Жұмыссыз жүрмін, сайтқа кірдім, одан да шықты жаңғырық...
Елімізде бүгінгі таңда әлеуметтік қорғау жүйесі, оның ішінде кедейшілік пен жұмыссыздықты азайту мәселесі басты проблемалардың бірі. Жұмыссыздық салдарынан қоғамымызда әртүрлі келеңсіз жағдайлар орын алып, экономика үшін үлкен зиянын тигізуде.Кедейшілікті жоюдың бірден-бір көзі – халықты жұмыспен қамту. Экономика тұрақты дамуы үшін жұмыссыздық деңгейі 6%-дан аспауы қажет. Жалпы жұмыссыз деп еңбек биржасына жұмыссыз ретінде тіркелгендерді ғана айтамыз. Тіркелмеген жұмыссыздар тағы бар.

Светлана Кенбай, жұмыс іздеуші:
− Enbek.kz сайтына кіріп мамандығыма сай 2-3 орынға түйіндеме жібердім. Ешқандай жауап болмады. Сайтта көрсетілген телефонға хабарласқанымда, конкурс өтіп, жұмысқа маман алып қойғандарын айтты. Бірақ бос жұмыс орны туралы ақпарат сол күні жарияланған еді. Қалай шұғыл конкурс өткізген. Неге мені конкурсқа шақырмаған деп таңданған күйі қалдым.
Гүлзада Альменаева, қала тұрғыны:
− Бұл өтірік сайттар. Жұмысқа алмайды, өздерінің таныс-тамырын ғана алады. Бос орын туралы бүгін жарияланған ақпаратқа жылдам түйіндеме жіберсең, артынша адам алып қойдық дейді. Босаған жұмыс орны деп «для галочки» жариялайды.
Шаттық Садықова, жұмыссыз:
− Сайттардағы ақпарат сенімсіз. Себебі қалай жылдам адам алып қояды. Өтірік екені көрініп тұр. Біздің Қызылордада жемқорлықсыз жұмысқа тұру мүмкін екеніне сенбеймін.
Сыргүл Молдраймова, қала тұрғыны:
− «Жұмысқа шақырамыз, қойма басшысы, жетекші, жетекшінің көмекшісі керек, айлығы 100 мыңнан жоғары» деген жарнамалар, шақырулар өте көп. Оған жұмыссыз жастарымыз барып тауы шағылып қайтады. Себебі жүйелік бизнестер қаптап кеткен. Жұмысқа алдап шақырып алып, мақсатын жасырын ұстайтын бұл мекемелердың артында қандай құпия бар зерттеп жатқан ешкім жоқ. Тіпті Арал, Қазалыдан осы жарнаманы оқып қалаға келгендерді көрдім. «Зейнеткерлерді жұмысқа шақырамыз» дегенге ауылдан қайынапам да келіпті. Осындай толассыз "жұмысқа шақыруларға" бір тиым болмай ма?
Тұрғындардың пікірі орынды. Себебі жұмыспен қамту орталығында жұмыс іздеуші ретінде тізімде тұрғандар міз бақпай тұра береді. Бұл төңіректе біз қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Ернұр Бихожаевпен сөйлескен едік.
− Халықты жұмыспен қамту туралы заңына сәйкес кез келген жұмыс беруші мекемелер бос жұмыс орындары туралы ақпаратты халықты жұмыспен қамту орталығына ұсынуы керек. Ол заңның біздің аймақта әлі де толық орындалмай отыр. Үнемі бос орындар туралы хабарлайтын мекемелер бар хабарламайтындары да кездеседі. Мекеме жариялаған соң кез келген адам келіп, сол орынға барғысы келетінін айтса, біз жұмыссыз ретінде тіркеп жібереміз. Біздің міндетіміз − жұмыс берушіге жұмыссыздар туралы мәлімет ұсыну. Әрі қарай кімді алады оны жұмыс беруші өзі шешеді − дейді Ернұр Бихожаев.

Аймақ экономикасын дамыту үшін жұмыссыздықты азайту қажет. Дегенмен нақты нәтиже көрінбейді. Себебі еліміз жұмыссызға тұрақты жұмыс ұсынар жүйеден гөрі, кедейлік шегіндегі жәрдемақыны тиімді көретіндер де бар. Бұған халықты алдап, әуре сарсаңға салып отырған мекемелерді қосыңыз. Әлде жұмыс берушінің еркі бар да, жұмыс іздеушінің құқығымен ешкім санаспай ма?
Гүлбану МАҚАЖАН