» » » ЗЕРГЕРЛІК ТАБЫС КӨЗІ ЕМЕС

ЗЕРГЕРЛІК ТАБЫС КӨЗІ ЕМЕС

  Даниял ЕРБОЛҰЛЫ, жас зергер:
− Даниял, зергерлік өнерді қалай меңгердіңіз? Ең алғашқы жасаған дүниеңіз қандай?
Қазіргі таңда М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжінде қазандық жабдықтарын аралаушы машинист мамандығында білім аламын.Меніңнағашы ағам – ұста, сол кісінің «жаңқаға жан, темірге тіл бітірген» шеберлігі маған берілді ғой деймін, бала кезімнен бұйым жасауға ерекше қызықтым. Осы кезге дейін үй маңындағы бөрене ағаштан, темірден көптеген дүниелер дайындадым. Бірде Қолөнер ұлттық нақыш орталығына Алматыдан шебер келетінін және талабы бар шәкірттерге зергерлікті тегін үйретінін естідім. Бастапқыда орталықта 4-5 бала оқыдық, кейін жанымдағы оқушылар түрлі себептермен кетіп қалды. Менің тиянақтылығым мен ізденісімді бағалаған болу керек, ұстазым екі ай бойы шеберлік сабағын өткізді. Кейін Қолөнер орталығының басшысы Аида Керімқұлова осы мекемеге жұмысқа қабылдады. Ең алғаш рет тұмарша алқа жасадым, оның дизайнын өзім сызғанмын. Алқаны бір ай көлемінде толықтай бітірдім, сапалы болған соң сатылымға шығарылды. 
  • − Ұстазыңыз аты көпке мәлім Дәркембай Шоқпарұлының шәкірті екенінен хабардармыз...
− Иә, Дәркембай Шоқпарұлы – тек қолөнер шебері ғана емес, аспаптанушы, мәдениеттанушы адам. Ондай кісінің шәкірті де осал болмайтыны анық. Қолөнер орталығында маған Ринат Мүлікбаев зергерлікті түбегейлі түсіндірді, өз ұстазынан көргенін маған да үйретті. Ұстазымның кісілік келбеті, еселі еңбегі мені сабырлы болуға тәрбиеледі. Кейде бұйымды жасау барысында металл икемге келмесе, асығыстық жасамайтын. Келесі күнге қалдырып, сапалы дүниенің дайындалуына ерекше мән беретін. Қазір ол кісі Алматыда болса да хабарласып, кеңес алып тұрамын. Алдағы уақытта Дәркембай Шоқпарұлымен де кездесіп, сабақ аламын деген ойдамын.
− Бүгінге дейін қанша бұйым жасалды? Бұйымды өз нұсқасы бойынша дайындатушылар көп пе?
Бұл кезге дейін жасалған дүниелерді санамаппын, бірақ біршама бұйым  сатылымға шықты. Әшекей бұйымдардың арасында сақина ерекше сұранысқа ие. Сондықтан сақина сапасына көбірек көңіл бөлемін. Өз сызбасы бойынша тапсырыс берушілердің де қарасы қалың. Мәселен, сақинаға әр түрлі оюды бедерлеуді, браслетке есімін жаздыртуды қалайтындар көп. Мұндай тапсырыстар 2-3 күнде дайындалады.
− Әшекей бұйым үшін қандай металл түрін пайдаланасыз?
− Көп жағдайда күмісті қолданамын, шикізатты Қолөнер орталығы тапсырыспен әкеліп береді. Металл бастапқыда 999 сынамалық үлгіде болады, ол таза  күміс болғандықтан майысқақ келеді. Оның мықтылығын арттыру үшін мыс немесе жез қоспасымен өңдеймін. Соңында бұйым 925 сынамалық үлгіде қалыпқа құйылады.
− Бүгінгі таңда көшірме шебер көп. Бір оюды барлық жерден көруге болады. Бұл жөнінде не айтасыз?
Зергерлік −  көп ізденісті, қиял мен ұшқыр ойды, ұзақ уақытты талап ететін кәсіп. Сондықтан шеберлердің басым бөлігі тың дүниеге қарағанда, көшірмені дұрыс көреді. Өз басым әр бұйымға ерекше дизайн, қайталана бермейтін бейне енгізуге тырысамын. Әзірге әшекей бұйымдар үшін авторлық құқық алмадым. Жақында облыстық музейді аралап жүріп, ескі алтын сақинаны көзім шалды. Сақинада ағаш, өзен, аққу бейнесі салынған және сол арқылы шебер табиғатты  әдемі үйлесімділікпен көрсетіпті. Құнды дүние маған ерекше шабыт сыйлады. Алдағы уақытта оюмен жануар бейнесін үйлестіріп жаңа дүние жасау ойымда бар.
Иран мемлекетінде қолөнерді дамытуға жылына 1 млрд доллар бөлінеді екен. Ал бізде бұл көрсеткіш қандай деңгейде?
