» » Студенттер жолақысына жеңілдік бола ма?

Студенттер жолақысына жеңілдік бола ма?

    «Студенттер, аптыққан пәк көңілдер,
Өкініштер, шаттықтар, тәтті өмірлер.
Ауылға жиі айтатын сәлемдері:
«Ақша сал», «Жетпей жатыр», «Ап кетіңдер!»
 Бұл ақиық ақын Мұхтар Шахановтың студенттердің өмірін суреттеген өлең жолдарынан үзінді. Әрбір ата-ана баласын білім алсын, маман болып, елге еңбек етсін деп үміт артады. Үлкен қалаға келген соң жатақхана немесе туысының үйінде тұрақтап, енді бірі пәтер жалдап тұрады. Бұл шығынға студенттің жолақысын қосыңыз. Киімі, тамағы, оқу-құралдары тағы бар. Қаржылық жағынан салмақ бірінші кезекте ата-анаға түседі. Бірі баласын үлдемен-бүлдеге орап, жегені алдында, жемегені артында болатындай жағдай жасаса, басым бөлігі ауылдан келген сәлемдемені үнемдеп жұмсап, қанағат етуге шақырады. Себебі жоққа жүйрік жетпейді.
   Қызылорда қаласында студенттер бұған дейін қоғамдық көлікке 45 теңге төлеп, әкімдіктің үлкен қолдауына ие болып келді. Алайда бұл
жеңілдік алынып тасталғалы ата-ананың да қалтасы қағылып, баланың да күйі қашты. 
   Студенттер жолақыны қайта 40 теңге қылуды сұрайды. Ата-аналар да ересектермен бірдей төлейтін жасөспірім ұл-қызына жолақысының өзі жеткізбей жатқанын айтады. Біз редакциямызға түскен өтініштерді тиісті мекеме басшысына жеткізген едік.
Қанат Рахметұлы, «Қызылорда Автобус паркі» серіктестігінің директорының орынбасары:
    – Бізде оқушы және студент деген бір жақты пікір бар. 2013 жылғы Автомобиль көлігі туралы заң бар. Соның 19 бабында 7-15 жас аралығындағы балалар ғана толық билеттің жартысын төлейді деп көрсетілген. Бізде 7-17 жас аралығындағы балаларға 40 теңге төленеді деген әкімнің қаулысы бар. 2017 жылы шыққан.  Алайда әкімнің қаулысы заңнан үлкен емес. Заң мемлекттік деңгейде қабылданған соң, атқарушы органның қаулысы әсер етпейді.
   Алдағы уақытта электронды билет жүйесі енгізілмек. Онда 15 жасқа дейінгі балалар 50 пайыз жеңілдікпен жүреді. Қалғаны толық билеттің құнын төлейді. Бұған байланысты тағы бір жаңалық бар. 1 ақпаннан
бастап автобус паркіне қарасты бір автобусқа валидатор терминалын орналастырып қойдық. Яғни электронды дифтариф енгізіліп жатыр. Бұл дегеніміз қолма-қол ақша төлесеңіз 150 теңге, ал электронды карточкамен төлесеңіз 90 теңге болады. Бұл жүйе ақпан айының аяғына дейін бүкіл маршрутқа енеді.
   Бұл ұсыныстың келісім-шарты қоғамдық кеңестен және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қарауынан өтіп тұр. Алда жергілікті мәслихаттың шешімімен өзгеріс енгізіледі. Мәслихат отырысында осы мәселе қаралады. 1 наурызға дейін күшіне енеді. 15 жасқа дейінгілерге де арнайы карточка жасалады. Олар 40 теңгемен жүре береді. Ал 15 жастан асқан студенттер толық билет төлейді.

   Қалалық мәслихатқа да хабарластық. Наурыз айында шешім қабылданатын жолақы мәселесі төңірегінде ресми пікір білдірмеді. Айтуларынша, мекемеге ешқандай ұсыныс келіп түспеген. Санаулы күненнен соң наурыз айы да келеді. «Қызылорда Астобус паркі де» өз ұсыныстарын жеткізер. Алайда қалалық мәслихат қаншама студенттің жағдайына қатысты мәселеге шынымен бас ауыртпай ма? Халықтың өтінішімен танысып, мәселені зерделеп жүрген бірде-бір депутат көрмедік.
Берікбол Әбдібеков, «Абылай хан» атындағы жоғары колледжі директорының
тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары:
   – Колледже 9 сыныптан кейін келген студенттер қоғамдық көлікке 45 теңге жолақы төлейтін. Бұл жеңілдік алынып тасталған соң ата-аналар тарапынан көп сауалдар мен өтініштер келіп түсті.  Біз барлық өтінішті жинақтап, облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасына «15-16 жастағы студенттерге арнайы куәлік беріліп, қайтадан 45 теңгемен жүрсе деген ұсыныс айттық». Жолақыға жеңілдік қаражатын алу үшін қазір 146 студенттің құжатын дайындап өткіздік.
Гүлзира Уәлиханқызы, М.Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
   – Жолақыға жеңілдік қаражатын алуға түрлі санаттағы 238 бала құжат тапсырды. Оның 220-сының құжаты өтті.
Әйгерім ҚАЛНИЯЗОВА, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ақпараттық-сараптамалық бөлімінің басшысы:  
   −Басқарма тарапынан күндізгі бөлімде оқитын 17 жасқа толмаған және 17 жастан асқан студенттер тізімін бекітіп, қалалық білім бөліміне құжаттарын өткіземіз.Жолақыға қаржы сол мекемеден аударылады. Жылына екі рет 16 жастағы студенттерге 7000 теңге шамасында, ал 16 жастан жоғары студенттерге 17000 теңге төленеді. Жеңілдік алуға өтініш білдіргендердің басым бөлігі осы қаржы көлемі барлық студентке бірдей болса деп өтініш білдіреді. Себебі олар 90 теңге жолақысын төлеп жүр. Студенттер әлеуметтік жағынан қолдау ретінде берілетін бұл жеңілдікке мұқтаж. Құжат тапсырғанша асығады. Сосын қашан ақша түседі деп хабарласады. Қолдау күтеді.

   Қызылорда облысының статистика департаментінің мәліметінше, Қызылорда қаласында  18 колледж бар. Орта арнаулы оқу орындарына
көбіне 9-сыныптан кейін түсетінін ескерсек, білім алушылардың басым бөлігі 15-17 жас аралығында. Студенттердің сабақтан тыс уақытта жұмыс істеуіне мүмкіндігі жоқ. Ақша табам деп жүргенде оқу үлгерімі нашарлап қалады. Әсіресе, жасөспірімнің беймезгіл уақытта жұмыс істеуіне ата-ана да қарсы.
Қаладағы колледждерде  16 720 студент білім алуда. Өткен жылы әлеуметтік жағынан жолақыға жеңілдік қаражатын 3177 cтудент алған. Бұл тауыққа себелеп тары шашқандай ғана.
   Алматыда жол ақысы – 150 теңге, картамен – 80 теңге. Ал студенттер арнайы картамен 40 теңге төлейді. Оларға бөлінетін қаржы көлемі соған тұрарлық, өйткені қала бюджетінен жылына 48 млрд. теңге бөлінеді.
   Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастырып, жастар мен отбасын дамыту саласындағы арнайы Жол картасының дайындалуын бақылауда ұстап отыр. Алайда жергілікті билік жастарды қолдауға қауқарсыздық танытып отырғаны қалай?
Ақтілек БІТІМБАЙ



13 ақпан 2020 ж. 932 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031