ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ МЕН ҚЫТАЙ ЕЛІ АРАСЫНДАҒЫ ІСКЕРЛІК ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ АРТАДЫ
Қытайда Қызылорда облысының басшылығы мен іскер тобы жұмыс сапарымен жүр. Олар былтыр жасалған келіссөздердің нәтижесін пысықтап, өңірге тағы бірнеше инвестор тартты. Қазір аймақта 710 миллион АҚШ долларының 4 индустриялдық жобасы іске асырылып жатыр. Екі кәсіпорын биыл алғашқы өнімін шығармақ. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қытайлықтармен тағы қандай жобаларды талқылады? Қызылорда облысы – қытайлық инвесторлармен тығыз жұмыс істеп жатқан өңірлердің бірі. Әкім Қырымбек Көшербаев бастаған делегация Бейжіңде бірқатар маңызды кездесу өткізді. Аяқталуға жақын сүбелі жобаларды пысықтап, оның аясын кеңейтетін жаңа өнім шығару жағын қарыстырды. Мәселен, биыл жазда іске қосылатын шыны зауыты замануаи гаджеттерге арналған өте жұқа әйнектер өндіруі мүмкін. «China Triumph International» компаниясының басшылығымен кездесуде осы мәселені талқыланды. Пэн Шоу, «China Triumph International» компаниясы басқарма төрағасы:
- Қазір біз Қызылорда облысында әлемдегі ең озық үлгідегі әйнек зауытын салып жатырмыз. Кәсіпорынды шілде айында Астана күні қарсаңында іске қосамыз. Бұл Қазақстанды шыны материалымен қамтамасыз ететін маңызды жобалардың бірі. Өнім өзге елдерге де экспортталатын болады.
Маңызды кездесулер барысында осындай 5 жоба төңірегінде келіссөздер жасалды. Олардың қатарында Қызылорда өңірінде цемент өндіру, қызанақ езбесін шығару және Арал қаласында сода өндіретін зауыт құрылысы бар.
Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі:
- «Гежуба групп» цемент зауыты салынып жатыр. Аманшылық болса, жылдың аяғында желтоқсанның аяғында іске қосылады. Томат пастасы зауыты және Арал қаласындағы сода зауытының құрылысына кірісіп жатырмыз. Негізі барлық дайындық мәселелері шешілген.
Бұдан бөлек облыс әкімі инжинирингтік компаниясының өкілдерімен де келіссөз жүргізді. Тараптар қытайлық компанияның өңірде күн және су электр стансаларын, қоқыс өңдейтін зауыт салу мүмкіндігін талқылады. Сыр өңірінде 365 күннің 362-сі шуақты келеді. Сондықтан күн сәулесін пайдалану керек. Тіптен оны Қазақстанның бірыңғай энергия жүйесіне де енгізуге болады. Облыс әкімі инвесторға бұл жобаларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жүйесін ұсынды.
Чжэн Чэнцзюн, CNEEC инжиниринг компаниясының вице-президенті:
- Біздің облыс әкімімен кездесуіміз сәтті өтті. Төрт жобаны талқыладық. Олардың барлығына қызығып отырмыз. Жалпы осы жобаларды толықтай жүзеге асыруға біздің мүмкіндіктеріміз жеткілікті. Қазақстан мен Қытайдың әріптестігіне үлес қосу біз үшін үлкен мәртебе.
Ертең Қызылорда облысының делегациясы Шэньчжэнь қаласына барады. Аймақ өкілдері онда Қызылордада «ақылды қала» жобасын жүзеге асырудың мәселесін талқылайды. Сырдарияның сол жағалауында бой көтеретін жаңа қалашықты салуға Кытай компанияларының тәжірибесін тартуды көздейтін құжаттарға қол қойылады. 24.kz