Ата-бабамыздан қою мазмұнды дүниелер аманат ретінде қалса да, оған жіті мән бермейтініміз жасырын емес. Ұлттық дүниелерді халық арасында насихаттау, қолөнерді дамыту біздің елде енді ғана қолға алынып жатыр. Соның бір дәлелі өзім секілді жастарды зергерлікке баулып, ата кәсіпті үйретуге себепші болуы деп түсінемін. Жалпы елімізде қолөнерді дамыту үшін алдымен шеберлерге қолдау көрсету керек. Республика деңгейінде көрме ұйымдастыру, оларды қаржы тұрғысынан демеу тәжірибе алмасуға көмектеседі. Екіншіден, ұлттық бұйымдар бағасы қарапайым халыққа қолжетімді болуы тиіс. Себебі тұрғындар қазақы киініп, отандық брендті алғысы келгенімен оған шамасы жетпейді. Бірақ бұл мәселе болашақта шешімін табады деп ойлаймын.
− Салада қандай қиындықтар бар?
− Зергерлікке қатты қызыққандығымнан болар, маған ешқандай қиындық байқалмайды. Бастапқыда әшекей бұйымды мельхиор металынан жасадым. Мельхиорды қалыпқа келтіру күміске қарағанда қиын, әрі ұзақ уақыт алады. Жақында ұстазым «сен алғашында мельхиорды тез игеріп кеттің, сондықтан күмістен де тәуір дүние жасап шығарыңа сенімді болдым» деп жасаған бұйымдарыма баға берді. Бұл менің сүйікті кәсібім, оны әлі күнге дейін табыс көзі деп емес, өнер әрі өмірімнің мәні деп қабылдаймын.
Зергердің бір күнін сипаттап беріңізші...
Шынымды айтсам, жұмыс кезінде уақытқа мән бермеймін. Орталыққа таңертеңгі 10.00-де келемін, қашан бұйымды жасап бітіргенше өзге дүниеге алаңдамауға тырысамын. Кейде жұмыстан қайтар уақытты да ұмытып кететін сәттер болады. Үйге барған соң ағаштан аспап немесе қылыш тәрізді дүниелер жасаймын. Бұл жұмыс түнгі 4-5 ке дейін жалғасатындықтан, өзімді әлеуметтік желі, басқа да уақыт алатын қызықтардан шектедім.
− Ал ағаштан аспап жасауды кімнен үйрендіңіз?
Бірде орталыққа арқасына асынған үлкен қоржыны бар, қарапайым ғана Бауыржан Досбаев есімді кісі келді. Жөн сұрай келе қарияның қобыз жасайтынын білдім. Қоржындағы орап алған аспап қобыз екен, маған суыққа көп шығаруға болмайды деп ескертті. Ал аспаптың құнын жүз мың теңгеге бағалапты. Сол кісімен әңгімелесіп, қобыз жасаудың қыр-сырын түсіндім. Қобызды қара ағаш, жиде тәрізді ағаштан жонған соң, құрамындағы шырынын алу үшін тұзды суға қайнатып алады екен. Әйтпесе аспап ойдағыдай дайындалса да көз ұзамай  жарылып кетеді. Үйде өзім жасаған бірнеше аспап бар, алдағы уақытта жетілдіріп сатылымға шығарамын.
− Өзіңізге ерекше ұнаған әшекей бұйымның тарихы туралы айтсаңыз...
Бұрынғы кезде шашбау арқылы қазақ қыздарының биязылығын, аяқ алысынан-ақ ибалы мінезін таныған ғой. Сол тәрізді құсмұрын деп аталатын сақина да қыз әдептілігінен хабар береді. Ол үшін шебер сақина ішіне күмістен бірнеше сылдырмақ салады. Сақина тағынған сұлудың саусағы қозғалғанда сыңғырлап, қимылына әдемілік қосады екен. Маған мұны жеңгем айтып берген еді, естіген бойда сақинаны жасауға асықтым. Күмістен құйылған сақинаның ортасын ойып, ішіне сылдырмақ салдым, ал жиегін оюлармен әрледім.
− 18 жасыңызда зергерлікті қолға алдыңыз, ал он жылдан соң Сыр еліне қосар үлесіңіз қандай болмақ? Зергер болғысы келетіндер үшін қандай кеңес айтасыз?
Жоғарыда айтып өткенімдей, қазақылықты, қолөнерді жақсы көремін. Қазіргі мамандығым ата-анамның қалауы еді, ал зергерлік жатсам түсімнен, тұрсам есімнен кетпейтін кәсіпке айналды. Сондықтан кәсіби шыңдалу үшін жуырда Ресейге оқуға баруды жоспарлаудамын. Одан бөлек жеке шеберханамды ашқым келеді. Биыл жастар үшін қолдау көп, сол мүмкіндікті пайдаланып жұмыссыз жүрген жастарды зергерлікке баулысам деймін. Болашақта ұлттық өнімдердің халыққа қолжетімді түрде болғанын қалаймын және осы бағытта жұмыс істеймін.
    Зергер болу үшін алдымен осы салаға деген ынта мен қызығушылық қажет. Ойлау қабілетің терең әрі ұшқыр болса еңбегің бағаланары анық. Сонымен қатар қолдың ептілігі де маңызды. Сәтін салған істің салмағы жеңіл болады, егер осы қасиет зергердің бойынан табылса, көздеген мақсатына жетері даусыз.
Сұқбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен
 Гүлдана ЖҰМАДИН
26 наурыз 2019 ж. 2 117 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031