үйірмелерге ерекше қызығушылық танытатынын атап өтті, сонымен қатар ата- аналардың өз баласы үшін аянбай репетитор жалдап оқытып жатқан заманда бұл мекеменің қосымша білім беруді жолға қойғанын тілге тиек етіп, баланың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруда таптырмас мекеме екенін айтты.
Анар Қаражанова,
"Жас қаламгер" үйірмесінің жетекшісі