» » Көкжәшік алдындағы келешек

Көкжәшік алдындағы келешек

    Ел тарихындағы дыбыстық киноның алғашқысы «Амангелді»  көркем фильмі. Сонау 1938 жылы түсірілген кинотуынды қазіргілер үшін аса қызық емес болар, бірақ оның ұлттық кинематография саласының бастауында тұрғанын ұмытпағанымыз жөн.
     «Амангелдіден» басталған ұлттық киномыз өткен ғасырдың екiншi жартысында биікке көтерілді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұл салада іркіліс байқалып еді, екі мыңыншы жылдардан бастап там-тұмдап туындылар түсіріле бастады. Қазір тіпті отандық телеарналар да өз өнімін ұсынып жатыр. 
       Ұлттық арнаның алғашқы өнімдерінің бірі – «Көк тарландары». Осы киноның әр сериясын жібермей көретін інімнің  «Мен де өскенде осындай «Көк тарландары» секілді әскерге барып, Қазақстанды қорғайтын болам» дегені есімде қалыпты. Шынында да, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге әсері бар туынды екен, әлі де ара-тұра «Ел арна» каналынан көрсетіп тұрады. Бірақ бұл сериалдарды бізден басқа кім көріп жатыр? Жалпы, біздің киноиндустрия әлем көрермені тамсанатындай туынды түсіре ала ма?
       Жалпы, қазақ әзілді, орынды сықақты теріс көрмейтін халық. Бірақ қазір ай сайын түсіріліп жатқан комедия жанрындағы фильмдердің күлетін тұсы аз. Есесіне, салт-дәстүріңді тәрк ететін тұстары жаныңа түрпідей тиеді. «Келинка тоже человек», «Келинка Сабина», «5 причин не влюбиться в казаха»  комедияларының қалай эфирге шығып кеткеніне таңғаласың.
       Қарап отырсақ, өзгелер тарихи тұлғалары жайлы фильмдерді әлемдік прокатқа лайықтап түсіреді. Тіпті болмағанда өз дәстүрін, тарихын арасына сыналап кіргізіп жібереді. Мысалы, Қытай елінің киноларын қарасаң ұшып жүріп төбелесетін шоулин монахтарын көресіз. Өздері ешкімнен жеңіле қоймайды. Жарақат алса да, қатардан қалмайтын осы «қаһармандардың» бала біткенге әсері керемет енді. Немесе бәріміз білетін түріктің "Сұлтан Сүлейман" атты телехикаясы. Тарихқа тұнып тұр және қаражатты да аямаған. Бұл сериалдан соң қанша қарындастарымыз Хюрем патшайымға еліктегенін де көріп жүрміз. Телеарналардың бірі осы Сүлейман сұлтанның ұрпақтары жайында жаңа сериал көрсететіні жайлы жарнама беріп жатыр. Оның да көрермені көп болатынына күмәніміз жоқ. 
       Қазір бізде түсіріліп жатқан көдедей көп сериалдардың арасынан "Қазақ хандығын" айрықша айтар едік. Екі бөлімді «Қазақ хандығы» «Қазақ елі» деп аталатын тарихи циклді сериалдың алғашқы бөлігі. Жобаны жүзеге асыруға әу баста 5 млн доллар бөлінген. Кейін краудфандинг тәсілі арқылы отандастарымыз қосымша 101 млн теңге жинады. Сериал Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы желісімен түсірілген.
        Осыдан 3 жыл бұрын 5 қаңтарда жалпыұлттық прокатқа шыққан аталмыш толықметражды көркем фильм қазақстандық прокатта 72 млн. теңгеден астам қаржы жинап, көшбасшылар қатарынан көрінді. Жалпы алғанда 2,5 мыңнан астам сеанс, оның 60% қазақ тілінде, ал 40% орыс тілінде көрсетілді.
         Қалалықтар болмаса, ауылдағылар үшін кинотеатрдың ауылы алыс екені белгілі. Фильм телерналардан беріле бастағаннан-ақ көрерменді көк жәшіктің алдына байлап қойды. Мазмұны бай, тілі ұғынықты, артық-ауыс сөз жоқ. Басқаны қайдам, өз басым 2-3 қайтара көрдім. Кейінгі шыққан «Алтын тақ» та көрерменнің көңілінен шыққан туынды болды. Кез келген шетеліңе ұялмай көрсететін-ақ кино. Кейінгі түсірілгендерден экшн-сценалы «Томирис» пен «Орбұлақ шайқасынан» әлдеқайда әсерлі көрінеді.
        Бағамдап қарасақ, киноның берері орасан зор. Ол арқылы ел тарихын, тіпті ертеңін тануға болады. Еліміздің ертеңі бүгін осы көгілдір экран алдында отыр. Олар тілін ұғынып, түсінбесе де бейне арқылы барлығын ой түйсігімен қабылдап отырады. Сондықтан елдің рухын көтеретін осындай фильмдердің қатары көбейсе дейміз.  
Ерхан АҚЫН
19 қаңтар 2020 ж. 319 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031