ЖЕРЛЕСІМІЗ ЖАҺАН БІРІНШІЛІГІНДЕ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ

Бұған дейін қазақ күресінен ел чемпионаты Қызылордада өткен. Түйе палуандар белдесуінде көрермен ауық-ауық Нұрымды іздеді. Спортшыны жарақатына байланысты шыға алмайды деген соң көпшілік алаңдаған. Бүгінгі әлем чемпионаты Нұрымның сол сәттен өзін дайындап жүргенін байқатқандай болды.
– Мен үшін қарсыластың ең қиыны ирандық және грузин палуандары болды. Жаттықтырушы үйреткен техника мен әдіс-тәсілді барынша салдым. Сәтін салып, Әлем чемпионы атандық. Бұл жеңіс төгілген тердің, тынымсыз еңбек пен үздіксіз ізденістің арқасы. Алда әлі мақсат көп, – дейді чемпион.
Аламанның алтынын арқалаған азамат жаттығуын үзбей оқу-жаттығу жиынына аттанып кетті. Бұл жаттығу 2020 жылы да жалғасын табады. Нұрым жаңа жылда тәжірибе алмасуға Әзербайжан, Моңғолия, Грузия, Армения, Өзбекстан мемлекеттерінде жаттығу жүргізеді. Онда дайындықпен қатар жолдастық белдесулер болатын көрінеді.
– Менің арманым Әлем чемпионы болу еді. Бір ерекшелігі, ол тәуелсіздік күнінде орындалды. Ендігі жерде көкте желбіреген байрағымызды төмен түсірмесек деймін. Қанша дегенмен, тек жалғыз өзіңнің емес, тұтас елдің атынан шыққасын қазаққа ортақ абырой. Мен үшін бастысы осы болды. Көк туым биіктеген сайын бойымды бір алапат күш билеп, кеудемді мақтаныш сезімі кернеді. Бұл – тәуелсіз қазақ елінің жеңісі, – дейді Нұрым Сәлімгереев.
Ақтық сында грузиялық Давид Лориашвилидің жауырынын жерге тигізіп, айқын жеңіске жеткен жерлесіміз ҚР халықаралық дəрежедегі спорт шебері нормативін орындады.