Әзихан

  Сыр өңірінде 1932 жылы ашылған Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова атындағы қыздар орта дәрежелі педагогикалық білім беретін оқу орнына сонау 1964 жылдары республикамыздың түкпір-түкпірінен білім іздеген 14 жастағы қос бұрымындағы ақ бантигі жарасқан жас қыздардың ішінде Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен аймағынан келген  Әзихан Серікбайқызы Ахметова да бар еді.
Осы естелік әңгімемнің кейіпкері Әзихан Серікбайқызы Ахметова қазір ортамызда болмағанымен бізбен бірге күліп-ойнап жүргендей сезіледі. «Бүгінгі мұғалім болып жүргенім бала күнімдегі арманымның орындалғаны» деп кездескен сайын айтушы еді, жарықтық.  Біз білетін Әзихан өте сауатты, білімдар, ізденімпаз, ата-анамен тығыз байланыста болатын нағыз ұстаз болды.
Менің білетінімде ата-аналар баласын бастауыш сыныптың бірінші класына әкелерде Әзиханды іздеп жүріп беретін. Себебі, Әзихан өз жұмысын, мамандығын жетік меңгерген, кәсіби біліктілігі өте жоғары, өзіне өте сенімді, балаларды жан-тәнімен сүйетін мұғалім болғанын көзімізбен көрдік. Сол кездердің өзінде Әзихан еш уақытта өзімбілемдікке салынбай тәжірибелі бастауыш сынып мұғалімдерінің бай тәжірибесін үйренуден –жалыққан емес. Біз Жүрсін және Әзиханмен Қармақшы ауданы орталығы     Жосалы қыстағында көрші тұрдық. Күнде бір-бірімізбен үзбей араласып, құраласып жүрдік. Бірде Әзиханға алғашқы оқу жылы басталған жылдары бір ата-ана өзіне сенімсіздікпен «сіз тым жас екенсіз» деп күдіктене қарапты. Сонда Әзихан күдіктеніп тұрған анаға: «сіз ең болмағанда маған үш күн мұрсат беріңіз, егер мен сізге ұнамасам, үш күннен кейін басқа сыныпқа балаңызды ауыстырып алуыңызға болады» деп уәж айтады. Әрине ата-ананы да түсінуге болады, жас қызды бастауыш кластың жетекшісі ретінде алғаш көріп тұр ғой. Оқушы үш күннен кейін өз ұстазына бауыр басып үлгереді. Баласының таңдауына көнбейтін ата-ана бар ма?! Үш күннен кейін келген ата-ана баласының Әзихан апайының етегінен ұстап айрылмай жүргенін көріп, таңғалғанын айтып еді, жарықтық.
«Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» дейді бабалар сөзі. Иә жақсы келін атанып, ошақтың құты, шаңырақтың шаттығы, отбасының берекесі болуды әрбір қыз армандайды. Ол сол арман жас қыздардың тек өзіне ғана байланысты екенін біз күнделікті өмірден көріп, біліп жүргеніміз ып-рас. Отбасының тірегі – ер азамат болса, шаңырақтың шырайын келтіріп  абысын, ажындарымен сол әулеттің ынтымағын сақтап қайын-қайнаға, ата-ене, туған-туысқандардың ортасын берекеге толтырып отыратын да, Қаймақбаевтар әулетіндегілердің сыйлысы да, сырласы да бола білген Әзихан замандасымыз еді. Ол үй шаруасының бар тірлігін үйіріп әкетіп, қайыны, қайынсіңлілерінің де көңілін тауып, сол үйдің ерте тұрып отын жағып, сиырын сауып, самаурынын қайнатып, қазанын көтеріп, өзінің жан жары Жүрсіннің де, ата-енесінің де жылы-жұмсағын дайындап, әулеттің, халықтың ойынан шыға білген асыл ана, ардақты ұстаз Әзихан болды десек дәл тауып айтқан болар едік.
Уақыт не деген жылдам еді. Жүрсін бала кезінде өте шағын болып өсті. Ол жастайынан музыкаға бейім болып, мектепте оқып жүргеннің өзінде көркемөнерпаздар үйірмесіне қатынасып, «сырнай» тартып ән айтушыларды сүйемелдеп жүрді. Сахнаға әуелі Жүрсін келеді, оның артынан бірі ол ойнайтын сырнайын алып келеді, себебі сырнай үлкен Жүрсін өзі шағын оны көтере алмайтын. Бір бала орындық қойып, Жүрсін соған отырып жас кезінен-ақ сол үлкен сырнайдың құлағында ойнап, құлпырып кететін.
Кейіннен Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың ән-музыка бөліміне түсіп, оны ойдағыдай бітірді. Жүрсін ең алғаш мұнан жарты ғасырдан астам бұрын ұйымдастырылған «Сыр сұлуы» ән-би ансамблінің белді мүшесі, баянисі болып Мәскеу, Алматы қалаларында өткен сол кездегі Қазақстан Республикасының өнер саласындағы он күндігі ән-би фестиваліне қатысып еді.
Мен Жүрсінмен мектепте бірге оқыдым. Ал институтты Жүрсіннен бір жыл кейін бітірдім. Жас отбасы болып үйіміз көрші тұрып, бірге жұмыс жасадық. Алыс-берісіміз тереңдеп, тамырланып туған-туысқандар секілді өте жақын, жақыннан бетер болып бір-бірімізді сағынып көрісіп, ағайын-туысқандарша аңсап көрісіп, қатынасып тұрдық. «Жібек мінезді жұртқа жағар» деген ұлы дала қазағының дана сөзі бекер айтылмаса керек. Жүрсін мәрт мінезді, өте ақкөңіл жан болса, Әзихан өте ақылды, білгір, сауатты өте зерек, бір айтқанды қағып алатын қабілетті жан болды. Әзихан алдына келген кіммен сөйлессе де бұлт арасынан күн шыққандай, соның нұрлы шуағына шомылғаныңдай боласың. Мәдениеті, адами қасиеттері, имандылығы, алғырлығы, зеректігі мен ақылы үйлесім тапқан, кісілік келбеті ерекше ана, ұстаз еді. Әзиханды елмен қатар замандастары мен әріптестерінің барлық туған-туысқандары жақсы көретін.
Жұбайы Жүрсінмен өнегелі отбасын құрып, екі қыз, бір ұл тәрбиелеп, ауылдың ардақты да, ұлағатты келіні, білімпаз ұстазы атанды. Табиғатында жаттық жоқ Әзихан өзінің табандылығы, білімділігі, әрі, өз ісіне адалдығы мен көпшілдігінің арқасында облыс көлеміндегі алдыңғы қатарлы ұстаздар қатарына қосылады. Облыс, аудан көлемінде бірнеше рет үздік мұғалім атанып, мадақтауларға ие болды. Өмірден озғаннан кейін «Ғасыр мұғалімі» атағы берілді. Әзихан Серікбайқызы Сыр бойының топырағына тастай батып, судай сіңді. Әзихандай өнегелі ұстаз ананың өмірі ауыл үшін ұмытылмас үлгілі өмір.
Нұртілеу САЛЫҚОВ,
Қармақшы ауданының Құрметті азаматы
20 қаңтар 2020 ж. 424 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031