Павел Цыбулин FIFA – 2018 жайлы: Үлкен бір тойды атқарғаннан кейінгідей сезімдемін
Дастарханың да, концерттік бағдарламаң да, бәрі-бәрі ойдағыдай болып, тойдан соң бір жеңілдеп отыратын сәт болады ғой, сондай сезімдемін. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметіндегі футболдан әлем чемпионатының көрсетілімін қорытындылауға арналған брифинг барысында «Qazsport» телеарнасының директоры Павел Цыбулин мәлімдеді.
«Үлкен бір тойды атқарғаннан кейінгідей сезімдемін. Дастарханың да, концерттік бағдарламаң да, бәрі-бәрі ойдағыдай болып, тойдан соң бір жеңілдеп отыратын сәт болады ғой, сондай сезімдемін. Жанкүйерлер дел осындай эмоциялық сезімді бастан кешіріп отыр деп үміттенемін. Барлығы ойлағанымдай іске асты. Трансляция бойынша біз екі рет рекорд жаңарттық. 1 шілде күні Ресей – Испания 950 мың адам тамашаласа, араға апта салып, яғни, 7 шілде күні Ресей – Хорватия ойынын 1 млн астам адам көрген. Қазақстан секілді жас мемлекет үшін бұл үлкен жетістік», - деді арна басшысы.
Оның айтуынша, Qazaqstan TV мобильдік қосымшасы арқылы футболды тамашалағандардың саны жалпы көрермендердің үштен бір бөлігін құраған.
Оның айтуынша, FIFA-мен жасалған арадағы келісімшартқа сәйкес, қоғамдық орындарда әлем чемпионаты ойындарын көрсету тек жоғарыда аталған екі ұлттық арна арқылы орындалуы керек.«Әлем чемпионаты өткен соң, FIFA көрсетілімі үшін жауап беретін әр мемлекеттен бір өкілді шұғыл түрде Мәскеуге шақыртты. Түнде хабарландыру келсе, әлемнің қай бұрышында екеніңе қарамастан, таңертен Мәскеуде болу керек болды. Жүрегіміз тарсылдап, нені бүлдірдік, қай ережені бұзып қойдық деп, әбден мазасыздандық. Алайда, ол жиыннан кейін Қазақстанда қос арна FIFA құқықтарын бұзбағаны туралы мәлім болды. Тіпті, кейбір алпауыт арналардың өзінде көптеген құқық бұзушылықтар болды. Комментаторлық, авторлық, брендтік, студиялық секілді міндеттемелер бұзылған», - деген ол әлем чемпионатын телеарналар арқылы таратудағы атқарылған үздік жұмыстар үшін ФИФА ұйымы «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарына арнайы алғыс хат жолдағанын мәлімдеді.
«Осы орайда, біздің корпорацияның мобильдік тобы елдегі түрлі өңірлердегі қоғамдық орындарға барып, ондағы трансляцияның қай арнада жүргізіліп жатқанын бақылады. Егер, әлем чемпионаты басқа арна арқылы көрсетілсе, алдымен ескерту жасалады. Алайда, бұл факті тағы қайталанса, онда полицияның қатысуымен арнайы хаттама жасалады. Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша мұндай 30 талапарыз сотқа жолданады», - деді ол.